Basty bet

Ащы тердің өтеуі – тәтті жеңіс

Қандай жаста болсаң да, нендей жағдайда жүрсең де жаңа нәрсені үйрену ешқашан да кеш емес. Ол мейлі білім саласы болсын, өнер және спрот салалары болсын. Тек ниет пен ізденіс болса болғаны. Оған дәлел ауданға белгілі кәсіпкер, сонымен қатар аудан намысын дүбірлі додаларда қорғап жүрген ардагер спортшы – Нұргелді Темірбеков.
Жастайынан саламатты өмір салтын ұстанып, спортты жанына серік еткен азамат қазақша күреспен кәсіби түрде 40 жасынан бастап айналыса бастаған. Ардагаер спортшының айтуынша, жарыс жолын қазақша күрестен төрт жылда бір болатын Спартакиада ойындарынан бастаған. Бүгінде спортты жаны сүйетін азаматтың тыңғылықты дайындығы мен адал еңбегінің арқасында жеткен жетістіктері аз емес. Оның ішінде күрестің самбо және грепплинг түрлерінен де алған марапаттары бар.
Атап айтар болсақ, ол 2017 жылы Грекияның Салоники қаласында өткен самбодан әлем чемпионатында III орынның биігінен көрінген. Қостанай қаласында аталған күрес түрінен ардагер балуандар арасында ұйымдастырылған ел чемпионатының жүлдегері атанған. Одан көп уақыт өтпей-ақ ел ордасы Астана қаласында грэпплинг күресінен әлем чемпионаты өтіп, онда да ардагер балуан төрт белдесу өткізіп, үшінші орынды иеленгенін айтады. Сонымен бірге Талдықорған қаласында қазақ күресінен ардагер спортшылар арасында өткен ел чемпионатында 70 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанған. Астана қаласында өткен грэпплингтен Қазақстан кубогының аясында бақ сынап II орынға қол жеткізген. Балуан биыл да жарыстардан шет қалған жоқ. Ағымдағы жылдың мамыр айында өткен спорттық самбодан ел біріншілігінде 64 келі салмақта өнер көрсетіп, өзінің мықтылығын тағы да дәлелдеп жеңіс тұғырынан көрінген. Балуан ел чемпионы атанған соң ел намысын үлкен додаларда қорғауға мүмкіндік алған. Биыл Астана қаласында өткен Азия чемпионатында жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінсе, Орал қаласында өткен Әлем чемпионатында әлем мықтылары арасында үшінші орынға табан тіреген.
Қазіргі таңда балуан тек белдесіп қана қоймай білек күшін сынаудан да бағын сынап жүргендігін жеткізді. Қолкүрестен 2022 жылы көршілес мемлекет Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен Азия біріншілігінде топ жарса, биыл Алматы қаласында өткен Әлем біріншілігінде бірінші орынды қанжығасына байлаған.
Қазіргі таңда 60-ты алқымдаған ардагер балуан үшін бұл үлкен жетістік екені анық. Балуанның еңбегі бағаланып биыл спорт күні қарсаңында арнайы марапатқа ие болды. Бүгінгі күні өңір спортына үлкен олжа әкеліп, көпке үлгі болып отырған ардагер спортшының жетістігі жастарға өнеге.

Нұрғалым МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close