El іshі

Бірлік пен ынтымақты ту еткен отбасы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз тарихта көпұлтты, көпэтносты болғанымызға ешкімнің жазығы жоқ. Тарих солай, өмір солай болды. Әркімнің өнері, биі, сөзі басқа. Соның барлығын қосқанда қандай керемет болады. Елдің әр қыры, әр сыры жиналғанда керемет емес пе?! Сондықтан біз өзімізді бақытты елміз деп санауымыз керек. Адам басына қонған бақты қонғанда емес, ұшқанда біліп жатады. Оған тарих куә. Мысал іздеп алысқа барудың қажеті жоқ. Қазақстан – бағын бағалап қана қоймай, берекесі қашқан елдердің қайта ел болуына атсалысып жүрген аз мемлекеттің бірі» деген еді.

Ел бірлігін сақтау – бабаларымыздың да, Елбасының да бізге айтқан аманаты. Бұл аманатты санасына тек қазақ емес, қара шаңыраққа жиналған барлық ұлт бір адамдай түсінеді.
130-дан астам ұлт пен ұлысты бір шаңырақтың астына біріктіріп, көп этносты бөлінуге емес, бірігуге ұтымды пайдаланған қазақстандық модельді күллі ел мойындады. Ширек ғасырға жуық нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан Елбасы Н.Назарбаевтың ішкі саясатта ұстанған бағытының дұрыстығын сан мәрте дәлелдеді. Осы орайда біздің бүгінгі әңгімеміз татулығы мен бірлігі жарасқан Шақпақата ауылының тұрғыны, сексеннің сеңгіріне шықса да әлі күнге қазақшалап ән айтатын, қазақ тілін жетік меңгерген, әзірбайжан ұлтының өкілі Жәміл Алекпаров турасында болмақ. Жалпы Шақпақ ауылдық округін бір шаңырақ астында ұйыған өзге ұлт өкілдерінің мекені десек те,артық айтпаған болар едік. Татулығы мен бірлігі жарасқан, тілі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір түрлі ұлттар мекендейтін аймақтардың бірі осы.
Жәміл ата 1936 жылы Әзірбайжан Республикасында дүниеге келген.Социалистік заманда Кеңес Одағын мекендеген халықтардың қай-қайсысы болсын сталиндік зорлық-зомбылықтан, саяси қуғын-сүргіннен аманқалғандары кемде-кем. Кеңес үкіметі жылдарында жекелеген партия, кеңес, комсомол қызметкерлері ғана емес, тұтас бір халықтар сенімсіз де сатқын ұлттар қатарына жатқызылып, тарихи атамекенінен күштеп жер аударылды.Осы кезде Жәміл атамыздың отбасы да қуғынға ұшырап 1938 жылы қаһарлы желтоқсан айында қазақ жеріне, дәлірек айтқанда, Жуалы ауданына қарасты Ынтымақ ауылындағы Ілес есімді қазақтың үйіне келіп тұрақтайды. Ол кезде Жәміл ата небәрі екі жаста болған. Осы ауылдағы қазақ мектебінде жетінші сыныпқа дейін оқып, білім алып, қазақ балаларымен етене араласып қазақи салт-дәстүрді де терең меңгереді. Тіпті, қазақтың ұлттық ойыны көкпар тартуды да жақсы үйренеді.
1942 жылы Жәміл атаның әкесі Жабырайыл ақсақал Башқұртстанға соғысқа аттанады. Сол жылдары алты жастағы Жәміл ағасымен бірге Сағындық дейтін қарияның қозы-лағын бағып отбасын асырап, күн көре бастайды. Ақсақалдың айтуынша, анасы да үй шаруасына епті кісі болған екен. Көп ұзамай әкелерінің соғыс шебінде қайтыс болғаны туралы қаралы хабар келеді. Алайда бұл жалған ақпар болып шығып, араға жыл салып әкелері үйге аман-есен оралады. Әкелерінен мүлде үміт үзген балалар мен олардың анасы өлген адам тіріліп келгендей қуанып, сағынысып қауышады. Жабырайыл ақсақал 117 жасқа қараған шағында дүниеден озған. Өте діндар кісі болған.
1957 жылы бозбала Жәміл Беларус елінде әскери борышынөтеп келгеннен соң 1960 жылы Бурныйда тракторшының оқуын оқып, Кременевский совхозында ұзақ жылдар тракторшы болып жұмыс жасайды. 1961 жылы өмірлік жолдасы Дильшад апамен танысып, шаңырақ көтереді. Дильшад Алекпарова 1939 жылы Көлбастау ауылында туған.
Содан 1965 жылы Шақпақата ауылынан асарлатып үй салып, осында көшіп келеді.
Жәміл атаның ортаншы ұлы Сейфатдин ағаның сөзінше, мұндағы қазақтар оларды «Шегір әзірбайжандар» деп атайтын көрінеді. Бұл да бауырлас ұлттардың арасындағы сыйластықтың бір көрінісі болар, бәлкім.
Қазақ халқының ешқандай қысымшылық көрсетпей, жылы жүзбен қарсы алып, қонақжайлық танытқаны туралы айтқан атамыз көзіне еріксіз жас алды.
-Қазақ жеріне келгенде ешуақытта жоқшылықтың тауқыметін тартқан жоқпыз. Қазақтармен бірге тұрып, нанын бөлісіп жеп, бір атаның балаларындай тату-тәтті ғұмыр кештік. Үкімет бізді өзге ұлттың адамдары деп бөлген жоқ, жақсы қарады. Қазірдің өзінде Ынтымақ ауылының тұрғындары жиындарға, құдайы тамақтарға бізді ұмытпай шақырып тұрады. Балаларыма «Жақсылық істеу қиын да, жамандық істеу оңай» деп әкелік ақылымды ылғи да айтып отырамын. Қазір балаларым үйде мал шаруашылығымен айналысады. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған, бейбіт елде тұрып жатқаныма қуанамын, – дейді ақсақал.
Бүгінде бүтіндей бір әулеттің алтын діңгегіне айналған Жәміл атаның жұбайы Дильшад апамен отандасқандарына биыл 60 жыл толады. Қазіргі таңда ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, кіндіктерінен тараған үш ұл, екі қыздан немере, шөбере сүйіп, талай жылғы еңбегінің зейнетін көріп отырған жайы бар.

Мақпал Саматқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close