El іshі

Алқаптан сәбіз жиналып, сатылымға шығарылуда

 

Соңғы жылдары біздің ауданымызда да жер игеруге ниет білдірген азаматтардың қатары артып отырғанын көріп отырмыз. Аудандағы ақ егіс көлемін айтпағанның өзінде, тиісінше, бау-бақша дақылдарының көлемі де артып келеді. Мысалы, ауданда егілетін бақша дақылдарының елеулі проценті қандас ағайындар көптеп шоғырланған Нұрлыкент ауылдық округіне тиесілі. Биыл нұрлыкенттік диқандар округ аумағына жеті гектарға қырыққабат жеті гектарға сәбіз еккен. Округте бақшалық жерлердің тапшы болуына байланысты бау-бақша егуге ниетті шаруалар көбінесе көршілес ауылдық округтерден жерлерді жалға алып, жұмыс істеуде. 

Жер баптаумен ұзақ жылдан бері айналысып келе жатқан нұрлыкенттік еңбекқор азаматтың бірі – Дүйсеналы Бердияров. Ол Көкбастау ауылдық округінің Көктөбе ауылындағы Аманалы Кәтімханов басшылық ететін «Қанат» шаруа қожалығына біраз жылдан бері мүше болып, өнімді жұмыс жасауда. Дәлірек айтқанда, ол 2000-шы жылдардың басынан бері шаруашылықтың 7-8 гектар жеріне бау-бақша дақылдарын егіп, оны күтіп, баптаумен айналысып келеді. Жердің жағдайын жақсы білетін диқан жігіт биыл да жеті гектар алқапқа көкөніс отырғызған.

Атап айтқанда, шаруашылықтың Б.Момышұлы ауылының маңындағы («Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізінің бойы) егістік алқабының бес гектарына «Ринда», «Бухарест» сұрыпты қырыққабат, сонымен бірге, сәбіз және қызылша егілген. Одан бөлек, екі гектар алқапқа картоптың «Алладин» және «Гала» сұрыптары егілген болатын. Шаруалар жаз бойы алқапқа еккен дақылдарын күтіп, баптап, күзгі жиын-терім кезінде мол өнімге қол жеткізді. Жаздың соңғы айларында қырыққабатты жинап алып, саудаласа, жақында картопты жинап алды. Ендігі кезекте әбден үлкейіп, жетілген сәбізді қазып алуда. Сәбіз алқабының көлемі жарты гектарға жуықтайды. Диқандар одан 10 тоннадан астам өнім жинауды көздеп отыр.

Алқап басында қызу еңбек. Шаруаның басында жүрген «Қанат» шаруа қожалығының мүшелері Дүйсеналы Бердияров пен Серік Нұртаев жұмысшылармен бірге арнайы трактор соқасымен қазылған сәбізді жүк көлігіне тиеу үстінде. Сәбіз алқаптан сабағымен бірге қазылып алынған соң үйге жеткізіледі. Одан соң жұмысшылар оны сабағынан ажыратып, әбден сұрыптағаннан кейін қаптарға өлшеп салады. Содан соң ғана сатылымға шығарылады. Диқандар сәбізді ауданымыздың орталығындағы және облыстың орталығындағы сауда орындарына апарып, саудалайтынын айтады.

-Биыл қуаңшылыққа қарамастан мол өнімге қол жеткіздік. Алқапқа егілген қырыққабат болсын, картоп болсын өнім жаман болған жоқ. Көкөніс бағасы да соған сай болды. Алты ай бойында атқарған еңбегіміз ақталып жатыр. Оған да шүкір дейміз. Сайып келгенде, бәрі еңбектің арқасы. Көкөністі күтіп-баптамасаң, одан ойдағыдай өнім ала алмайтының анық. Ойдағыдай өнім болмаған соң, алты ай бойы атқарған еңбегің де ақталмайды. Сол үшін өнімділікті арттыруға күш салып жатырмыз. Жақында картопты қазып алдық. Ендігі кезекте сәбізді жинап, өткеріп алсақ, биылғы жұмысымыз осымен аяқталады,- дейді шаруашылық мүшесі, тәжірибелі диқан Дүйсеналы Бердияров.

*  *  *

Нұрлыкенттік диқанның бірі Жәнібек Құрышбаев та биыл бір жарым гектар жерге (50 соттықтан бөлінген) қырыққабат, картоп, сәбіз егіп, баптаған екен. Жалға алынған басқа да бақшалық жерлерге қызанақ, қияр, қызылша, асқабақ, жүгері сияқты азықтық дақылдар егіліп, бапталды. Атап айтар болсақ, жердің жайын жақсы білетін азамат қырыққабаттың ерте өнім беретін «Ринда» тұқымын, одан бөлек, жаздың соңғы айында өнім беретін «Бухарест», сонымен қатар, қазан айының басында жиналатын «Ташкарам» сұрыптарын егіп, одан ойдағыдай өнім жинап, оны сауда орындарына өткізген.

-Биыл өз үйімнің іргесіндегі жермен қатар, ауыл маңындағы жалға алынған алқаптарға бақша дақылдарының барлық түрін ектім деуге болады. Күзгі жиын-терім науқанын тиімді пайдаланып, еккен өнімімізді жинап алып жатырмыз. Алдымен қырыққабат пен картоп дақылдарын жинап алдық. Ендігі кезекте күздің қара суығына ұрындырмай, сәбізді қазып алып жатырмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, өнім жаман емес. 50 соттық жерден шамамен 10 тоннадай өнім жиналады. Сабағынан ажыратып, сұрыптап болған соң базарға шығарып сатамыз. Үйден алып кетіп жатқандар да бар. Өнімнің пісіп-жетілуіне күтіммен қатар, ағын судың да әсері мол болып, биыл бақшалық алқаптарға су жақсы келді. Өнімділіктің артуына бұл жағдайдың да оң әсер еткені анық,- дейді диқан Жәнібек Батырәліұлы.

Күз – береке, күз – молшылық айы. Ауданымызда бақша дақылдарынан бөлек, картоп қазу мен алма жинау жұмыстары қатар жүріп жатыр. Жиын-терім жұмыстары толықтай аяқталса, жергілікті жерлерде өсірілген өнімдер өңірлік деңгейдегі азық-түлік жәрмеңкелеріне шығарылып, сатылатын болады. Бұл да қарапайым тұрғындардың азық-түлікке деген қолжетімділігін арттыратыны сөзсіз.

 

Нұржан Манасұлы,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close