El іshі

Табиғат аясындағы «Etno Village» демалыс орталығы

Жаз мезгілі – барша жұртшылықтың асыға күтетін мерейлі маусымы. Әркім демалыс күндерін отбасымен, достарымен, жақындарымен қызықты өткізуге тырысады.

Біздің ауданымызда туризм саласына сұранып-ақ тұрған көрікті жерлері өте көп. Неге десеңіз? Соңғы жылдары жазғы демалыс орталығына айналған Теріс-Ащыбұлақ, Көксай шатқалындағы әсем табиғат аясына демалуға жан-жақтан адамдар көптеп келеді. Әсіресе, жазғы шомылу маусымында жұртшылық демалысқа шығып, сапырылысқан тіршіліктен бір сәт босап, еркін тынығуды қалайды.

Қызыларық ауылдық округіндегі Теріс-Ащыбұлақ ауылының маңында «Etno Village» демалыс орталығын жеке кәсіпкер Манзура Тұрдалиева қайта ашты.

Өз ісін орталықты жалға алып бастаған ол биыл мұнда біршама өзгерістер енгізген. Жалпы Теріс өзенінің бойында орналасқан орталық кімге болса да жақсы көңіл-күй сыйлайды. Айналаның барлығы ағаш қоршаулармен қоршалып, құдды бір ауылдың байырғы мекеніне келгендей күйде боласың. Айнала жайқалған көкжелең шөп пен жасыл желек талдар, гүлдер. Өзен суының сарқырап аққан дауысы. Маңында отырсаң, рухани демаласың. Ал, балалардың тәтті күлкісі бар тіршілікті ұмыттырады. Ашық аспан астындағы әсем әуен де жастардың мұнда көптеп келетінін білдіреді.

Орталықта өзеннің оң жағына қазақтың ұлттық киіз үйлері тігіліп, тапшандар қойылған. Ал, сол жағына орналасқан сұхбатжайлар орталыққа өзіндік көрік беріп тұр. Келушілердің еркін билеуі үшін де би алаңы кеңейтілген. Спорт алаңшасында доп қуалаған жандар жарыса теңбіл доп тебуде. Ал, балалар ойын алаңшасында ата-аналар да перзенттеріне демалыс сыйлауда. Нағыз қызық бассейннің маңында дерсіз. Үлкенді-кішілі жазғы демалыстың көркін келтіріп, у-шу болып жатады.

Осы ретте, аталған орталықтың қазіргі тыныс-тіршілігі жайында жеке кәсіпкер Манзура Панзатқызы былайша әңгімелеп берді:

-Орталықтың жұмысына кіріскеніме бір жарым айдың жүзі болды. Ең біріншіден, мұндағы тазалық жұмыстарын реттеп, тал-дарақ пен гүлдер отырғызылды. Асханаға аспаз алынды. Келушілер, әсіресе әйел азаматтар қазан-ошақтың басында жүрмей, дұрыс демалғысы келсе, ас әзірлеуді біздің аспаздарға сеніп тапсырса болады. Көңілді әуен уақтысымен қойылып, барлығы би алаңында билей алады. Ыдыс-аяқтар, қазақ-ошақтар жалға беріледі. Орталыққа кіру үшін адам басына 1000 теңге, балаларға 8 жасқа дейін 500 теңге төлейді. Бассейн тегін.

Күнделікті жан-жақтан келушілер көп. Кейбірі қонақүйді жалға алып, осында қалады. Өзенде балық аулауға рұқсат етілген орындар бар. Егер де дайын ас алғысы келсе, аспаздарға тапсырыс берсе болады.

Бассейн үнемі тазаланып тұрады. Ол үшін арнайы маман бекітілген. Суын да жиі ауыстырамыз. Біз үшін бірінші кезекте тазалық тұрады. Өйткені, жайлы әрі таза болмаса, мұнда ешкім келмейді деп ойлаймыз. Көбісі осы бассейнге қызығушылық танытады.

Алдын ала келіп, орындарға тапсырыс беруге болады. Сонымен бірге түрлі жиындарға тапсырыс қабылдаймыз. Таңертең сағат 08.00-ден бастап кіре берістен ішке адамдар кіргізіледі. Сол жердің басы-қасында өзім болып, келушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргіземін.

Мұнда 15-20 шақты адам жұмыспен қамтылуда. Жалақылары да уақтылы беріледі. Әрқайсысына міндеттелген өз жұмыстары бар. Ең бастысыжауапкершілік, адамдармен дұрыс сөйлесе алуы қажет.

Су мен өрт тілсіз жау. Сондықтан келушілердің қауіпсіздігі үшін ең бірінші ескертулер жасалады. От тек орындардың орналасуына қарай сол жердегі бір орынға жағылады. Балаларға ие болу, өзен маңына жалғыз жібермеу керектігі және масаң күйде суға түсуге болмайтындығы айтылады. Арнайы медицина маманы жоқ. Бірақ алғашқы көмек көрсету үшін дәрі-дәрмек қобдишасы бар.

Кейде көпбалалы аналарға, жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарт кісілерге жеңілдіктер жасалады. Мүмкіндігінше мұндай жандар үшін кіруді тегін етуге тырысамыз. Барлығы да өзара түсіністік танытып, келісіммен жасалады.

Көп адамдар мұнда өздерін еркін ұстайды. Кейде өздері қосылып ән шырқап, өз көңілдерін өздері көтеріп, жақсы демалады. Ризашылықтарын айтып, жақсы пікірде тарқасады. Ендеше, баршаңызды осындай тамаша табиғат аясында демалуға шақырамыз,- дейді ол.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close