El іshі
Дәрігер үшін науқастың сауыққанын көру үлкен бақыт
“Шипагер, қамқор менің дәрігерім,
Адам үшін аянбай төккен терін.
Құтты болсын мейрамың, асыл жандар,
Еңбегі зор, аяулы батыл жандар!” деп ақындарымыз жырлағандай, дәрігерлердің адам баласының ең қасиетті де құнды асыл қазынасы денсаулығын нығайту жолындағы еңбегі ерен.
Медицинаның қай саласы болса да маңызды. Алайда, бәрінен бұрын балалар дәрігерінің орны барлығынан да ерекше дер едім. Себебі, бауыр еті баласының денсаулығы, өмірі кез келген ата-ана үшін қымбат.
Медицина қызметкерлері күні қарсаңында аудандық аурухананың балалар дәрігері Қалбике Сәрсенова туралы қалам тербеуді жөн санадық. Өйткені бала үшін шыр-пыр болып уақытпен санаспай барын салып жүрген дәрігердің еңбегі қандай құрметке болса да лайық.
Қалбике Әлиқызы Тәттібай Дүйсебайұлы ауылында өмірге келген. Ауылдағы сол кездегі негізгі мектепті бітіріп, Жамбыл қаласындағы медициналық училищеге оқуға түседі. 1982-1986 жылдары училищеде білім алып, қолына дипломын алған соң, екі жыл Ынтымақ ауылында фельдшер болып жұмыс істейді.
1988 жылы Алматы медициналық институтына оқуға түседі. Үшінші курсты тамамдаған студент Қалбике Әлиқызы оқи жүріп, Алматыдағы сол кездегі республикалық онкологиялық орталықтың абдоминалдық хирургия бөлімінде медбике болып еңбек етіп, білімі мен тәжірибесін ұштастыра білді.
Жоғары оқу орнын 1994 жылы бітіреді. Әрі қарай еңбек жолын Алматыдағы 14 емханада бала дәрігері болып бастап, 1996 жылы Жуалы аудандық ауруханасында жалғастырады. Арасында бес жылдай облыстық кеңес беру медицина-диагностикалық орталықта еңбек етті. Қазіргі таңда өзінің негізгі жұмысына қосымша иммунологияны да жүргізуде.
– Анам марқұм менің мұғалім болғанымды қалады. Ал, мен дәрігер болуды армандадым. 8 сыныпты үздік аттестатпен бітірдім.
Дәрігер Қуанышбек деген нағашы ағам бар еді. Оқуға сол кісі ертіп барды. Жамбыл медициналық училищесінің директоры Аида Тыныбекова деген кісі болатын. Біз барған күні үздіктерді іріктеу өткелі жатыр екен. Алла сәтін салып, мен де сол жерден табылдым. Конкурсқа 16 үздік қатысты. Директор барлық ата-аналарға: “Барлықтарыңыз баламыз жақсы оқиды деп отырсыздар ғой. Дұрыс. Біз қазір түлектерге сұрақтар қоямыз. Ең жақсы жауап берген талапкерді оқуға емтихансыз қабылдаймыз. Сіздер куә болыңыздар” деді. Қорытындысында емтихансыз қабылданған екі талапкердің бірі мен болдым. Осылай Алла сәтін салып, оқуға түсіп кеттім. Оқуды бітірген соң Семейдегі жоғары оқу орнына жолдама берді. Алайда, менің анам ол жаққа баруыма қарсы болды. Екі жыл жұмыс істеп, сосын Алматыға оқуға түстім,- дейді Қалбике Әлиқызы.
Әңгіме барысында балалар дәрігері жұмыс барысынан есте қалған сәттерімен де бөлісті.
– Жалпы дәрігерлер жұмыс барысында түрлі қиын жағдайлармен бетпе-бет келеді. Менде де дәл солай. Осы салада жүрген 35 жылда көптеген жағдайларды көзіммен көрдім. Алайда мына бір сәт әлі күнге дейін жадымда сақталып қалыпты.
Аудандық ауруханада алғаш еңбек етіп жүрген кездерім. Кезекті кезекшілікте едім. Он бір айлық сәби жан сақтау бөлімінде жатқанына он күндей уақыт болып қалған. Дәл мен кезекшілікке түскен күні жаңағы бала шетінеді. Осы жағдайды анасына жеткізу мен үшін өте қиын болды. Амал жоқ, жеткіздім. Сол сәттегі анасының жылағаны, қиналғаны менің есімнен кетпейді.
Жалпы дәрігерлерді былайғы жұрт түсіне бермейді ғой. Дәрігерлердің жүрегі тастан жаралғандай, бәріне үйреніп кеткен деп жатады. Шын мәнісінде олай емес.
Әр дәрігердің жұмысының қиындығы бар. Алайда, дүниежүзі мамандарының жүргізген зерттеуі бойынша қатты жүйкеге салмақ түсіретіндер олар – балалар дәрігері екен. Кез келген ата-ана дәрігерге баласын тапсырғанда, жазылып кетеді деп үміт артады. Өкінішке орай, барлық кезде сәтті бола бермейтін де кез болады.
Балаға дәл диагноз қою оңай емес. Үлкен адам қай жерінің ауырғанын айтады. Ал бала айта алмайды. Дәрігер диагнозды оның жылағанына, түріне, көз қарасына қарап, көзбен көріп, құлақпен естіп, анасынан қалай емгенін, жалпы баланың жағдайын сұрау арқылы қояды. Оны кейбір ата-аналар түсінбей ренжіп жатады. Диагноз қойғанда қателеспеу үшін баланың әрбір сәттегі халін сұрау өте маңызды. Кейде ата-ана өзінің немесе баланың әрекеттерін жасыруынан дұрыс диагноз қойылмайды. Оның соңы қалай болатыны айтпаса да түсінікті.
– Көбінде ата-анасының жауапсыздығынан балалар өкінішті, кейде тіпті қайғылы жағдайларға душар болады. Сондықтан, қайда жүрсем де ата-аналарға балаға дұрыс қарауды айтып жүремін.
Мәселен, баланың тамағына қатты мән беру керек. Балаға денсаулығына зиян келтіретін азық-түліктерді біле тұра беретін жастар көп. Бала газдалған сусын, чипси, кириешки секілді заттарды жиі пайдаланса, міндетті түрде асқазаны ауырады. Менің тәжірибемде күнде, күнара кока-кола ішетін алты жасар баланың асқазан жарасы ауруына шалдыққан жағдай бар, – дейді Қалбике Сәрсенова.
Әңгіме соңынан Қалбике Әлиқызынан иммунолог дәрігер ретінде кеңес сұрадық.
– Адам денсаулығының 80 пайызы бірінші өзіне байланысты. Егер адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дұрыс тамақтанып, дұрыс тынығып, саламатты өмір салтын ұстанбаса, оның денсаулығын дәрігер сақтап қала алмайды.
Одан кейінгі мәселе – қазір әсіресе, жас ата-аналардың арасында балаға салынатын екпелерден бас тартатындар көбейді. Бұл екпелер баланы жұқпалы аурулардан сақтайды. Біздің буын осы екпелерді салдырдық. Нәтижесінде арамызда жұқпалы аурулармен ауырғандар сирек. Мені «екпе салдырмайтындар көбейсе, алдағы уақытта түрлі жұқпалы аурулар бас көтермей ме?» деген ой мазалайды. Жұқпалы ауруға шалдыққан адам өзіне ғана емес, қоғамға да зиянын тигізеді. Сондықтан бұл мәселеге терең мән беру керек деп ойлаймын.
Жалпы дәрігерлердің атына жалпылама айтылатын орынсыз сөздерге ренжимін. Халық бір ауыз сөзбен көтеріп, бір ауыз сөзбен түсіріп жатады. Дәрігерлердің еңбегін бағалап ,алғысын білдіріп жататындар да бар.
Бір айта кетерлігі, білікті дәрігердің қойған диагноздары Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы клиникаларда расталып жатады. Оның ішінде ювенильді дерматомиазит, целиакия, ювенильді артрит, жүректің, бауырдың, өт жолдарының туа біткен ақаулары, Бехчет ауруы және өте сирек кездесетін генетикалық ауруларға қойылған диагноздар бар. Дәрігер тек дұрыс қойылған диагноз бен тиісті ем-дом ғана науқастың аяғынан тұрып, сауығып кетуге сеп болатынын жақсы түсінеді. Ол қазіргі жеткен жетістігі өзін оқытқан, дәріс берген ұстаздарының сіңірген еңбегі деп есептейді.
Дәрігер үшін емдеген адамының жазылғаны, оның ауруханадан қуанышпен шыққаны үлкен бақыт. Сондықтан дәрігерлерге білімділік, төзімділік пен шыдамдылық қасиеттері өте қажет. Одан кейінгі маңызды қасиет – мәдениет дер едім,- дейді Қалбике Әлиқызы.
Білімді де білікті, тәжірибелі дәрігер отбасында аяулы жар, асыл ана. Дәрігер өмірлік серігі Абылайхан Сәметұлы екеуі үш ұл тәрбиелеп өсіріп, әзірге отбасын құрған бір ұлы мен келінінен екі немере сүйіп отырған бақытты жанұя.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»