El іshі
Көршіге қарайласу – имандылықтың белгісі
Иә, осы мақсатта Бақалы ауылының тұрғыны Әшім Байғұтовқа ауыл тұрғындары көпшілік болып, қиын-қыстау кезінде көмек көрсетті. Ол жайында аталған ауылдың имамы Бақытжан Лесов былай деп әңгімелеп берді:
-Теріс және Бақалы ауылының тұрғындары мешітке жиналғанда Әшім ағамыздың жағдайын айтып, оған қолдан келгенше көмек көрсету туралы ой тасталды. Өйткені, оның сол кездегі тұрмыс жағдайы мен денсаулығы бізді алаңдатты. Ағамыз бірде мені үйіне шақырып, құран оқып беруімді сұрады. Үйіне барғанымда үйдің іші суық екенін сезіндім. Әрі өзі жалғыз тұрады. Ол кезде наурыз айының суық күндері еді. Әрі десе денсаулығы да жарамай, жұмыссыз қалыпты. Ол негізінен Нұрлыкент ауылындағы «Гамбург» ЖШС-інде жұмыс істейтін. Көз жанарынан айырылған жанға мұндай кезде көмек көрсетпеуіміз біз үшін үлкен сын болар еді.
Әрине, оның өз перзенттері, ағайын-туыстары бар. Дегенмен «Жанындағы көршісі аш бола тұра, өзі тоқ адамды маған иман келтірді деп есептеуге болмайды» деген Пайғамбарымыздан жеткен жақсы сөз бар. Сондықтан қиыншылық, жоқшылық уақыттарда көршіге қарайласу имандылықтың белгісі. Міне, ауылдағы ағайын ауызбіршілік танытып, қиын кезде қалған көршілерін жалғыз қалдырмай, демеу бола білді. Екі ауылдың тұрғындары екі жақтап көмек қолын созып, қайырымдылық жасауға атсалысты. Тұрғындардан қаржы жиналып, ағамыздың табиғи газды тұтынғаны үшін төлемақысын және дүкендегі жиналған қарызын төлеп бердік. Ауруханаға мүмкіндігі шектеулі жан екендігін таныту үшін тексерістен өтуге бірнеше рет алып бардық. Бұл жақсылық істің басы-қасында Өмірхан, Рашид, Еркінбек және Серғали ағаларымыз жүрді.
Шүкір, қиын жағдайға тап болған ағамыз толық тексерістен өтіп, денсаулығы бойынша зейнетке шықты. Қазіргі таңда ол барша ауыл тұрғындарына алғысын білдіріп отыр. Жалпы мұсылман қауымы қай кезде болсын бір-бірін қиын кезеңде жалғыз қалдырмаған. Ауыл тұрғындарының да ауызбіршілігі мен ынтымағын көрсетіп, жанашырлығын танытып, осындай сауапты іске бей-жай қарамағанына ризамыз. Бұл уақытқа дейін көпшілік мұндай қайырымдылық жасаудан еш қалыс қалған емес. Әсіресе, қасиетті Рамазан айында мұсылман қауымы сауапты іс жасауды жөн санайды, -ы дейді ол.
Ауыл имамымен тілдескен соң, Әшім Байғұтовқа ағамызға да хабарласып, оның да ойын, тілегін білген едік. Ол барша ауыл тұрғындарына, перзенттеріне, ағайын-туыстарына, дос-жараңдарына көмек қолын созғандары үшін алғысын білдірді.
Қайырымдылық – адамгершіліктің асыл белгісі. «Жанашырлыққа – жан риза» демекші, көмекке мұқтаж жандарға жанашыр, қамқоршысы болып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу – әрбір адамның азаматтық парызы. Адам өміріндегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»