El іshі

«World Fighters Arlan» клубы – қолдаушыларын марапаттады

Жуырда «World Fighters Arlan» спортшылар клубының ұйымдастыруымен джиу-джитсудан әлем чемпионы Дамир Садыровпен кездесу өтті. Кездесуге Тараз қаласындағы «Жекпе-жек клубының» спортшылары және жуалылық аралас жекпе-жектің спортшылары қатысты.
Жиынды Жамбыл облысы бойынша грэпплинг спорт федерациясының директоры Анжела Исмаилова жүргізіп, алғашқы сөз кезегін Б.Момышұлы ауылындағы №12 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Данияр Әбіловке берді. Данияр Тұрсынбекұлы өз сөзінде спортшылар арасында бір апталық оқыту-жаттығу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтып, спортшыларға алдағы уақытта өтетін додаларда сәттілік тіледі. Одан бөлек, «World Fighters Arlan» клубының президенті Азат Шыңғазыға, спортшыларды шыңдап жатқан, Дамир Садыровқа жылы лебізін жеткізді.
Одан әрі марапатқа кезек беріліп, №12 БЖСМ директоры Данияр Тұрсынбекұлы, джиу-джитсудан әлем чемпионы Дамир Садыров, аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Күлбақыт Айтқұлова, аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы Перизат Нүрпейісова, «Әсемова» жеке кәсіпкерлігінің иесі Гүлмира Әсемоваға клуб атынан Алғысхаттар және сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ, клубқа әрдайым материалдық тұрғыда көмектесетін Үлеков Ғани Шыңғазыұлына ерекше алғыс білдірді.
Жиын соңында Анжела Исмаилова грэпплинг спорты және бүгінгі клубтың ахуалы туралы әңгімелеп берді.
-Грэпплингті әртүрлі жағдайларда өзін-өзі қорғаудың тамаша тәсілі деуге болады. Грэпплинг ережелері дұшпандарға тек жерде ғана емес, сонымен қатар, тұрған күйінде де қарсы тұруға үйретеді. Сіз қарсыласыңызды басқаруды, оған үстемдік құруды және шайқаста тек қолдарыңыз бен аяқтарыңызды ғана емес, бүкіл денеңізді пайдалануды үйренесіз. Сіздің концентрацияңыз, күшіңіз бен төзімділігіңіз әр сессия сайын өсе түседі.
«World Fighters Arlan» спортшылар клубы жеке кәсіпкерлік болғандықтан жасөспірімдерді ақылы түрде қабылдайды, алайда көпбалалы және күнкөріс жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар тегін қатысатынын айта кету керек. Алдағы уақытта спорт залға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар. Осы орайда бүгінде клубтың демеушілерге зәру екені де жасырын емес. Сондықтан да көмек қолын созамын деген қайырымды жандарға әрдайым есігіміз ашық, – дейді Анжела Владиславқызы.

Мақпал Саматқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close