El іshі
Әскери борышты өтеу – әр азаматтың міндеті
Отан қорғаушы! Қандай қасиетті де құдіретті сөз. Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы.
Бүгін біз өз жұмысының білгірі, ауданның патриот азаматы Есенғали Маналиев туралы әңгімелейтін боламыз.
Есенғали Маналиев 1988 жылы Шақпақ ауылдық округіне қарасты Т.Дүйсебайұлы ауылында дүниеге келген. Кейіннен ата-анасы Б.Момышұлы ауылына қоныс аударады. Осылайша Есенғали аудандағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда оқып білім алады. Мектепті аяқтағаннан соң Шымкент қаласындағы Халықаралық гумманитарлық-техникалық университетіне құқық және тарих мамандығы бойынша оқуға түседі.
Жоғарғы оқу орнын тамамдаған Есенғали Алматы қаласындағы 63988 әскери бөлімшесінде әсери борышын өтейді.
2012 жылы Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде әскерге шақыру жөніндегі инспектор болып жұмысқа орналасады.
Есенғали 2013 жылы түктібайлық Ұлжан Мамыр есімді арумен танысып, шаңырақ көтереді. Қазіргі таңда екеуінің Ақберен, Ақсезім есімді ұл-қызы бар. Ал, келіншегі Ұлжан аудандық орталық аурухананың кадр бөлімінің маманы болып жұмыс істейді.
Есенғали Маналиевтің сөзінше, бірінші қыркүйектен бастап әскерге шақыру науқаны басталды. Ол осы жылдың соңына дейін жалғасады. Жергілікті атқарушы органдар «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастырып, қамтамасыз етеді. Әскерге шақырылушыларды зерделеу сауалнама деректерін нақтылаудан басталады. Одан кейін әрбір әскерге шақырылушымен және оның ата-анасымен әңгімелесу парағы толтырылады. Отан қорғаушылардың әскердің қандай түрінде қызмет өткеруге дайын екенін алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Мұнда жастардың әскерге шақырылғанға дейін алған мамандықтары міндетті түрде ескеріледі. Сондай-ақ, олардың моральдық және іскерлік қасиеті, денсаулық жағдайы, дене дамуы, жалпы білімі мен арнайы дайындығы, отбасылық жағдайылы тура ақпарат нақтыланады.
Әскерге шақырылушыларды зерделеу барысында әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар, тергеуде жүргендер, заңсыз қоғамдық бірлестіктердің және дәстүрлі емес діни ағым мүшелері ретінде арнайы есепте тұрғандарға да көңіл бөлінеді.
Бұл шараға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер мен денсаулық сақтау органдарының өкілдері және жергілікті басқару органдарымен бірлесе жұмыс жүргізіледі.
-Кейде әскер қатарына шақырылатындар шақыру пункттеріне дер кезінде келмейді, мұндай жағдайда іске учаскелік инспекторлар араласады. Бізде әдейі бас тартатындар жоқ. Қазір жігіттердің барлығы интеллектуалды, әскерге шақырылушылардың орташа жасы 18-23 жас, олар өз міндеттерін орындап, қызмет ету керек екенін түсінеді. Жастар арасында әскерге барудан үрейленетіндер де кездеседі, психологтар олармен сөйлеседі. Әскерден жалтарған жағдайда 3 миллион теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Бұрындары әскери борышын өтеу әр азаматтың міндеті, бір борышы болып саналған. Ал, қазіргі таңда өкінішке орай әскерден қашатын жастардың барлығы ақиқатқа айналып барады. Әр қазақтың баласы қару ұстауды білуі керек. Сондықтан да балаларды ерте жастан, отансүйгіштікке, патриот болуға мектепте Алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері үйретуі қажет. Одан бөлек, ата-ана тарапынан да балаға қолдау білдіріп, әскери борышын өтеу бір міндеті екенін үнемі айтып отырғаны жөн, – дейді Есенғали Жарылқасынұлы.
Иә, үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандықтың иесі Есенғали жұмыстан бос уақтысында аң аулайды. Сонымен қатар даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлының ерлік, батырлық туралы қанатты сөздерін өмірлік ұстанымы ретінде қарайды. Қолы қалт етсе болды батырдың нақылдарын бір шолып өтуді әдетке айналдырғаны тағы бар.
Батыр Б.Момышұлының «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» демекші, бүгінгі кейіпкеріміздің бойынан жұмысына деген адалдық, өз елін, жерін қадірлеп, қастерлей білетін азамат екені айдан анық көрініп тұрды. Ендеше осындай азаматтардың қатары көбейе берсін дегім келеді.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»