El іshі

Бірлікті ту еткен берекелі отбасы

Ел бірлігі – біздің басты құндылығымыздың бірі. Өйткені, сонау қиын-қыстау заманнан бері бір шаңырақтың астында татулықты ту етіп, бірліктің үлгісін көрсетіп келе жатқан ұлттар достығы Тәуелсіз еліміздің қарыштап дамуына да өзіндік үлесін қосты. Бұл жөнінде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің ортақ Отанымыз – Қазақстанның қазіргідей қарыштап дамып отырғаны – елімізді мекендеуші барлық этностардың ынтымағы мен бірлігінің арқасы. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге шығаратын да біздің осы татулығымыз. «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» деген даналықтың шындығына бүгінде бәріміздің көзіміз жетіп отыр» деп айтқандай, бүгінгі күні мемлекетімізде ұлттар достығы берік сақталып отыр.

Байтақ елде жалпақ жұрттың бірлігі бұзылмай, татулығы тарқамай өмір сүріп жатқандығы үлкен мақтаныш. Халықтардың өзара түсіністік танытуы мен берекесін тапқан бірлігінің арқасында да татулық діңгегі ажыраған емес. Міне, мұндай ынтымақ пен бірлік біздің ауданымыздың тұрғындарының арасында да бар. Мәселен, Шақпақ ауылдық округіндегі ұлттар татулығы мен достығы баршамызға үлгі-өнеге.
Бұл елді мекенде жергілікті қазақ халқымен бірге 359 әзірбайжан және 101 орыс, 14 өзге де ұлттың өкілдері тұрады. Ауылдық округтің орталығы Шақпақата ауылында көбінесе әзірбайжан ұлтының өкілдері өмір сүруде. Саядовтар жанұясы да осы ауылда тіршілігін жасап, өсіп-өніп отырған отбасылардың бірі. Мінезі жайдарлы Саядовтардың отанасы Нубар Жамилқызы тәуелсіз, бейбіт елде өмір сүріп жатқандарына дән риза.
Нубар Жамилқызы 1966 жылы Шақпақата ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы қазіргі Қ.Сағындықов атындағы орта мектепті бітірген. Әкесі Жамил ата әлі де тың. Ол саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнап, тракторшы-механизатор болып еңбек еткен. Анасы үйдегі ата-енесінің қамын жасап, балаларының тәрбиесімен айналысқан.
-Саяси қуғын-сүргін жылдары, яғни 1938 жылы ата-бабамыз репрессияға ұшырап, Әзірбайжан елінің Нахчиван қаласынан Жуалы ауданына жер аударылған екен. Алғашқыда олар Ынтымақ ауылына қоныстанады. Ол кезде әкем небәрі бес жаста болған. Туған отандарын тастап, жат жерге келгенде, біздің ұлтқа қазақ елі жанашырлық танытып, үйлерінің төрінен орын берген. Бір үзім нанды бірге бөлісіп жеп, бірге еңбек еткен екен. Бұл жайында әкем үнемі айтып отырады. Өйткені, ұрпағы қазақ жұртының жақсылығы мен қонақжайлығын, бауырмалшылдығын ұмытпағанын қалайды. Әкеміз ешқашан жұмыстан қашқан емес. Өмір бойы тракторды тізгіндеп, отбасы үшін таңның атысы күннің батысы жұмыс істейтін. Осы еңбегі ескерусіз қалмай “Еңбек ардагері” атанды. Қазірде үйде де бос қарап отырмайды.
Мен бес ағайындымын. Ағаларым осы ауылда бір көшеде тұрады. Жолдасым Айдын да шақпақаталық азамат. Отағасы ауылда малшы болып жұмыс істеген. Қазіргі таңда үйде, иелігіміздегі төрт түліктің күтімін жасап, соның тіршілігімен жүреді. Ол екі ағайынды.
Біз отбасы құрған сәттен бастап енемізбен бірге өмір сүрдік. Екеуміз өмірге бір ұл, екі қыз әкеліп, олар бүгінгі күні өмірден өз орындарын тапты. Ұлым Орыч жүк көлігін айдап, алыс сапарға шығып, көршілес мемлекеттер арасында жүк тасымалдаумен шұғылданады. Ұлымыз отбасын құрып, келінім екеуі төрт перзент сүйіп отыр. Немерелердің алды мектепке барады. Ал, қыздарымыз Равика және Урфия тұрмыста. Бірі Көлбастау ауылында тұрса, бірі осы Шақпақата ауылында. Шүкір, ұрпағымыз өсіп-өніп, ұл-қызымыздан 12 немереміз бар.
Ынтымақ бар жерде береке де бар. Біз Шақпақата ауылында достығымыз бен татулығымыз жарасып, берекемізді келтіріп, бір-бірімізбен жақсы қарым-қатынаста өмір сүрудеміз. Көрген жерде бір-бірімізден сәлемімізді үзбей, қуанышымызды бірге бөлісеміз. Көршілеріммен татумыз. «Алыстағы ағайыннан, жақындағы көршің артық» дейді ғой. Ауылдастарым қай кезде де көмектерін аямайды, әрдайым керек кезде қолғабыс етеді. Бір-бірімізбен шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құрамыз. Ұлттық мерекелерде ақ дастарқан басында бас қосып, бір-бірімізге игі тілектерімізді арнаймыз. Әз-Наурызды бірге тойлап, құдайы тамақ болсын, өзге де жақсылық болсын шақырған жерге бірге барамыз. Әрине, қуаныш пен қайғы да бірге жүретіні белгілі. Ондай сәттерде де көршілер бір-бірінің жанынан табылады, – дейді Нубар Жамилқызы ағынан жарылып.
Әзірбайжан ұлтының өкілі қазақ тілінде еркін сөйлейді. Ол «қазақ тілінде сөйлеу, мемлекеттік тілді білу – еліме деген құрметім» дейді. Түрі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір Нубар Жамилқызының да тілеуі – еліміздің амандығы мен тыныштығы, ұлттардың татулығы мен бірлігінің мәңгілік жасауы.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close