El іshі
Мұқағали – мәңгілік ғұмыр
№15 мектеп-лицейде ақпан айында «Рухани жаңғыру – өскелең ұрпақтың дара жолы» атты тәрбие айлығы өтуде. Мақсаты – оқушылардың бойында ұлттық сананы ояту, туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ұялату, ұлттық рухты сіңіру. Сонымен қатар, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеуге, имандылық пен адамгершілікке ұлттық педагогика негізінде тәрбиелеу.
Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай, №15 мектеп-лицейдің 2 сынып оқушылары арасында «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты шығармашылық кеш өтті. Кешті Әсем Мақтабаева, Зәмира Тілеуқұлова, Жанна Байділдаева бірлесіп ұйымдастырды.
Кеште ақынның өмір жолын Албина Кеңесбек баяндап өтсе, ақынның «Әке», «Май махаббат», «Қайырлы күн!», «Қарасаз», «Отан», «Үш бақытым», «Поэзия» атты өлеңдерін оқушылар мәнерлеп нақышына келтіре оқыды. Сондай-ақ, оқушылар «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан көрініс көрсетті. Шара барысында Бексұлтан Бақытжанұлы мен Ерлан Аманжол «Есіңе мені алғайсың» әнін, Жансая Сәрсенбек «Сағыныш» әнін орындады.
Әдеби кеште сөз кезегі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мақпал Қосароваға берілді. Ол: «Бүгінгі кеште белсенділік танытып, атсалысып жатқан балаларға көп рақмет! Ақындық жолға басқан қадамдарың құтты болсын, талаптарыңа нұр жаусын. Болашақта сендердің де іштеріңнен арқалы ақындар шығады деген сенім білдіремін»,- деп жылы лебізін білдірді.
«Айтылмаған Мұқаңда арман бар ма?
Әрбір әні толы ғой армандарға.
Шерте білген мұңдарын жас қайынға,
Дәл Мұқаңдай қазақта ақын бар ма?»,- деп бүкіл саналы өмірінде елінің болашағын жырлап өткен, халқына деген махаббатын поэзияда ғана емес өмірде де, күресте де, үлкен азаматтықпен қорғай білген М.Мақатаев мұралары ешқашан өлмек емеc. Жылдар өткен сайын Мұқағали ақынның бейнесі тұлғалана, биіктей түседі.
Әсем Әбілқасымқызы,
№15 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі