El іshі
Шақпақаталық шаруаның ілкімді істері
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болмақ» – деген болатын.
Жалпы халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында экономика мен шағын және орта бизнестің дамуына, кәсіппен айналысамын деген азаматтардың аз уақытта іс бастауына айрықша әсер етіп отырған мемлекеттік қолдау тетіктері елімізде баршылық. Соның бірі – Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы. Баянды бағдарлама жұрттың кәсіпкерлікке бет бұруына өз септігін тигізіп қана қоймай, халықтың жұмыспен қамтылуына да оң әсер етуде. Бағдарлама шарапатын сезініп, бизнеске бет бұрған халық саны Жуалы ауданында да жыл санап артып келеді. Аталған тұрғындар арасында Шақпақ ауылдық округінің орталығы Шақпақата ауылының тұрғыны Ерсін Оразбаев та бар.
Ерсін Жаханұлы 1972 жылы аталған ауылда туған. Сол ауылдағы орта мектепті бітіріп, әрі қарай техникалық колледжде оқып, диплом алып шығады.
-Өзім мал шаруашылығымен бұрыннан айналысамын. Ұсақ малдарды алып, оларды бордақылап аудандағы мал базарға, Тараздағы ет комбинатына өткіземін. Ауылдық жерде тұрған соң мал ұстамасаң тағы болмайды. Мен 2019 жылы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына құжаттарымды өткізіп, бір ай оқып сертификат алдым. Арада бір жыл өткен соң өткен жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына сертификатымды өткізіп, конкурсқа қатысып, қой бордақылау негізінде 555 мың 600 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты ұтып алдым. Алған қаражатыма 10 бас қой алып, бағып, бордақылап сатып, олардың орнына тағы да бордақылайтын қойлар алып тауға жібердім.
Інім екеуміз «Бестерек» шаруа қожалығын құрдық. Қожалық інімнің атында. Шаруа қожалығымызға тиеселі жеріміз, техникамыз бар. Сол жерді ерте көктемде жыртып, оған егін егіп, күзге қарай жиын-терімде малдың шөбін дайындаймыз. Ал малдарға жемді сатып алып отырмын.
Мынадай қымбатшылық заманда мал баққан оңай шаруа емес. Олардың жем-шөбінің өзі қыруар ақша. Өзіңнің жерің болмаса, төрт-түлікті қарағаннан пайда жоқ. Қойдан басқа үйде жылқы, сиыр, сауынды бие ұстаймыз.
Бие сауып, қымыз дайындаумен бұрыннан айналысамыз. Үйде екі сауынды биеміз бар. Үйде болғанда келіншегім өзі сауады. Ол жоқта өзім сауамын. Ауыл ішінде өзіміздің тұрақты алушыларымыз да бар. Болмаса жинап аудан орталығына өткізіп келемін. Қымыз, саумал – адамның денсаулығына пайдасы мол сусын. Оның құрамында көптеген дәрумендер бар. Өткен жылы пандемия кезінде, қымызға, саумалға сұраныс қатты артты. Өзіміз отбасымызбен саумал, қымыз ішіп денсаулығымызды қалыпты жағдайда ұстадық,- дейді кәсіпкер.
Ерсін Оразбаевтың өмірлік жары Т.Дүйсебайұлы ауылының тумасы Күлзинат Оразбаева ауылдағы «Шақпақата» бөбекжай-балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істейді. Екеуі бес перзент тәрбиелеп отыр. Үлкен екі қызы Нұр-Сұлтан және Тараз қалаларындағы жоғарғы оқу орындарында білім алуда. Қалғандары мектеп жасындағы балалар.
Кәсіпкер бізбен өзінің алға қойған жоспарларымен де бөлісе кетті. Ол алдағы уақытта тағы да құжаттарын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасына өткізіп, төмен пайызбен несие алып, мал басын, оның ішінде бордақылайтын, сауынды бие басын көбейтсем дейді.
Мемлекет еңбек етемін деген адамға бар мүмкіндікті жасап отыр. Әсіресе, ниет білдіруші жандарға қолынан іс келетін жандарға қолдау көп-ақ. Кәсіпкерлік тәуекелді талап ететін тірлік болса да, бел шеше кіріскен адам ғана нәсібін көретіні анық.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»