El іshі

Ауылдан жеткен ақпарат

Боралдай
Ауылдық округ әкімі аппаратының ұйымдастыруымен және жергілікті қоғамдастық төрағасы Уәлихан Жаманқұловтың атсалысуымен Көлтоған, Ертай ауылының тұрғындары бетперделер тігуде.
Оған қажетті материалдары округтегі шаруа қожалық жетекшілерінің демеушілігімен алынды. Мұндай қоғамдық жұмыстарға «Алтынай», «Ынтымақ-1», «Қайырбек», «Әшірбай» сынды шаруа қожалықтың жетекшілері Е.Рүстембеков, Н.Мырзалиев, С.Қайырбеков, Е.Жарымбетова атсалысуда. Алдағы уақытта бетперделер көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлерге беріледі.

Шақпақ
Ауылдық округке қарасты Шақпақата ауылында бірнеше көше жарықтандырылды. Ауылдағы орталық Д.Пахомов, Жібек жолы, С.Есімұлы көшелеріне түнгі жарықтандыру жүйелері орнатылып, пайдалануға берілді.
***
Аудан әкімдігінің қолдауымен және «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жанынан құрылған «Қамқор» қайырымдылық-волонтерлық клубының бастамасымен тұрғындарға қажетті тегін таратылатын қорғаныш маскаларын ауылдық округте де тігу басталды. Аталған жұмыстарды «Шақпақата» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Рабиға Арқабайқызы және қызметкерлері, еріктілер жұмыс жасауда. Тігілген бетперделер ерікті жастардың қатысуымен бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты қарттарға үлестіріледі.

Күреңбел
Әлемде қазіргі таңда қалыптасып отырған жағдайға байланысты, яғни СОVID -19 індетінің кең таралып жатқаны бәрімізді алаңдатып отыр. Дерттің елімізде таралмауының алдын алу үшін көптеген шаралар қолға алынуда. Ел ішінде қоғамға пайдасын тигізіп, аз қамтылған, асыраушысынан айырылған, көпбалалы отбасыларға қолынан келгенше көмек қолын созып жатқан белсенді азаматтар жетерлік. Ондай азаматтардың қатарынан күреңбелдік Әлия Айдынбаева да табылуда. Ол өткен жылы «Атамекен» Ұлтық кәсіпкерлер палатасынан 505,0 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алған болатын. Грант қаражатына тігін машинасын алып, қазіргі уақытта қорғаныш бетперделерін тігіп, аз қамтылған, тұрмыс жағдайы төмен, асыраушысынан айырылған, көпбалалы отбасыларға тегін тарату үстінде.

Көкбастау
Ауылдық округте жалпы 1672 гектарға арпа, 500 гектарға бидай егу және 240 гектарға жоңышқа себу жоспарланды. Қазіргі таңда оның ішінде 1180 гектарға арпа, 233 гектарға бидай егілсе, 172 гектарға жоңышқа себілді. Егін алқаптарында «Ержан», «Тәліп», «Аңсар» және «Ақ шағала» тағы да басқа шаруа қожалықтары егін егіп, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуде.

Қошқарата
Ауылдық округте көктемгі дала жұмыстары басталып, диқандар жер жыртып, егін егуде. Округте жалпы 105 шаруа қожалықтың иелігінде 22 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Бекітілген жоспардағы 1526 гектарға арпа егілсе, 54 гектарға жоңышқа себілді. Округтегі көктемгі дала жұмыстарының орындалу барысы 61 пайызды құрап отыр. Шаруа қожалықтарының егін алқаптарындағы жұмыстары алдағы уақытта жалғасын табады.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close