El іshі
Екі қолға бір күрек табылады
Қоғам қайраткері, ақын Ахмет Байтұрсынұлы кезекті бір даналық сөзінде «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деген екен. Дәл тауып айтылған нақыл емес пе?!
Бүгінде өзінің жеке кәсібін ашып, оны кеңейтіп, кәсібін нәсібіне айналдырып отырған жастардың қатары көбейген. Бұл көңіл қуантарлық жайттардың бірі десек артық айтқандық емес. Мұның өзі еңбекқор, белсенді жастардың көптігінің айқын көрінісі деуге де болады.
Міне, сондай белсенді жастың бірі Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Қуат Пернебек. Ол 28 жаста.
Жас кәсіпкердің сөзіне сүйенсек, кәсіпті 2018 жылы аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының филиалында кәсіпкерлік негіздерін оқып, «Jas project» жобасы аясында қайтарымсыз 1 миллион теңге қаржысын ұтып алғаннан кейін жеке шаштараз ашудан бастайды. Бұл қаржыға ерлер шаштаразына қажетті жабдықтарын сатып алады. Қазіргі уақытта шаштараз ісі де едәуір алға жылжыған. Келушілердің де қатары көбейген.
2019 жылы аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің тарапынан берілетін инновациялық мемлекеттік қайтарымсыз грантқа зайыбы Айсұлу Зият екеуі қатысады. Мұнда Қуат вакумдық қаптамада ысталған қазы өндіріс орталығын ашу үшін бизнес жоспар өткізсе, жары Айсұлу тұшпара жасайтын цех ашу бойынша мемлкеттік грантқа қатысады. Нәтижесінде, жас жұбайларға 3 миллион теңге көлемін қайтарымсыз грант беріліп, жас кәсіпкерлер лезде керекті аппараттарды Қытай елінен алдырады. Алайда дәл осы кезде елдегі пандемиялық жағдайға байланысты карантин режімі күшейгендіктен бұл жұмысты тоқтатуға тура келеді. Бірақ, Қуат Медеубекұлы індеттің беті қайтқан кезде бұл кәсіпті де өрге домалатуды көздеп отырғанын айтады.
«Жас келсе, іске!» демекші, қазіргі таңда жеке кәсіпкер шаштараз ісінен бөлек екі қабатты ғимартты жалға алып, өз қаражатына шағын асхана және «Play Station» ойын орталығын ашып, ісін жандандырып отыр. Нақтырақ айтқанда, ғимараттың бірінші қабатында тез дайындалатын тағамдардан асхана, ал үстіңгі қабатында «Самурай» аталатын «Play Station», үстел теннисі ойындарынан ойын орталығын ашқан. Сонымен қатар, астыңғы қабатында «Play Station» ойынының аппараттары жеке үш бөлмеге қойылған. Жұмыс істеу уақыты таңғы сағат 10:00-ден түнгі 3:00-ге дейін. Сондай-ақ, мұнда төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың дені – жастар.
Асхана мен ойын орталығы заманауи үлгіде сәнделіп, безендірілген. Жеке кәсіпкер Қуаттың сөзінше, бұл ғимаратты жөндеу жұмыстарына да едәуір қаржы жұмсаған.
– Қазақта «Екі қолға бір күрек табылады» деген нақыл сөз бар. Сондықтан, бос жүргеннен гөрі ерінбей, жалқаулықтан арылып, жаман істерге бой алдырмай еңбектене беру керек. Сонда ғана жемісті де жеңісті де күндерге жетесің. Қазіргі уақытта, Аллаға шүкір, кәсібім алға жылжып, өз жемісін жақсы беруде. Қазақтың ақыны Сабыр Мүсілімұлының «Әр қазақтың жігіті қолынан келгенше өзінің туған ауылына қызмет етсе, қазақтың елі де, жері де көркейе береді» деген екен. Сол секілді бойында намысы бар жігіт жан-жақты ізденімпаз, жігерлі, кез келген істе шеберлік танытуы тиіс деп ойлаймын. Ал, жұмыссыз жастарға айтарым, адамның істегенін, адам істейді. Қорықпай алға жылжу керек, – дейді Қуат.
Кейіпкеріміз алдағы уақытта басқа да кәсіпкерлік түрлерін ашып, кәсіп саласын одан әрі жандандыруды, кәсібін кеңейтуді жоспарлауда. Бүгінде жары Айсұлу екеуінің Дінмұхамед және Әлия есімді ұл-қызы бар.
Ендеше, жас кәсіпкерге алға қойған жоспарларына жетіп, еңбегі елене берсін деген тілек білдіреміз!
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»