El іshі

Түлектер туған ауылында бас қосты

Халқымызда «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деген қанатты сөз бар. Туған жерге туын тігіп, осынау қасиетті жердің даңқын асырып, түлетуге атсалысып жүрген азаматтар біздің елде де баршылық. Әсіресе, бұл үрдіс кейінгі жылдары мектеп түлектері арасында кең қанат жайып келеді. Алдымен Алланың ризалығы үшін, содан соң ежелден келе жатқан әруақты құрметтеуді мақсат тұтқан түлектерге және ауылдың жанашыр азаматтарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Биыл да бұл дәстүр өз жалғасын тауып, түлектер ауылдың ризашылығына бөленуде.

Бұдан аттай жарты ғасыр бұрын Жуалының түкпіріндегі Көлтоған ауылындағы орта мектептің қабырғасынан қанаттары қатайған 20 ұл-қыз (түлектер) қанат қағып ұшып шыққан еді. «Елу жылда – ел жаңа» деген сөз бар. Ал елу дегенің – жарты ғасырға тең уақыт. Көлтоғандағы М.Лермонтов атындағы орта мектептің жүз жылдық тарихында сонау 1970 жылы аталған білім ошағын бітірген түлектердің ең үлгілі болғанын ауыл тұрғындары да жақсы білсе керек.
Жақында Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында осындағы М.Лермонтов атындағы орта мектептен, (қазіргі Сүгірбай Бәйтіков атындағы орта мектеп) 1970 жылы қанат қаққан түлектер бас қосып, игі істердің ұйытқысы болды.
1970 жылы Көлтоған ауылындағы Лермонтов атындағы орта мектепті бітірген бір топ түлектер туған ауылдарына арнайы барып, мектеп бітіргендеріне 50 жыл толғанын атап өтті.
Жиынға түлектер тыңғылықты дайындалып, Көлтоған ауылындағы жаңадан ашылып жатқан «Жастар саябағына» 20 түп жасыл шырша, 30 түп аққайың ағаштарының жас көшеттерін отырғызып, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген өсиетті кеңінен насихаттап, ауыл тұрғындарына сыйға тартты.
Саябаққа түлектердің еккен аллеясының салтанатты ашылуына ауыл тұрғындары мен жастар жиылды. Жиынды Боралдай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ғали Ауғанбаев ашып, сөз кезегін 1970 жыл бітірген түлектердің ұстаздары, ардагер ұстаздар Чиркина Вера Николаевна және Бағила Есентаева апайларына берді. Олар өз сөздерінде 1970 жылғы бітірген түлектері жастайынан ұйымшыл болғандарын баса айтты. Сонымен қатар, түлектер мектепті жақсы үлгеріммен бітіріп, өмірден өз орындарын тапқан. Олардың 50 жылдың ішінде биік-биік белестерді бағындырып, кейінгі жастарға үлгі бола білгендерін де ардагер ұстаздар тілге тиек етті. Мектепті бітіргендеріне 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шаралар ауыл жастарына үлгі, одан кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі болып қалатынын атап өтті.
Сол сияқты Боралдай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Мақсатбек Байболов, ауылдық округтің қоғамдық кеңестің төрағасы Уәлихан Жаманқұлов өз сөздерінде түлектерді 50 жылдық кездесулерімен құттықтап, олардың ауылды көркейтуге жасап отырған іс-шараларына ауыл тұрғындардың атынан алғыстарын білдірді.
Кездесуге келген түлектердің атынан сөз сөйлеген Бегімхан Ибраимов, Қанымкүл Сейітбекова, Аманкелді Аббасов, Әбуғали Ералиев ұстаздарына білім беріп, үлкен өмірге бағыт-бағдар, өшпес өнеге бергендері үшін алғыстарын айтып, еккен ағаш көшеттерінің өніп-өсіп, ауылдың көркіне көрік қосатынына сенім білдірді. Түлектер кездесуінің соңында дастарқан жайылып, өмірден өткен құрбы-құрдастарының рухына құран бағыштады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған жердің қасиеті мен тартылыс күші туралы кеңінен айтылған. Одан бөлек, «Туған жер» бағдарламасын да қолға алуды ұсынғаны белгілі. Ауыл түлектерінің Елбасы мақаласында айтылған міндеттерді орындауға, туған ауылдарын көріктендіруге атсалысып отырғаны әлбетте көңіл қуантады. Осы орайда біз Көлтоған ауылында өткен түлектер кездесуінен осындай ой түйдік.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close