El іshі
Елімізді өркениетке апарар жолдың бастауы – мектеп
Қазақстан халқы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде. Тәуелсіздік алғаннан кейін әлемдік қауымдастықтың беделді қатысушысы ретіндегі жас ел тарихының жаңа беттері басталды. Қоғамдағы бейбітшілік пен келісім мемлекеттік органдардың белсенді және үйлесімді жұмысына, азаматтардың шығармашылық қызметіне негізделген заманауи қазақстандық шындықтың басты өзегі болып табылады.
Жамбыл облысы Жуалы ауданы әкімдігінің білім бөліміне қарасты №21 Дмитрий Пахомов атындағы орта мектеп Қоңыртөбе ауылының Малдыбай көшесі №25 мекемесінде орналасқан. Мектеп ғимараты типтік түрде 2005 жылы төтенше жағдайдың ықпалымен пайдалануға берілген. 2019 жылы зағип жандарға арналған пандустар орнатылған.
2020 жылы №21 Дмитрий Пахомов атындағы орта мектептің жанынан жапсарлас екі қабатты ғимарат соғылып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда І ауысымда 150 орындықта МАДТ – 10 оқушы, 1-11 сыныпта – 138 оқушы, жалпы 148 оқушы білім алды.
2020-2021 оқу жылында 94 оқушы валейбол, футбол, күрес, ұлттық ойындар, шахмат, дойбы, көркем өнер және тілдік, жаратылыстану-математикалық бағытында қосымша білім түрлерімен қамтылған.
Жалпы 34 педагог дәріс беруде. Жоғары білімді – 33, арнаулы орта – 1 педагог. Біліктілік санаттары бойынша педагог-зерттеуші – 10, педагог сарапшы – 2, педагог-модератор – 1, жоғары санатты – 3, бірінші санатты – 4, екінші санатты – 6, санатты жоқтар-8.
Материалдық-техникалық жағдайына тоқталсақ, асхана, спортзал, мәжіліс залы, кітапхана, автотұрақ және 13 оқу кабинеттерімен қоса толық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Жапсарлас соғылған ғимаратта спортзал құрал-жабдықтармен жабдықталған. Спортзалда ұлдарға және қыздарға жуынатын бөлме қарастырылған. Мәжіліс залы – 88 орындық, пианино, Отау-ТВ, теледидар, микрафон, дыбыс күшейеткіш колонка, грим үстелі, ширма, шкаф бар және жылжымалы перде ілінген. Жапсарлас соғылған ғимаратта алты оқу кабинетінде заман талабына сай компьютерлер мен интербелсенді тақталар орналасқан. Әр пәннің мұғалімдері интербелсенді тақталарды пайдаланып сабақтарын өткізуде.
Елімізді өркениетке апарар жолдың бастауында мектеп тұрады. Ал мектептің жүрегі – мұғалім екені даусыз. Шәкірт ұстазға қарап өседі. Оқушыны білімге қызықтырып, өз әлеміне баурап алу үшін ұстазға дариядай терең білім, биік парасаттылық, еңбекқорлық керек. Осындай қабілет пен қасиеттерді бойына сіңіре білген ұстаздар жетерлік. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, мағыналы, өнегелі тәрбие мен сапалы білім беруде мектеп ұжымы 2020-2021 оқу жылында көптеген жетістіктер биігінен көрінді.
Мектеп жетістігі үшін биік парасаттылық, талмас еңбекқорлықпен ұжымды басқарып отырған мектеп директоры Нұржан Құрмашевтың еңбегі ерекше. Биылғы мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ тапсыру кезінде ортақ көрсеткіші – 90 баллды көрсетті. Мектеп бітірушілердің бір оқушысы «Алтын белгі», ал екінші оқушы үздік аттестатция иегері атанды. ҰБТ тапсыру кезінде өте жақсы көрсеткішке ие болды. 8 оқушысы мемлекеттік грантты иеленді. Олар Астана, Алматы және т.б жоғары оқу орындарына грантқа түсті. Міне, осындай жетістікке жету үшін барлық жанын салған мектеп директоры мен мектеп әкімшілігіне айтар алғысымыз ерекше.
Ардагер ұстаздарымыздың еңбегі де елеусіз қалмайды. Оқушыларды әрдайым ізденіске баулитын Жансейітова Сәндігүл әпкейімізге, әділдікпен шындықты жаны сүйетін Сағындықов Ақылбек ағайымыздың да үлестері зор.
2020-2021 оқу жылында мектеп ұжымы үшін де үлкен жетістіктер мен жеңістерге толы жыл болды. Себебі, мектебіміздің білікті ұстаздары мен білімді оқушылар – көптеген байқаулар мен сайыстарға, олимпиадалар мен конференцияларға қатысып, ұжым абыройын асқақтатты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп дана халқымыз айтқандай, осы орайда ұжымымдағы ұстаздардың еңбектерін айтып өтпеу мен үшін әділетсіз деп білемін.
Облыстық, қалалық білім басқармаларының ұйымдастыруымен өткізілетін кәсіби байқауларға бес мұғалім қатысып, екеуі олжамен оралды. Ғылыми жобаларға («Зерде», «Дарын», тарих және өзін-өзі тану пәндері бойынша) – 18 оқушы қатысып, 15 шәкіртіміз жүлделі орынға ие болды. Пәндік олимпиадаларға 22 оқушы қатысып, 20 оқушы жеңіс биігінен көрінді.
Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша мектеп ұстаздарының 95 пайызы біліктілік курсынан өтіп, оқу үдерісінде жаңа технологияларды жетік меңгеріп, сабақ өткізуде. Мектеп ұстаздарының 60 пайызы жаңа форматтағы біліктілік санатынан өтіп, біліктіліктерін дәлелдеді. Жетістік өздігінен келмейді. Өйткені ең алдымен өз кәсібіңе, өз пәніңе деген зор сүйіспеншілік болғаны абзал. Осынау сүйіспеншілік оқушы бойындағы білімге, пәнге деген алғашқы құштарлығын түртіп оятады. Ал осы шәкірт бойында оянған білім құштарлығы енді тұтанған шырақ секілді. Ең қиыны – осынау шырақты сөндіріп алмау. Ол үшін талмай еңбектену мен іздену қажет. Сонда ғана осы білім шырағы лаулаған жалынға айналары сөзсіз.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жуалы өңірінен шығып, бүгінде еліміздің әр саласында жетістікке жеткен тұлғалардың өмір жолын жастарға насихаттау, өңір тумаларын туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша шаралар қабылдауға тарту мақсатында ұйымдастырылды.
«Жомарт түлек – 2021» жобасы аясында jambyl-tylek.kz сайты іске қосылып, қазір оған 226 түлек тіркелген. Соңғы бес жыл ішінде біздің түлектер туған мектебіне, ауылына жалпы көлемі 1 миллионнан астам теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетті. Мектебіміздің ауласына 40 түп аққайың ағашын 2011 жылғы бітірген түлектеріміз сыйға тартты. Мектептің ішін көркейту мақсатында да керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Атап айтсақ, стендтер мен музыкалық аппаратура және т.б материалдық заттармен толықты. Қазіргі кезде сан салада ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген танымал түлектер жетістікке жету тәжірибесімен және туған ауылдары туралы естеліктерімен бөлісті.
«Туған жеріне, халқына деген сүйіспеншіліктен туған осындай игі іс-шаралар патриоттық сезімді күшейтіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосады. Танымал жуалылықтар жас жерлестеріне көздеген кез келген биіктеріне қол жеткізуге деген сенімділік ұялатады. Ең бастысы, талмай адал еңбек ету, туған жерін естен шығармай, мүмкіндігінше оның өркендеуіне өз үлесін қосу керек. Өйткені сол туған мекеніміз бізді өсірді, тәрбиеледі, арманымызға қанат бітірді.
Осы орайда осы мектепте қызмет жасайтын басшымыз Нұржан Кәрібайұлына және ұжымымдағы өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін барша ұстаздар қауымына шығармашылық шабыт пен толағай табыстар тілемекпін.
Сәбит ҒАБИТЖАНҰЛЫ,
№21 Д.Пахомов атындағы орта
мектептің тарих пәнінің мұғалімі