El іshі
Арман алға жетелейді
Аудандық газет- ауданның айнасы, тарих және шежіресі. Сексен алты жылдан бері жуалылықтардың көзайымына айналып келе жатқан аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» газеті редакциясында көптеген көзі ашық, көкірегі ояу, қаламы жүрдек азаматтар жұмыс істеді. Солардың бірі – Жамбылбек Жайлаубайұлы Шоқыбас.
Жамбылбек жастайынан өнер-білімге жақын болды. Мектеп қабырғасында жүргенде әдеби-тарихи кітаптарды көп оқыды. Көкейін «келешекте журналист болам» деген ой жиі мазалайтын. Арман алға жетелейді. Осы арман оны ҚазМУ-дің журналистика факультетіне алып келді. Ол әскер қатарында сонау Германия Демократиялық Республикасында қызмет етіп жүрген жылдары-ақ «Жаңа өмір» газетіне хат жолдап, әртүрлі жанрларда қалам тербеді. Ал, әскери борышын өтеп қайтқаннан соң да басылыммен байланысын әсте үзген емес. Атап айтқанда, ол аудан орталығына іргелес сол кездегі Петровка (қазіргі Қарасаз ауылы) ауылында тұрып-ақ төл басылымның штаттан тыс белсенді тілшісі атанды. Көп ұзамай «Жаңа өмір» газетінің штатына шақырылған ол жуалылық басылымның төл баласына айналып, аракідік облыстық «Еңбек туы»-қазіргі «Ақ жол» газетінің белсенді авторының біріне айналды.
– Ол бір естен кетпес кез еді ғой, – деп еске алады. Жамекең бүгінде, – маған дейін газетте ондаған жыл еңбек еткен марқұм Амангелді Ормантаев, қазіргі таңда жасы сексеннен асқан абыз қарт Мырзай Нұрабаев, жан жолдасым, құрдасым Қасым Әзімханов, Әбдібек Қоңырбековтардың қатарына 1973 жылдың қоңыр күзінде мен де қосылдым.
Аталған жандар менің жүрек төрімде жылы із қалдырды, деп айта аламын. Сондай-ақ бір шаңырақ астында бірге жұмыс істеген «Новая жизнь» тілшілері Карл Кистер, Николай Вершинин, Константин Цайзер және басқалардың да ағалық қамқорлығы зортұғын. Осыған байланысты мына бір жайтты айта кеткім келеді. Газетке алынғаныма жылға жуықтағанда, сәтсіздікке ұрынсам болар ма? Қалай дейсіздер ғой… Ол жылдары аптасына үш рет жарық көретін газет кезекшілігінен көз ашпайтын едік. Күні бойы қаламы қолдан түспейтін тілшілерді кезекшілік тағы қинайтын. Былайша айтқанда, Бурное селосындағы ескі баспахана мен редакцияның арасын жол қылумен таң атып, күн бататын. Сондай кезекшілігімнің бірінде газеттен қате кетті. Қате болғанда, анау-мынау емес – саяси қате. Дәлірек айтсам, сонау Дания республикасынан облысымызға мәртебелі қонақтар келіп, атбасын Жуалыға да тірегенді. Бұл туралы қысқа хабар газетке де басылған болатын. Тақырыбы – «Даниялық қонақтар Жуалыда». Ал газетте басылған нұсқасында «Даниялық қонақтар Жаулыда» деп қате кеткен. Ал ендеше! Аудан аты «Жаулы» деп жау шақырып тұр. Кінә кімнен? Әрине, кезекшіден. Бас редактор Әбдіғаппар Айтақов мені осы қате жібергенім үшін жұмыстан босатты.
Әрине, белгілі журналистің бұдан басқа да айтары- аз емес. Оның үстіне Жамбылбек Шоқыбас ағамыз облыстық «Ақ жол» және республикалық «Заң», одан бертінде «Құқықтық Қазақстан» газеттерінде жемісті еңбек етіп, Құрметті демалысқа шықты.
Жамбылбекті жуалылықтар ана тіліміздің жанашыры деп әркез ризашылық білдіріп отырды. Бұл – орынды да. Осыдан 30 жыл бұрын қазақ тілінің тағдыры тартысқа түскен кезде Жамбыл әркез айтыс-тартыстың алдыңғы шебінде жүрді. Ана тіліміздің әлемдегі аса бай әрі әуезді екенін жалпақ жұртқа әсіресе, оны менсінбейтіндерге, қорлаушыларға байыппен түсіндіре білді.
Осы тақырыпта «Жаңа өмір» газетінде терең да тағылымды көптеген мақалалар жазды. Аудандық әкімдікте жиналыстардың қазақша өткізілуіне мұрындық болды.
Ж.Шоқыбас біраз уақыт қала аумағына таралатын «Щит» қоғамдық-саяси газетінде істеді. Ол осында құқықтық тақырыптарға жиі қалам тартты. Әлбетте, әділдікті ту етіп ұстады, жазықсыз жазаланғандарға араша болды. Оның осында жарияланған өткір де өзекті мақалалары тиісті орындарда талқыланып, тиісті нәтижелер шығарылып жататын. Ол – қаламы төселген аудармашы. Орысша материалдарды қазақшаға «диктовкамен» аударады. Кейде қазақ тіліндегі материалдарды орысша тәржімелейді.
Оның Алаш арыстары туралы жазылған көлемді де мазмұнды мақалалары облыстық «Ақ жол» газетінде бірнеше рет жарияланды.
Жамбылбектің қолынан қаламы қазір де түскен жоқ. Аракідік баспасөзде ел оқитын мақалалары жарияланып тұрады.
Ақылжан Мамыт,
журналист