El іshі
Цифрлық экономика: “Робототехника” – заман талабы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бүгінде елімізде “Цифрлы Қазақстан” бағдарламасы жүзеге асуда. «Цифрлық Қазақстан» жаңа бағдарламасының кезекті қадамын еңсеру Қазақстанның әрбір азаматына жауапкершілікпен жүктелуде.
Бұл маңызды мәселе жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты Жолдауында “Біз еліміздің орасан зор ақпараттық-телекоммуникациялық әлеуетін іске асыра білуге тиіспіз. Жаңа цифрлық дәуірде ол геосаяси маңызға ие болады. Қазақстан Еуразия өңірінің басым бөлігі үшін орталық цифрлық хабқа айналуға тиіс. Осы міндетті орындау үшін кадрлық әлеуетімізді күшейту керек” деп елімізге жас, ынталы, білімді мамандар керектігін атап өтті. Отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсудің маңыздылығын да баса айтты.
Бүгінде «ақылды» ойыншық көліктер өмірімізге дендеп ене бастады. Сан салада медицинадан бастап космонавтикаға дейін адамдар роботтардың көмегіне жүгінеді. Төбеде қалықтап жүріп, мерекелік шараларды бейнеге түсіретін робот-дрондарға, күрделі механизмдерді көз ілеспес жылдамдықпен және асқан дәлдікпен құрастыратын робот-қолдарға көз үйрене бастады. Оны айтасыз, сарапшылар алдағы 20 жылда адам істейтін жұмыстың тең жарымын роботтар атқаруы мүмкін деп отыр. Қысқасы, біздің заманымыз – робототехника заманы десек артық болмас.
Қазіргі таңда бүкіл дүниежүзінде робототехника ғылымы кең қолданыс тауып отыр. Біздің мемлекетімізде осы бағытта дамыған елдер қатарына қосылу мақсатында ғылыми-техникалық прогресстің осы бір маңызды бағытынан құр қалмауда.
Осы ретте, ауданымызда 39 мектептің 23 мектебінде “Робототехника” сыныбы бар. Ең алғаш болып 2018 жылы демеушілердің көмегімен №15 мектеп-лицейде ІТ-сыныбы мен “Роботехника” сыныбы ашылған. Ал, ІТ-сынып өңіріміздегі алты білім ошағында, яғни, №1 мектеп-гимназия, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия, №15 мектеп-лицейі, №25 Ақтөбе тірек-мектебі, №16 С.Сейфуллин атындағы, №9 Абай атындағы ОМ-де 2019 жылы ашылған. Мектептерде арнайы штат ашылып, 32 білім ошағында директордың ІТ-орынбасары бекітілген. Мамандар арнайы курстардан өтіп, “Робототехника” саласы бойынша білімдерін жетілдірген.
-Еліміздегі білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін оқуды жаңа бағытқа бұру міндеттелген. Осы мақсатта бүгінде мектепте мұғалімдер қағазбастылықтан арылып, электронды түрдегі оқыту платформаларын пайдалануда. Бұл уақытқа дейін мектептерде компьютерлік сыныптар ашылып, интерактивті тақталар ғана болды. Ауданымызға 2011 жылдан бастап жаппай компьютерлер келе бастады. Уақыт өте келе, көрнекілектер электронды нұсқада пайдаланды. Оқушылар компьютер сыныбында тек информатика пәнінен білім алды. Ал, қазіргі таңда ІТ-сыныптарында бағдарламалар жасап, роботтар құрастыруда, – дейді Жуалы ауданы білім беру бөлімінің информатика пәнінің әдіскері Роза Керімбаева.
Білім ошақтарында “Роботехника” сыныптары үйірме болып есептеледі. Балалар қосымша сабақтарға қатысып, сыныптан жаңашылдықты үйренеді. Бұл үйірмеге онлайн түрде қатысуға болмайды. “Роботехника” сыныбындағы жаңашылдықты ең алдымен мұғалімдер меңгерген. Ал, балалардың жаңа үйірмеге деген қызығушылығы жоғары. Олар бірінші робототехниканың құрылғыларымен танысып, үйрене бастаған. ІТ-сыныпта бағдарлама жасауды меңгерген. Ең алғаш аталған сыныптар ашылған жылы ауданда “ІТ-Балақай” фестивалі ұйымдастырылып, балалардың мүмкіндігі сыналған. Жыл сайын дәстүрге айналған бұл фестивальде балалар жас ерекшеліктеріне қарай бақ сынайды.Балалар “Арқан тарту”, “Қыз қуу” ойындарын ойнап, “Ақсүйек” атты кезеңде үй тапсырмасын орындап, көрме жасайды. Фестивальде оқушылар індетке байланысты дезинфекциялық зияны жоқ, пайдалы туннель ойлап тапқан. Сонымен қатар, түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын жасап, өзара сынға түскен. Алдағы уақытта да фестиваль жалғасын тауып, оған жетекшілерді де қатыстыру жоспарлануда.
-Ел еңсесін тіктеп, Тәуелсіз ел атанған сәттен бастап мемлекетімізде тың бастамалар қолға алына бастады. Соның бірден-бірегейі “Цирфлық Қазақстан” бағдарламасы. Бағдарламаның ішіндегі қазіргі мектептерде жүзеге асырылып жатқан “Робототехника” сыныптары өз нәтижесін беруде. Не үшін робототехника? Біріншіден, бұл әлемде ғылыми зерттеулердің басым бағыты. Роботтар өндірістің жоғары технологиялық салаларына еніп, біздің өмірімізде күнделікті тұтынатын теледидар немесе телефон сияқты қалыптасқан затқа айналуда. Ерте ме, кеш пе роботтар адамның алмастырылмайтын көмекшілері болмақ, бірқатар қауіпті және ауыр жұмыстарды өз мойындарына алатынына ешкім күмән келтіре алмайды.
Екіншіден, білім беру стандарттарының талаптарына жауап беретін робототехника сабақтары. Робот құрастыру үрдісі – шығармашылық, берілген тапсырмалардың дайын жауаптары жоқ. Сондықтан да жаңаны іздеу үшін, бұрынғы бар білімін пайдалануға тура келеді.
Үшіншіден тұлғаның дамуы үшін мақсат қоя білуге негізделген шығармашылық іс-әрекеттік тәсіл. Компьютерлік технологиялар заманында өмір сүретін жеке тұлғаны шығармашылық тұрғыдан қалыптастыруға бағытталған.
Робототехниканың негізінде оқушылар математика, физика, информатика және басқа жаратылыстану-ғылыми бейіндік пәндеріне алған білімдері мен дағдыларын кіріктіре отырып, роботты техниканы, инженерлік дағдыларды қалыптастыруға және технологияларды оқып үйренуге мүмкіндігі жоғары.
Болашаққа жылжып келе жатқан жоғары технологиялар — ғарыш, денсаулық сақтау, өндіріс, қоғамдық қауіпсіздік, қорғаныста және көптеген салаларда пайдаланылады. Осыған байланысты, білім беру ұйымдарында Робототехника үйірмелері жүргізіледі. Үйірмелерде оқушылар әлемдік робототехниканың жетістіктері және даму бағыттары туралы біледі, Лего-роботтарын құрастырады, бағдарлама жасайды және деректер моделін құрастыруды ойлап табады.
Оқушылар тек роботтар құрастырып, бағдарламалаумен шектелмейді. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, сапалы білім беруге аянбай еңбек етудеміз, – деген Р.Керімбаева ауданда №15 мектеп-лицейінде, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда, Мыңбұлақ орта мектебінде және Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепте “Робототехника” үйірмелерінің жоғарғы деңгейде қолға алынғанын атап өтті.
Міне, уақыттың көшінен қалмай, еліміздің дамыған елдердің қатарына қосылуына қарай ұмтылуы – Тәуелсіздігіміздің жемісі. Қазақстанның әлемдік аренада мойындалғанының айқын белгісі.