El іshі

Құтты қолды бағбан

Қызыларық ауылдық округіне қарасты Алатау ауылының тұрғыны Дәурен Бозтайұлының үй іргесіндегі 2,0 гектарға жуық аумаққа алманың түрлі сұрыптарын отырғызып, өсіріп келе жатқанына 15 жылдың жүзі болды.

Бүгінде құтты қолды бағбанның ауласында 850 түп алма, 20 шақты түп алмұрт ағашы бар. Одан бөлек, әр тұста шабдалы, өрік, шие, жаңғақ жайқалып тұр. Мұнда негізінен алманың «Голден делишес», «Айзерек», «Белый налив», «Семирянка» тағы басқа да сұрыптары бапталады. Алмұрттың бес түрі бар. Қазір баудың 70 проценті жеміс салып тұр.

– Кезінде кеңшарда жүргізуші болып жұмыс істеп жүргенімде, іссапармен Өзбекстанның Газалкент деген қаласына жиі баратынмын. Сонда олардың самсып тұрған жеміс бақтарын көріп таңғалатынмын. Оны-мұны сұрастырып, тіптен қолыма ілінген он-жиырма түп алма көшеттерін үйге алып келіп, аулаға отырғызып жүрдім. Алма бағын өсіруге деген қызығушылығым осы кезден басталды, – дейді бағбан.

Дәуреннің Газалкенттен әкелінген көшеттері кейін үлкен жеміс талына айналып, үйдің қажетіне жетер өнім беріп жүрген. Кейін кеңшар тарағаннан кейін 4-5 жыл жеке көлігіммен аудан және облыс орталығына жолаушылар тасымалдады. Міне, содан бері өзінің бау-бақша өсіруге деген әуестігін кәсіпке айналдырып келеді.

Бастапқыда 4-5 млн. теңге ақша жұмсап, Меркідегі тұқымбақтан алманың мықты, таулы өңірдің табиғатына оңай жерсінетін сұрыптарын әкелді. Үй іргесінде бос жатқан тың жерді алдын ала дайындап, трактормен өңдеп алды. Ауылда ағын судан тапшылық жоқ. Көксайдан тартылған каналмен су көшелерге арқырап келіп жатыр. Қанша суғарам, не суғарам десең де, еркің. Әкелген көшеттерін отырғызып, баптауға кірісті.

Күзгі-көктемгі күтімін келістіргеннен кейін жас көшеттердің 85-90 пайызға жуығы тамырланып, бой ала бастады. Жеміс бергенге дейін осылай 3-4 жыл күту керек. Ауылда мұның тірлігін көріп, жанамалай «Жұрттың бәрі мал өсіріп, табысқа кенеліп жатқанда, ақшаңды тал өсіруге жұмсапсың. Одан қандай өнім алмақсың?» деушілер де табылды.

Бағбан өсірген баудың шеті мен шегі көрінбейді. Көлденеңінен де, тігінен де қатар аралығы сақталып, ұқыпты етіп отырғызылған жүйектің арасында қурай не арамшөп көрінбейді.

– Мына төрт түп ағаш анамның көзі, – дейді Дәурен есік алдында қора-қопсының арт жағында бау басталатын тұста оқшау тұрған діңдері жуан мама талдардың жанына келіп тоқтағанда. – Бұл ағаштың тұрғанына елу жылдан асты. «Бабушка» деп аталады. Ал мына іргедегі (шығыс жақты нұсқап) ескі үйде әжемнің 80 жыл бұрын отырғызған жаздық алмалары да бар. Олар да жеміс береді. Алмалардың дені қысқа сақталады. Бауырларым үйге келгенде аунап-қунап жатып, анам отырғызған мама ағаштардың саясында демалады. Сылдыраған судың дауысы бар, таза ауа, шаршағандары басылып, сергек тұрады. Әдетте, бұл талдардағы жемісті бір суыққа ұрындырып барып жинаймыз. Сонда шырыны артып, дәмі балдай болады.

Бір түп алма шамамен 250 келіге дейін жеміс береді. Ересек адамның қос жұдырығындай бір алма 700 граммға дейін салмақ тартқан кезі болады.  Күзде піскенде, өнімін жинауға үй-іші, бауырлары мен ағайын-туыстары көмектеседі. Ара-тұра ауыл тұрғындары да келіп, қол ұшын береді. Жиналған өнім өз ауласындағы жертөледе сақталады. Негізгі бөлігін жинап алысымен аудан орталығына, Шымкент және Тараз қалаларындағы базарға апарып, саудалайды. Бау басынан өздері теріп, буып-түйіп алып кететін тұрақты клиенттер де бар. Оларға босатылатын алманың бағасы жүйелі.

– Алмалар теріліп болғаннан кейін, баудың күтіміне кірісеміз. Бұл жұмыс көктемге дейін жалғасады. Ауырған, қураған бұтақтар бұталады. Бұталар тым қатты өсіп кетсе де, болмайды. Сондықтан, олардың ұштарын мезгілімен қысқартып отырамыз. Бақ зиянкестеріне қарсы жыл он екі ай күрес тынбайды. Жапыраққа түскен құрт жемістен бір-ақ шығады. Оларды химиялық жолмен өңдеп, арнайы ерітінділер бүркіп отырамыз, – деп бөліседі өзінің бағбандық тәжірибесімен.

– Биыл көктемде айва деген ағаштың бір түп көшетін әкеліп отырғыздым. Біздің жерге жақсы жерсінеді екен. Дәмі қауынға ұқсайтын жемісі піскенде палауға қосса, дәмі керемет болады дейді, – дейді бағбан.

Бауда сәндік ағаштар да жетерлік. Шырша, арша, сәмбі, қараған, бозқараған талдары шоғыр-шоғыр болып, әр тұстан  бақшаның сәнін кіргізіп тұр. Ал аулада жағалай отырғызылған ақ қайыңдары бейне бір ақ махаббаттың символындай. Дәурен «кейде жастық шағымыз еске түскенде, Гүлзипаға (келіншегіме) «кешке қарай, шығып кет,  анау ақ қайыңның түбінде күтем» деймін» дейді қалжыңдап.

Кенже ұлы Өмірсерік бауды күтіп-баптауға жарап қалыпты. Жүйектерге  су бұру, түптеу, арамшөптерді отау, жемістерді жинау сынды жұмыстарды атқаруға әкесіне қолғабыс етіп жүр.

Құтты қолды бағбанның алдына қойған жоспарлары мен мақсаты бар. Ол – алма талдың санын 1 000 түпке дейін жеткізу. Бұл мақсатты орындау үшін жыл сайын Меркідегі тұқымбақтан 50-60 көшеттен әкеліп, отырғызып жүр. Одан қалса, әлсіз көшеттерді діңі жуан, күштілеріне телу арқылы сапасын арттыруда. Мұндай әдісті ол жас кезінде Алматыдағы аграрлық университеттің ғылыми-зерттеу институтында көргені бар-ды. Өзі ізденіп, түртінектеп жүріп, сонда өткен екі апталық семинарға қатысты. Тәжірибелі агрономдардан, биологтардан көп нәрсе үйренді. Сол білімі кәдеге жарап тұр.

Отырғызатын көшетті тұқымбақтан бағбанның өзі таңдайды. Қазылып, сатуға шығарылған көшеттерді емес, өсіп тұрған жерінен «мынаны аламын» деп қаздырып алады. Сондықтан да ішкі түйсігі оны еш уақытта алдаған емес. Әкелген көшеттерінің барлығы дерлік бой алып кетеді.

Абылайхан Сәрсен,

 «Жаңа өмір»

 

Таңдаулы материалдар

Close