El іshі
Жақсылық жасай білейік!
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» демекші, қайырымды, мейірімді жан деп айналасындағыларға жақсылық ойлап, адамдарға мейір-шапағатын төгіп, жанашырлық танытатын, қай кезде де қамқорлық пен қайырымдылық жасауға әзір тұратын адамды айтамыз. Осы орайда 2019-2010 жаңа оқу жылының қарсаңында Алатау ауылындағы №23 Алатау орта мектебінде «Жүректен – жүрекке!» ұранымен «Мектепке жол» дәстүрлі акциясы өткізілді.
Жақсылық жасау адам бойындағы асыл қасиеттердің ең негізгісі екені анық. Біздің ұжымда да басқаларға көмек қолын соза білетін азаматшалар баршылық. А.Кішкенебаева, К.Орынғалиева сынды мектеп мұғалімдері және психолог маман Ш.Амангелдиева жыл сайын аз қамтылған оқушыларға көмек көрсетуден тартынған емес. Осы ретте аталған ұстаздардың көмегімен мектептің аз қамтылған, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан үш оқушыға оқу құралдары мен спорттық киімдер алып берді.
Бастауыш сыныптар арасында «Жақсылық жасай білейік!» тақырыбында сынып сағаттары өткізіліп, оқушыларға қайырымдылық пен мейірбандылықтың қағидалары кеңінен түсіндірілді. «Қолыңнан келсе, қайырымдылық жаса» демекші, мектебімізде оқушыларға көмек көрсету бағытындағы қайырымдылық акциясы алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенім мол.
Гүлмира ОРЫНҒАЛИЕВА,
№23 Алатау орта мектебінің әлеуметтік педагогы