Қазіргі таңда тұрғындар арасында жиі талқыланатын мәселелердің бірі – су мәселесі. Әрбір ауыл тұрғынының егіншілікпен, бау-бақша өсірумен айналысатыны анық. Егіннің бітік шығуы және бақшадан мол өнім алу үшін де суару жұмыстары қатар жүріп отыруы қажет. Ауданның әр өңірінде орналасқан ауылдардың қазіргі таңдағы ең басты мәселесі де осы суға байланысты. Ауыл тұрғындары да дәл осы тақырыпты жиі талқылайды. «Шешілмейтін түйін жоқ» демекші, күні кеше ғана ауданға қарасты Көкбастау ауылдық округінің Теріс ауылында бұл мәселе өз шешімін тапты.
2004-2005 жылдардан бастап Теріс ауылында су мәселесі туындап келді. Содан бергі уақыт аралығында ауылға ағын су келген жоқ. Әрине, осы кезеңде тұрғындарға да шаруашылықпен айналысу оңайға түспегені анық. Дегенмен, ауыл тұрғындарының сұрауымен мәселені оң шешудің жолдары қарастырыла бастады. Бұл мақсатта былтыр алты миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осы тұста ауылға ағын судың келуіне басты себепкер болған аудан әкімі Олжас Қаржауов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев және Көкбастау ауылдық округінің әкімі Ержан Серкебаев сияқты жауапты азаматтардың қолдауымен «Бектеміс» каналы толығымен тазартылды. Каналды тазалаудың нәтижесінде Теріс ауылына тұрғындар көптен күткен ағын су келді. Бүгінде бұл сумен 40 гектар егістік алқабы және 100-ге тарта ауыл тұрғынының бақшалары суарылатын болады.
Көптен бері көкейкесті мәселе болып келген бұл маңызды шаруа осылайша өз шешімін тауып отыр. Халық сұранысына байланысты ауыл әкіміне біраз тер төгуге тура келгені анық. Әлбетте, ауылға ағын судың келгеніне тұрғындар ризашылықтарын білдіруде. Осындай маңызды шаруаны жоспарлы түрде жүзеге асырған азаматтардың еңбегі жемісті боларына сеніміміз мол.
Ұлданай БАЙҰЗАҚ,
Қосбөлтек ауылы