El іshі
Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар
(Ұлы Отан соғысының қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры,73-гвардиялық дивизияның ту ұстаушысы Мақаш Балмағанбетовтың рухына арналады)
1941-1945 жылдар аралығындағы екінші дүниежүзілік, яғни Ұлы Отан соғысы тарих беттеріне мәңгіге енді. Бұл соғыста қазақ халқынан да жүз мыңдаған адам қолдарына қару алып, Отан үшін жан беріп шайқасты. Қан майданда шайқасқан жауынгерлердің бірін біреу білсе, біреу білмейді. Олардың бірі Нұрлыкент ауылының тұрғыны Жанар Мақашеваның атасы – «Қазақстанда жасақталған 73-гвардиялық дивизияның Ту ұстаушысы, Кеңес Одағының Батыры Мақаш Балмағанбетов.
Бұл мақаланы жазуыма №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепте өткен «Жас зерттеушілер» ғылыми жобасы байқауында 4 сынып оқушысы Нұрсұлтан Алламберген «Атамның ерлігі» тақырыбын қорғап, ауданға жолдама алғаны түрткі болды. Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі қарсаңында 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында туды әрқашан алда ұстап жүрген Мақаш Балмағанбетов атамыздың қаһармандығы туралы жазуды жөн санадым. Себебі, Нұрсұлтан өзінің нағашы бабасы туралы сондай мақтанышпен жеткізгеніне жобаға қатысушылардың барлығы таңқалды.
Мақаш Балмағанбетов 1914 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Арал ауданының Аманөткел ауылына қарасты Қарадөң деген жерде дүниеге келген. Әлім, Жаманақ тайпасынан, руы Өрістен тарайтын Айдарбектің Күлігі, оның Жаманкөз аталығынан болып келеді, сондай жайсаң, адал да батыл жан болған. Мақаш ата 1943 жылы 29 жасында Отан үшін Сталинград шайқасында алдыңғы қатарда кеудесін оққа тосқан қаһарман. Атамыздың баласы Құрақбай атаның айтуынша (Құрақбай ата қазір Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауылында тұрып жатыр) Мақаш ата мұсылманша сауатты болған кісі. Қызылорда қаласында дүниеге келгенімен ашаршылық заманында, яғни 1932 жылдары Аралдың арғы жағына өтіп, Қарақалпақстанда, Қараөзекте тұрған. Сол ауыл қазір «Мақаш Балмағанбетов» деп аталады. Ал өзі тұрған көшеге де атаның аты берілген. М.Балмағамбетов өте ержүрек, батыл болған, жаудың оғынан еш қорықпаған, туды жықпаған. Тамақ ішетін темір табағын үнемі арқасында салып жүреді екен. Келген соң шешіп қараса табақтың іші оққа толып тұрады екен.
Мақаш ата соғыстан аман-есен келгенде балаларына бір Илаһи күштің бар екендігін және ол күш «Құдіретті Алла» және жаны таза адал да шыншыл мейірімді, қамқор жандарға қолдау көрсететіндігін қайта-қайта айтады екен. Түнімен өзен суында жауды аңдып тұрып, жау көзі ұйқыға кеткенде 28 солдатты аман-есен жалғыз өзі судан алып өткен. Осы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталған. Ардагер 1977 жылы 29 қыркүйекте Қараөзекте қайтыс болып, оны майдангерлер мен бүкіл халық үлкен салтанатпен соңғы сапарға шығарып салды. Сондай-ақ, соғыстан кейін өзі өмір сүрген, белсенді қызмет атқарған және қайтыс болған жері Қарақалпақстандағы Қараөзек елді мекеніне, №26 орта мектепке және өзі тұрған көшеге есімі берілген.
М.Балмағанбетовтың атына 2017 жылы мамырда Қызылорда облысындағы Әйтеке би ауылында бір көшенің аты берілді. Арал қаласының Космонавт көшесі Мақаш Балмағанбетов атамыздың есіміне ауыстырылды. Бұл жөнінде Жанар Мақашоваға шақыру хат келді. Дегенмен еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Қызылордаға бара алмағандығына отбасымен өкініп отыр. Бабасын мақтанышпен зерттеп, ізденіп жүрген Нұрсұлтан да бір күрсініп қойды.
Ұлы Отан соғысында бейбіт өмір жолында жарқын болашақ үшін күрескендер мәңгі есімізде, жүрегімізде. Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі. Еліміздің ертеңі балалардың жүрегі әрқашан Отан деп соқсын. Осындай бейбіт өмір жолында өз жандарын қиған ата-бабаларымыздың еңбегі мен ерлігін өскелең ұрпақ қастерлеп, мақтан етіп, үлгі ұстанатындарына сенімім мол.
Зина Өтемұратова,
№5 М.Ломоносов атындағы
орта мектептің мұғалімі.
Нұрлыкент ауылы