El іshі

Бала құқығы – басты назарда

 

Өткен жұма күні Б.Момышұлы ауылындағы №15 мектеп-лицейдің мәжіліс залында «Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында кеңес отырысы өтті.

Аудан әкімі Олжас Қаржауовтың ұсынысымен өткен жиынға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Жуалы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Салтанат Қауқаева, №1 мектеп-гимназияның педагог-психологы Мейрамкүл Өскенбаева, Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының Жуалы ауданындағы кеңес беру кабинетінің психологы  Айгүл Дәрібаева және ювеналды полиция бөлімінің мектептегі инспекторлары, мектеп директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, мектеп психологтары қатысты.

Жиынды аудан әкімдігінің білім бөлімі басшысының м.а. С.Қауқаева ашып, күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталды. Әрі қарай «Жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбы бойынша сөз кезегі №1 мектеп-гимназияның педагог-психологы М.Өскенбаеваға берілді.

-Қазіргі заманғы баланы тәрбиелеу үшін ұрып-соғудың қажеті жоқ екенін біз түсінуіміз керек. Осылайша физикалық зорлық-зомбылық көрсетіп, бала тұйықталып өз-өзінен жабылып, мінезінде ауытқушылық болуы мүмкін. Онымен қоса, әкімшілік құқықбұзушылық заңында ата-ана баласына қол көтеретін болса, заң жүзінде қудаланатынын да ескергеніміз дұрыс. Осы тұста бүгінгі қоғамда адамдардың психологиясы күрт өзгергенін айта кету керек. Сондықтан бала тәрбиесінде рухани-адамгершілік бағытына көбірек мән беріп, патриоттық тәрбиені қолға алғанымыз жөн сияқты. Сонда ғана жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға болады, – деген баяндамашы Мейрамкүл Аманжолқызы оқушыны тәрбиелеудегі тоғыз бағытқа тоқталды. Сонымен қатар, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін қосымша үйірмелерге қатыстыру керегін жеткізді.

Бұдан соң «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының Жуалы ауданындағы кеңес беру кабинетінің психологы А.Дәрібаева орталықтың мақсаты мен міндеттерімен таныстырды.

«Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – барша қоғамның ортақ ісі» тақырыбы бойынша аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы С.Қауқаева ой қозғады. Салтанат Ескелдіқызының сөзінше, бүгінде баланың бос уақыты ұялы телефонға телмірумен өтуде. Сондықтан да әрбір педагог және ата-ана баланың санасының жағымсыз көрініспен уланбауын қадағалауды назарға алу керегін тілге тиек етті. Жаңа оқу жылында балаларды мектепке қабылдау тәртібі туралы да қысқаша айтып өтті.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары А.Ахметова қорытындылады.

-«Сақтансаң, сақтаймын» дегендей, әр ата-ана, әр мұғалім баланың тәрбиесіне жете көңіл бөлгені дұрыс. Қоғамда орын алып отырған жағымсыз факторлардың алдын алуымыз аса маңызды. Мұғалім өзіне жүктелген міндетті, әсіресе оқушының тәрбиесіне келгенде, оны қалтқысыз орындауы тиіс. Тәрбиеге келгенде, ұйқылы-ояу жүрмеуіміз керек. Тыйым мен шектеу аз жерде – тәртіпсіздік те, бұзақылық та орын алады, – деген Анар Садыққызы, мектептегі әжетханалардың да кем-кетігі туралы сөз етті. Сондай-ақ, мұғалімдерді алдағы өтетін Тамыз конференциясына жаңа ұсыныстармен келуді тапсырып, жиында аталған мәселелердің маңыздылығын, өзектілігін ескеруге шақырды.

Мақпал Саматқызы,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close