El іshі
Сала қызметкерлері назардан тыс қалмайды
Жалпы халық тұрмысы мен оның әл-ауқатына қатысты әлеуметтік сұрақтарды оң шешу мәселесі мемлекетіміздің алға қойған басым саяси бағыттарының бірі екені даусыз. Өйткені, сананы тұрмыс билеген мынадай күрделі кезеңде әлеуметтік саланың маңыздылығы күннен-күнге артып келеді.
Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы халыққа арнаған Жолдауында да халықтың әл-ауқатына тоқталып, әлеуметтік сала қызметкерлерінің де жұмысына арнайы сөз арнағаны бекер емес. Сала қызметкерлері әрқашан мемлекет және қоғам назарынан тыс қалмақ емес. Қазақстандағы еңбек нарығы және еңбек ұтқырлығы туралы айтқан Президент өз сөзінде:
«Тағы бір мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда, қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал, көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан, бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс»,- деді.
Осы орайда еліміздің әлеуметтік саласында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласындағы негізгі институттарының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің халыққа әлеуметтік төлем төлеу саласындағы қызметтерді жүзеге асыру және есепке алу жүйесіндегі негізгі операторлардың бірі болып табылады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен зейнетақы және жәрдемақы төлемдерімен бірге әлеуметтік төлемдерге құжат қабылдау, және қабылданған құжаттардың дұрыстығын тексеру, зейнетақы және жәрдемақы төлемдерінің мөлшерін есептеп, тиісті уәкілетті органға электронды түрде шешім жобасын жолдау, уәкілетті органмен барлық бекітілген шешімдерді төлемге отырғызумен бірге, оның ай сайын төленуін қамтамасыз ету жұмыстарын жасайды.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жамбыл облыстық филиалы Жуалы аудандық әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша бөлімі арқылы республикалық және әлеуметтік сақтандыру қорынан 40-тан астам төлем түріне ай сайын 12 289 зейнетақы және жәрдемақы алушыларға 8019,2 млн теңге қаржы төленуде. Атап айтқанда, аудан бойынша 5 468 зейнеткерге 3403,4 млн теңге, 2 145 мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы (мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты) алушыларға 1057,7 млн. теңге, екі мемлекеттік арнайы жәрдемақы №1 және №2 тізімдер бойынша алушыларға 54 958 теңге, 567 арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушыларға 5,1 млн теңге, 4 107 бала босануына байланысты біржолғы жәрдемақы, бала бір жасқа толғанға дейін, оның күтімі үшін және 18 жасқа дейін мүгедек бала тәрбиелеушілерге, бала кезінен І топтағы мүгедектердің күтімі үшін, көпбалалы отбасыларға және «Күміс алқа», «Алтын алқа» медалімен марапатталған аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақы 1883,9 млн. теңге, және 1 391 әлеуметтік төлем «Мемлекеттік Әлеуметтік Сақтандыру Қорынан» (еңбек ету қабiлетiнен айырылған жағдайда, асыраушысынан айырылған жағдайда, жұмысынан айырылған жағдайда, жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылған жағдайда, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылған жағдайда, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда) алушыларға 63105,3 млн. теңге.
Зейнетақы және жәрдемақы төлемдері екінші дәрежелі банктердің және «Қазпочта» АҚ бөлімшелері арқылы ай сайын уақтылы жүзеге асырылып келеді.
Бүгінгі күні елімізде зейнеткер жасындағы азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік және зейнетақы заңнамасын жетілдіру, сондай-ақ, балалы отбасыларды және азаматтардың осал санаттарын қолдау жөніндегі шараларды күшейту сияқты мемлекетімізбен бірқатар зейнетақы жүйесінде жаңғырулар мен әлеуметтік-еңбек саласы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру жұмыстары жасалуда.
Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін зейнетақы төлемдерімен әлеуметтік төлемдер бойынша 15 мемлекеттік қызметтің 11-і проактивті және электронды түрде көрсетілуде, яғни, азаматтар ұялы телефон арқылы хабарламаға жауап беру арқылы немесе электронды үкімет порталы арқылы үйден қызмет алады. Олардың қатарында:
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемді тағайындау, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақыларды, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) жәрдемақы, бала туғанда берілетін және бала күтімі жөніндегі жәрдемақыларды, жерлеуге арналған біржолғы төлем, зейнетақы төлемдерін алушыларға жинақтаушы зейнетақы қорларындағы міндетті зейнетақы жарналарының нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары мөлшерінде сақталуы жөніндегі мемлекеттің кепілдіктерін алушының зейнетақы төлемдерін тағайындау (госгарантия), марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылу, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылу, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу әлеуметтік тәуекелдер жағдайларына әлеуметтік төлемдер, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді қамқорлық жасауға тағайындалатын жәрдемақы, көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мемлекеттік арнайы жәрдемақылар, сондай-ақ, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтарына ай сайынғы төлемдерді тағайындау сияқты көрсетілетін қызметтер бар.
Қазіргі таңда жаңа босанған аналар ұялы телефон арқылы проактивті қызмет аясында, бала туылған шақта жіберілген хабарламаға жауап беру арқылы туу куәлігі мен жәрдемақының тағайындалуына өтініш беріп, баланы балабақша кезегіне қоя алады. Сондай-ақ, дәл осындай үрдісте, яғни, проактивті түрде, ұялы телефон арқылы хабарламаға жауап беру арқылы жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлемге өтініш беру мүмкіндігі осы жылы іске қосылды.
Сонымен қатар, жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлемге, бала босануына байланысты біржолғы жәрдемақы мен баланың бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты жәрдемақы төлемдеріне электронды үкімет порталы арқылы үйден қызмет ала алады.
Бұған дейін жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлемге, бала босануына байланысты біржолғы жәрдемақы мен бала бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты жәрдемақы төлемдеріне өтініш беру тұрғылықты мекен жай бойынша болса, бүгінгі күні, экстерритриялық құжат қабылдау іске қосылды, яғни аталған жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерге өтінішті кез келген еліміздің өңірінен тұрғылықты мекенжайына қарамастан өтініштер қабылдана береді. Өтінішті еліміздің кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығы бөлімдеріне өткізе алады.
Зейнетақы мен жәрдемақы есептеу жөніндегі кез келген мәселе бойынша консультацияны 1414 бірыңғай қысқа нөміріне тегін қоңырау шала отырып, кез келген оператордан келесі мәселелерге қатысты жауап алуға болады. Олар – зейнетақы мен жәрдемақы рәсімдеу, көпбалалы отбасының мемлекеттік жәрдемақысы, атаулы әлеуметтік көмек, әлеуметтік қызметтер порталы, еңбек қатынастары және халықты жұмыспен қамту, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған адамдарға онлайн психологиялық кеңес беруге өтінімдер қабылдау мәселелері.
Жалпы азаматтардың телефон нөмірлері «Азаматтардың мобильдік байланыс базасы» дерегінде тіркелген болса, жоғарыда аталған мемлекеттік қызметтерді СМС хабарламаға жауап беру арқылы алуларына болатынын тағы да естеріңізге сала кеткім келеді. Бұл үшін екінші деңгейлі банктер арқылы «Бала туғанда берілетін және бала күтімі жөніндегі жәрдемақыларды тағайындау» мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі пилоттық жоба іске асырылуда.
Жуалы аудандық әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінде барлығы жеті қызметкер жоғарыда көрсетілген 40 төлем түрі бойынша қызмет атқаруда. Бөлімнің білікті мамандары төлем алушыларға қызмет көрсетудің қазіргі заманғы және жоғары технологиялық жүйемен жауап береді.
Бөлім қызметкерлері тұрғындарға қызмет көрсетуде әрдайым алдыңғы қатардан көрінуде. Осы ретте қызметкерлеріміз Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен және Мемлекеттік корпорацияның басшылығынан Алғысхаттармен марапатталып, білікті де білімді қызметкерлеріміздің суреті «Мемлекеттік корпорацияның» Құрмет тақтасына құрметпен ілінді. Олардың қатарында «Үздік қызметкер» корпоративтік журналына жарияланғанын да мақтанышпен айтуыма болады.
Жыл сайын қазан айының соңында әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Осы мақаланы пайдалана отырып, аудандық төл басылымы арқылы әлеуметтік салада жемісті еңбек етіп жүрген барша әріптестерімді атаулы күнмен құттықтай отырып, бөлімде бірге еңбек етіп жүрген әріптес қызметкерлерге дендеріне саулық, отбасыларына амандық, еңбекте табысты болуларына шын жүректен тілектес екендігімді білдіргім келеді. Халқымыздың әл-ауқаты артып, еліміз әлемдегі дамыған озық 30 елдің қатарынан орын алуына шын жүректен тілектеспін!
Мұрат САПАЕВ,
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы»
КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының
Жуалы аудандық әлеуметтік қамтамасыз ету
бөлімінің басшысы