El іshі
Әрбір төл – ертеңгі күннің берекесі
Ауданымызда мал қыстату науқаны жалғасуда. Қыстан аман шыққан төрт түлікті төлдету малшы үшін машақаты мол жұмыс. Түктібай ауылындағы «Элита» шаруа қожалығы бұл науқанды ойдағыдай аяқтап қалды. Бабын тапса, барын беретін қойдың өсімталдығын бүгінде шаруа қожалықтың төрағасы Нұрхат Қадырқұлұлы жақсы біледі. Осыдан 26 жыл бұрын небәрі 30 уақ мал өсіруден бастаған оның бүгінде қорасы төрт түлікке толы. Атакәсіпті жалғастырған «Элита» шаруа қожалығы жетекшісінің қоражайында қазіргі таңда 200 бас аналық саулық, 20 бас ірі қара және 15 шақты жылқы бар.
Аталған шаруа қожалық жұмысын 1999 жылы бастаған. Иелігінде 200 гектар егістік жері, үш трактор, екі шөп оратын және астыққа арналған комбайн мен өзге де техникалары бар. Қожалық жетекшісі қыстың қамын жасап, 30 тіркеме майдаланған шөп, 30-35 тоннадай жем жинап, мал азығын молынан дайындаған.
«Мал өсірсең – қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» демекші, Нұрхат аға қой шаруашылығымен айналысқанды дұрыс көреді. Мұны шаруа қожалықтағы мал төлдету науқанын көруге барғанда білдік. Бүгінде қожалықтың төрт түлігі төлдеп, қорада у-шу. Ол малын үй іргесіндегі қорада ұстайды. Өйткені, шаруасын алғаш бастағанда көршілерінің үйін сатып алып, онда қоралар соққан. Аналық саулықтар мен қозылар төлдеген уақытына қарай әр қораға бөлінген. Онда саулықтар мен қозылардың дауысы жамырай естіледі. Қаз-қатар соғылған қоралардың ішіне кірсең, бірінен соң бірі анасын іздеген қозылардың дауысы кімге болсын жағымды әсер қалдырады. Құдды бір берекелі жерге тап болғандай күйде боласың.
Біз барғанда шаруашылықтың екі жұмысшысы қорада малдың көңін тазалап жатыр екен. Олар күндіз осындағы бар тірлікті атқарады. Әзілі жарасқан Қуаныш Әлімқұл мен Дәріхан Сұлтанбаев жауапты науқанда қожалық жетекшісінің жанынан табылғандарына дән риза. Еңбектері үшін оларға 90 мың теңге көлемінде айлық төленеді екен.
Кейінгі күндері ауа райы құбылып, шаруаларды біраз әбігерге салуда. Біресе толассыз жауын жауып, біресе көктемнің ызғарлы желі тұрады. Кейде тосыннан қар да жауып жатыр. Көктеуге күн жылынысымен малын алып шығатын шаруалардың жем-шөбі бітуге таяу. Мұндай жағдай «Элита» шаруа қожалығында да байқалады.
-Қой төлдету – біз үшін қызықты әрі еңбекке толы сәт. Қойымыз егізден қоздасын деп тілеп, түн ұйықымызды төрт бөліп алынған төлдің аман қалуы үшін жанталасамыз. Себебі, әрбір төл – ертеңгі күннің берекесі. Шаруашылықта науқан 5 ақпанда басталды. Мал төлдету науқанын қыстың шілдесі өткен соң өткіземіз. Қыстан малды қоңды етіп шығару керек. Науқанға да аса мұқияттылықпен дайындық жасау қажет. «Мал баққанға бітеді» деген жақсы сөз бар халық арасында. Иә, ауылдың тіршілігіне үйренген соң, қорамызда мал ұстап, күтіп-бақпасақ болмас.
Әрине, мұның барлығы қызу тірлік пен адал еңбектің арқасында болады. Әсіресе, қой төлдеген кезде жаңа туған қозылардың асты жылы болуын қадағалаймыз. Олар нәзік болған соң, өкпесіне суық тиіп, сыз өтсе, ауырып қалуы мүмкін. Күн-түн демей науқанда құлағымызды қораға түріп, қарап шығамыз. Олай жасамасаң тағы болмайды.
Аналық саулық пен егіз қозыларға аса жақсы күтім жасау керек. Төлдеу уақытына қарай саулықтарды әр қорадағы торшаларға бөліп қойғанбыз. Тоқтыларға алғаш төлдеу қиын болғандықтан оларға да көңіл бөлеміз. Айта берсең, малда проблема көп қой. Оның барлығын есептеп, шығын болмастай, күтімі жақсы болатындай жағдай жасауың керек.
Науқан аяқталған соң уақ малдарды аяқтандырып, наурыздың 20-сынан кейін болмаса 1 сәуірге таман жайылымға шығаратынбыз. Мына көктемнің ызғарлы желі шөптің шығуына әсер етеді ме алаңдаулымыз. Жайылымның жайы қалай болар екен?
Төлдеу үш-төрт күнде аяқталады. Қорадағы 20 шақты аналық саулықты төлдетіп алсақ, жоспарымызды толық орындаған боламыз. Шүкір, малдың төлдеуі жақсы, өсім бар. Биыл 20 бас қой егізден төлдеді. Арасында өлім-жітім де болды. Өлген қозының енелерін бөлек ұстап, жемдеп сатуға дайындаудамыз. Қойлардың барлығы туған кезде бірге жүрсе күтімі нашарлап кетеді. Сондықтан өріске шыққанша, аяқтандырып алуымыз қажет.
Жайылымда малды өзім жеке ауылдың жайылымына, болмаса қожалықтың егістік жерлеріне бағамын. Жауын-шашын толастаса, жайылымға шығарсақ деп отырмыз. Жылда жинаған шөбіміз артылып қалушы еді, биылғы жағдай бөлек, – дейді шаруашылық төрағасы Нұрхат аға.
Ол малдың жайын жақсы білгендіктен оның тұқымына да аса мән береді. Шаруа малын күйекке қыркүйек айында жібереді екен. «Науқан қыстың қақаған күндерінен өтіп, көктеуге шығатын уақытқа дейін аралықта болғаны жақсы» дейді. Нұрхат аға көршілес Сарыағаш, Шардара аудандарынан Гиссар тұқымды аталық қошқарларды сатып алады. Асыл тұқымды мал алу үшін қаражатын да аямайды екен. Оның иелігіндегі уақ малдың 30 проценті асыл тұқымды, әлемдегі ең үлкен қой саналатын Гиссар тұқымды болса, 70 проценті қазақы құйрықты қойлар.
-Бір кезде білікті шопан, еңбек ардагері маған «қой – қауын сияқты, бір басын көбейтсең, басы қаулап көбейе береді» деп еді. Ол рас екен. Бабын тауып, күтімін жасап, мал басын көбейтудемін. Қорамыздағы малдың санын бұдан да арттыруға болар еді. Бірақ мемлекеттен берілетін субсидия алу үшін 300 бас аналық саулық болуы керек. Ал, бізде қораның ыңғайы мен жайылымның жоқтығынан оған қатыса алмай, қорадағы малды 200 бастан асырмауға тырысамыз, – дейді ол.
Қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған Нұрхат ағаның мұнымен қоса, мал бордақылаумен де айналысатынын айта кеткен жөн болар. Заман көшінен қалмауды көздеген ол Инстаграм әлеуметтік желісіндегі «Элита» шаруа қожалық еті» парақшасымен өнімін көпшілікке таныстырып, тиімді бағамен саудалауда.
Айгүл Қалымханқызы, «Жаңа өмір»