El іshі

Мал тұқымын асылдандыру – мол өнімнің кепілі

Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары өздерінің аулаларындағы қора-жайларды үлкейтіп, төрт түліктің түрлерін көбейтуге басты көңіл бөліп отырғаны белгілі. Себебі, бұл ауылдық жерлердегі жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір жолы. Сонымен бірге, ауыл жастары өз кезегінде малдың қосымша табыс көзі екенін түсініп, олар да жеке шаруа қожалықтарын игеріп, егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын дамытуды қолға алуда.

Әрине, ауыл жастарының атакәсіпке ден қоюы қуантарлық әрі құптайтын жағдай. Олардың бірі қой өсірсе, ал екіншісі жылқының басын көбейтіп, енді кейбірі мүйізді ірі қара малды бағуда. Сиырлардың сүтін сауып, оны сүт өңдейтін мекемелерге өткізіп, одан түскен қаржыны күнделікті өздерінің тұрмыс-тіршіліктеріне жаратып, ал бойдақ малдарын байлауға қойып, тұрғындарды сапалы етпен қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуда. Ет пен сүттің бағасы осыдан 10-15 жылдан бұрынғы бағаға қарағанда қазіргі кезеңде 2-3 есеге өсіп отыр. Бірақ, осыған сәйкес, жылдан- жылға ет пен сүтті өндірудің шығыны да өсіп, малдың азығы саналатын жем-шөптің де едәуір қымбаттағаны байқалуда. Сондықтан ауыл тұрғындары жеке шаруашылықтарынан жем-шөпті молынан дайындап, артылғанын сатып қомақты қаржы табуға қол жеткізіп отыр.
Егер де, шаруалар өндірілген өнімнің сапасын арттырып, әр сиырдан сауылатын сүттің мөлшерін көбейтуге және байлауда тұрған бұқашықтардың тәуліктік орташа салмағын арттыруға басты көңіл бөлсе, тиісінше, тапқан табыстары да ұлғая түсер еді. Ол үшін малдың өнімділігін молайтуға, ең бастысы, толыққанды азықтандыру мәселесі бірінші орында тұрса, екінші орында мал тұқымын асылдандыру мәселесі тұрады. Таза қанды асыл тұқымды сиырлар, шыққан тегі белгісіз жай қарапайым сиырлардан сүтті екі-үш есеге артық береді.
Өз тәжірибемнен мысал ретінде айтар болсам, мен өткен ғасырдың 1980-ші жылдары №10-шы әскери совхозда зоотехник-селекционер маманы ретінде алты жыл қызмет атқардым. Ол тұста бұл совхоз мүйізді ірі қара малдың «Әулие ата» тұқымы бойынша асыл тұқымды зауыт дәрежесінде болатын. Совхоздағы 300 бас сауынды сиырдың әрқайсысынан жыл сайын 4000-4500 литр көлемінде сүт сауылатын. Жыл бойындағы өткізілетін сұрыптаулардың нәтижесінде анықталған элита-рекорд, элита класты сиырлар тәулігіне 30-35 литрге дейін сүт беретін, ал олардың орташа тірі салмағы 550-600 килограмға дейін тартатын. Сол кездегі аудандағы колхоз-совхоздардағы 600 бас сауын сиырдан өндірілетін сүтті бір ғана әскери совхоздың 300 бас сиыры беріп, аудандағы кейбір шаруашылықтар сүт өндіруден шығынға батып жатса, әскери совхоз сүттен таза пайда тауып отыратын еді.
«Сиырдың сүті – тілінде» дейді төрт түлік малдың жайын жақсы білетін халқымыз. Әрине, сүт өндіруде сиырды күтіп-баптаумен қатар, оны толыққанды азықтандыруға көп нәрсе байланысты. Ал малдың шыққан тегі мен асыл тұқымдылығы және таза қандылығы одан да жоғары бағаланатын. Сондықтан қазір де ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтардың жетекшілері қолдағы малдың асыл тұқымдылығын арттыруға көп көңіл бөлсе деймін.
Жалпы мүйізді ірі қара мал үш топқа бөлінеді. Бірінші тобына сүт бағытындағы сиырлар, оларға «Әулие ата», «Қара-ала», «Голштинофриз» тұқымды малдар жатады. Бұл топтағы сиырлар тек қана сүт беруге бейімделген.
Екінші тобына сүтті-етті бағытындағы сиырлар, оларға «Алатау», «Симменталь» тұқымды малдар жатады. Бұл топтағы сиырлар сүт те, ет те береді. Ал үшінші топтағылар ет бағытындағы мүйізді ірі қара малдар. Бұл топқа «Қазақтың ақ бас сиыры», «Қалмық», «Герофорд», «Галловей», «Абердин-ангуст», «Санта-гертруда» тұқымды малдар жатады. Сиырдың бұл тұқымдары сауылмайды, тек қана ет береді.
Бұл үш топтың ұрғашы малдары басқа топтың бұқаларымен шағылыстырмайды. Егер шағылыстырған жағдайда ол малдың таза қандық тұқымдылығы жойылып, одан алынған төлдер будан болып, өзінің гендік қасиетін жоғалтады.
Бізде елімізде 10 шақты жылдан бері «Сыбаға» бағдарламасы бойынша шаруалар ет бағытындағы мүйізді ірі қара мал өсірсе, оның асыл тұқымды бұқасын сатып алып, оны ет бағытындағы сиырлармен шағылыстырып, одан төл алғаны үшін шаруашылықтарға мемлекет тарапынан субсидия беріліп келеді. Осыған қызыққан шаруалар өзіміздің ауданда өсірілетін сүт бағытындағы қара-ала сиырларды ет бағытындағы «Қазақтың ақ бас сиыры» тұқымды малдардың бұқасымен шағылыстырып, одан алынған төлдер будан болып, олардан келешекте сүтті сиырлар шықпай, қара-ала тұқымды сиырлардың тұқымы жойылып кетуге шақ тұр. Будан немесе шыққан тегі, тұқымы белгісіз мүйізді ірі қара малдарды қайтадан таза қанды тұқымға жеткізу үшін кемінде 12-15 жыл бойы мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын тұрақты жүргізіп отыру қажет. Ол үшін сиырларды таза қанды, қара-ала тұқымды мүйізді ірі қара малдың бұқасымен шағылыстырып немесе қолдан ұрықтандыру жұмыстары жүргізілуі тиіс.
Аудан көлемінде мүйізді ірі қара малмен айналысатын асыл тұқымды шаруашылықтар бар. Олардың қатарында «Гамбург» ЖШС, «Ержан», «Қамбар», «Ахмет», «Жасұлан» шаруа қожалықтары бар. Солардың бірі «Гамбург» ЖШС шаруашылығы қара-ала тұқымды мүйізді ірі қара малдарды өсірумен 20-25 жылдан бері айналысып келеді. Шаруашылықта 1 700 бас мүйізді ірі қара мал бар болса, оның 587 басы таза қанды қара-ала тұқымды сиырлар. Осыншама малды қажетті мал азығымен қамтамасыз ету үшін жаз айларында жоңышқа, эспарцет шөптерін көктей орып беріп, қыс айларына пішен, пішендеме, сүрлем дайындалып, сиырлардан мол өнім алуға қол жеткізіп отыр. Сонымен қатар, аталған шаруашылық сиырларын қолдан ұрықтандырып, олардың тұқымдылығын арттырып келеді.
Одан бөлек, «Ержан» және «Ахмет» шаруа қожалықтары мал тұқымын асылдандыру мақсатында көршілес Ресей Федерациясынан асыл тұқымды мүйізді ірі қара малдарын әкеліп, оның басын көбейту бағытында жүйелі жұмыстар жасап отырғанын айта кеткен жөн.
«Мал баққанға бітеді» демекші, міне, осындай асыл тұқымды шаруашылықтардан таза қанды қара-ала тұқымды бұқалар мен таналарды ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтар сатып алып, қолдағы бар малдарының сапасын арттырып отырса, мүйізді ірі қара малдан мол өнім алуға қол жеткізуге болар еді.
Сондықтан аудан тұрғындары мен шаруашылықтарына кеңес ретінде айтарым, мал өсірейік, оның басын көбейтейік. Сонымен қатар малдың тұқымын жақсартуды естен шығармайық. Бұл – ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды жұмыстардың бірі.

Әбуғали ЕРАЛИЕВ,
ауыл шаруашылығы
саласының ардагері

Таңдаулы материалдар

Close