El іshі
Сексенінде сергектікті серік еткен
Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Қуантай Исаев сексеннің сеңгіріне шықса да, әлі тың. Қария қазір өз денсаулығына ерекше мән беріп, бос уақытта жаяу жүруді, көп қимылдауды күнделікті әдетке айналдырған.
Осыдан бірнеше жыл бұрын жүрегіне ота жасатқанда, дәрігерлер оған бір орында отырып қалмай, мүмкіндігінше қимыл-қозғалысты ширатуға, бастысы, күйзелістен аулақ болып, ақыл-ойды, денені сергітетін түрлі бой жазу жаттығуларын жасап, көңілді болып, күлімдеп, сергек жүруге кеңес берген.
Ақсақал отадан кейін өзін өмірге жаңа келгендей сезінгенін, бойында өмір сүруге деген құлшыныстың пайда болғанын айтады. Аяқтарының буынына серпіліс болсын деген оймен отырып-тұру жаттығуларын жасайды, үйдің жанындағы сайдағы темір көпірдің бір басқышында бір, келесісінде аяғымен тұрып, екі арасында буындарын ілгерінді-кейінді созуға машықтанып жүр.
– Міне, енді біраз уақыттан мына шайтан арбаға (велосипедке) мініп, қозғалуды ермек етіп жүрмін. Әзірге оған көп мініп жүрмей, ауық-ауық үзіліс жасап, жетекке алып та қоямын. Бұл әдіс жүректің бұлшық еттерін ширатып, ырғағын реттеуге мүмкіндік береді,- дейді қария.
Ол өзінің замандастарын көп уақытты үйде өткізбей, мүмкіндігінше, таза ауада көбірек болуға, серуендеуге, еңбектенуге, белсенді болуға шақырады.
Қуантай ақсақал көп жылдан бері үй іргесіндегі бау-бақша күтімімен айналысады, тал-дарақтар мен жеміс ағаштарының түбін қопсытып, суғарады, ауылдастарының істен шыққан ұсақ электр аспаптарын жөндеп береді, тұрмыстық бұйымдарды қайрайды, қол электр дәнекерлегішпен темірден әртүрлі заттар жасайды. Оның қызметіне тұрғындар дән риза.
Біз де сексенінде сергектікті серік еткен қарияның деніне саулық, ұзақ ғұмыр тілей отырып, өсірген ұрпағының қызығына қуанып, шат-шадыман күн кеше беруіне тілектеспіз.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»