El іshі

Белсенді жас – ел тірегі

Еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шыңдап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе, жастар, салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашан да достыққа адал болса, бауырмал, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік», деп, жастарға тілегін осылайша жеткізген екен.

Ал, бүгінде Елбасының сөздерін жанына ұран етіп  қоғамның дамуына, туған жердің гүлденуіне үлкен үлес қосып жүрген жастар бар. Сондай жандардың бірі – Күреңбел ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Үміт Ысқақова.

Ол 1994 жылы Қызыларық ауылдық округіне қарасты Алатау ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы №23 Алатау орта мектебін тамамдап, 2013 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне информатика мамандығы бойынша оқуға түседі.

2016 жылы оқу оқи жүріп күреңбелдік Нұрлыбек Көмекбаев есімді азаматпен танысып, тұрмысқа шығады. Бүгінде жолдасы екеуінің Дариға және Нұрәділ есімді ұл-қызы бар. Үміт көпке үлгілі ауыл келіні. Қызметте де табысты, абыройлы.

Үміт Ысқақованың аудандық «Жастар ресурстық орталығының» Күреңбел ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы болып жұмыс жасап жүргеніне үш жылдай уақыт болды. Небәрі үш жылда жұмысқа деген жауапкершілігі мен тиянақтылығының арқасында қыруар шаруаны атқарып, біраз сауапты істерді де жасап үлгерген.

Жұмыста білімділігімен және ұқыптылығымен ерекшеленетін жас 11 бағыт бойынша жұмыс істейді. Ауылдағы 14 пен 29 жас аралығында жастарға бағыт-бағдар беріп, жұмысқа орналасуы, бос уақыттарын тиімді нәрсеге жұмсауын және жұмыссыз жастарды кәсіпкерлікке тартып, түнгі рейдік жұмыстарды да белсенділікпен жүргізіп отырады. Одан бөлек, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды да мықтап қолға алған. Бүгінгі күнге дейін 30 шақты қайырымдылық акциясын жоғарғы деңгейде өткізгенін айтпай кетпесек жөн болмас. Сонымен қатар, айына 11-12 шақты әртүрлі бағытта, спорттық шаралар, ақындар арасында байқаулар, кеңес беру алаңын ұдайы ұйымдастырады.

Жас инспектор Үміттің бастамасымен өткен жылы елде коронавирус індетінің таралуына байланысты түрлі қайырымдылық акциялары өткізілген. Медициналық бетперделер тігіліп, ауыл тұрғындарына таратылып берілген. Жас кәсіпкерлерді ұйымдастыра отырып, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты ана мен қарттарға түрлі көмектер көрсеткен.

-«Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» дегендей, көмекке мұқтаж жандарға шама-шарқымызша азық-түлік таратамыз немесе үйіне тазалау, әктеу, сырлау жұмыстарын жүргіземіз. Барлығы да шынайы ниетпен жасалады. Осы тұста ауыл азаматтарының ауызбіршілігінің жоғары екенін байқауға болады. Себебі, қайырымдылық дегенде, бар көмегін аямайтын ауылдың белсенді жас азаматтары мен азаматшалары жетерлік. Бүгінде ауылда 11 жас кәсіпкер бар. Сондай-ақ өз қаражатына кәсіп ашқан жеке кәсіпкерлер де баршылық. Бүгінге дейін «Жомарт жүрек» қайырымдылық акциясы бойынша жеті отбасына көмек көрсетіліп, үйдің шатырын ауыстыру, үйдің сыртын-ішін қырып, сырлау, әктеу, бояу, ауласын абаттандыру, сыртқы есігін бояу, керек болса үйдегі перде, киім, ыдыс-аяғын жуып, тазалау жұмыстарын жүргіздік, – деген Үміт Нұрлыбекқызы жұмыс барысында басынан өткен оқиғасымен де бөлісті.

-Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, біздің ауылда жағдайы төмен, жалғызбасты ер адам тұратын. Әйел адамсыз үйдің қандай жағдайға түсетіні белгілі ғой. Мен ол кісіге қатты жаным ашитын. Жұмысқа тұрған кезде, барлық заңдылығын қарастырып осы азаматқа көмектесуді алдыма мақсат етіп қойдым. Бірінші кезекте үйіне бастан-аяқ толықтай тазалық жұмысын жүргіздім. Сол кезде «Үміт, осындай лас үйді тазалап қайтесің?» деп мысқылдағандар да болды. Бірақ елдің сөзіне құлақ аспай әлгі азаматтың құжаттарын туралап, елдегі пандемияға байланысты берілген бір реттік жәрдемақы 42 500 теңгеге іліктіріп, сол ақшаға таза киімдер сатып алып бердім. Осылайша қоғамдық жұмысқа да қабылданды. Енді айлығын аламын деп жүрген кезде, көлік апатынан қаза болды. Міне, жұмыс барысында осындай көңіл тебірентер, жүрек етіңді елжіретер сәттер көп болып тұрады, – дейді ол.

Жұмысына берілген Үміттің жан жары Нұрлыбекке түсіністік танытып, қолдау көрсеткені үшін айтар алғысы шексіз.

Үміт Ысқақованың айтуынша, «Бір қолың бергенді, екінші қолың білмесін» деген нақылды құп көреді. Себебі, жақсылық жасаған сайын елге жария еткеннен гөрі, құпия ұстаған дұрыс деп санайды. «Сонда ғана жолың әрдайым ашық болады әрі бақытқа кенелесің» дейді өз сөзінде жас маман. Алайда уақыт талабына сай және басшылықтың тапсырмасымен жасаған жұмыстың суретін күнделікті әлеуметтік желіге жариялап отыруға тура келетінін айтады.

Кейіпкеріміз мемлекет тарапынан берілетін түрлі жәрдемақылар тиісті адамдарға ешқандай бұрмаланусыз түгелдей беріліп отырса, әділдік болып, жемқорлықсыз қоғам қалыптасса деген тілегін жеткізді.

Жазушы-публицист Шерхан Мұртазаның адалдығы, шыншылдығы, әділдігін үлгі тұтатын Үміттің ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері де бар. Түрлі мерекелерде аудан әкімі Олжас Қаржауовтың, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушовтың «Қазақстан 2020: Болашаққа жол» Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасын іске асыру аясында ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, өз үлесін қосқаны үшін «Үздік спорттық іс-шара» номинациясымен, аудандық «Авангард» байқауында бірінші орын, «Еріктілер ұғымы» аталатын пікірсайыс турнирінен «Үздік төреші» аталымымен,  Алғысхаттарымен және ауыл әкімі Ғани Жұбаевтың «Ең үздік қызметкер» номинациясымен марапатталған.

Білімді, көзі ашық жас Үміттің «Мемлекеттік қызметші болсам!» деген асқақ арманы да бар. Ендеше кейіпкерімізге ісі алға басып, арман-мақсаттары орындалсын деген тілек білдіреміз.

 

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close