El іshі

Ұлттың жаңа болмысын қалай қалыптастырамыз?

Күні кеше бекзат шайыр Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуын бүгінгі қазақ зор өрлеу үстінде атап өткені баршамызға аян. Қыршын кеткен Сұлтанмахмұт «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» демеді ме?! Қазақты Абайша сүйіп, Абайша сынаған ақын жоқ. Ұлты неміс, жүрегі қазақ Герольд Бельгер де қазақты Абайша сынап-мінеді. Түсіне білген адамға Абай – қазақтың досы һәм «қас-жауы». Біз Абай бабамыз нұсқаған, көрсеткен сара жолмен жүрсек, адаспаймыз. Абай бізге айсыз түндегі шамшырақ. Ұлы баба: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа» демеді ме? Ұлы шайырдың әр сөзі, әр өлеңі, қара сөздерін бала жастан жаттап алып, қажетті жерде үнемі айтып жүруді дағдыға айналдырғанымыз абзал. Әсіресе, ұстаздар қауымы.
Қазақтың бір ғасырлық тарихын әдет-ғұрпы мен салт-санасын ұлы Абай ғұмыры, ол өмірге келген, ғұмыр кешкен ортаны заман ағымына сай кең де терең зерделеп, қағазға түсірген ұлы Мұхтар Әуезов теңдессіз ерліктің үлгісін көрсете алған энциклопедиялық білімді тұлға еді. Төрт кітаптан тұратын ұлы туынды қазақтың бір ғасырлық энциклопедиясы.

«Залымға билік тисе ғалымды қаңғыртар, Ғалымға билік тисе ғаламды жаңғыртар», – деген ғой. Қазақ аспан астын жаңғыртып, қиянатшыл заман торына түспей аман өтіп, осындай теңдессіз туындыны мұра етіп қалдырған ұлы Мұхтар әруағына тағзым етсе, артық болмайды.
«Үйінде Құран кітап жоқ адам – мұсылман емес, «Абай жолы» жоқ адам – қазақ емес»,- деген тәмсіл бекер айтылмаған. Әлі де кеш емес, оқымасақ зерделеп, оқып шығайық. Орыс халқының үлкен жазушысы Михаил Шолохов Қазақстанға жолы түсіп келген сайын «қазақ – ұлы халық» деп басқосуларда айтуды жаны сүйеді екен. Ол біліп айтып тұр. Сондай бағаға әр қазақ лайықты болса дегім келеді.
Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялады. Соны біз зерделеп, қайталап оқып, күнделікті өмірде қолданғанымыз – біздің болашағымызға жол сілтеп, бағдаршам боп тұр.
Онда ұлттық тірек, құт-береке 12 тармаққа бөлінген. Олар: тіл, діл, дін, атамекен, шағын Отан, ұлттық тәрбие, ұлттық мектеп, әдебиет, мәдениет, тарих, әдет-ғұрып, салт-сана. Осындағы әр тармақты терең зерделеп, әр отбасы, ата-ана, мектеп, оқу орындарына, өмірге, қызметте, бойтұмар етіп, жүзеге асырып, қазақ қазақ боп ғұмыр кешсе, ештеңеден кенже қалмас еді.
«Қазақты қазақ ретінде мыңдаған жылдар бойы сақтап келген батырлары мен билері емес, әдет-ғұрпы мен салт-санасы» деген Елбасы сөзін сараласақ, «Қазақ қазақ болуы керек, қазақ қазақилану керек» дегенге саяды.
Бауыржан Момышұлының «Ана тілін білмеген – наданның хайуаны» дегені бар. Ұлы бабамыз Қара бура әулие «Парсының тілі – бал, өзбектің тілі – жібек, арабтың тілі – тіл, қазақтың тілі – гүл» деген екен. Сол гүл тілде еркін, көсіліп сөйлеу бақыт емес пе, шіркін! «Тілімізді, дінімізді, ділімізді сақтау – ұлттығымызды сақтау. Ұлттық идея сөз болғанда, көш басында дін тұруы керек», – деген еді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Дін – халыққа берілетін пайдалы нұсқау. Қасиетті Құран адамзат баласының өмір сүруі туралы заң десек болады. Дін деген не? – деп Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) сұрағанда, ол: «Дін – көркем мінез», – деп жауап берген екен.
Мұсылман – әдепті, тәртіпті, сыпайы, жылы жүзді жан. Қасиетті хадисте: «Адам туғаннан өлгенге дейін ілім үйренуге тиіс» делінген. Құстың қос қанаты секілді мұсылман баласына білім де, әдеп те әркез керек. Ислам діні қандай таза болса, мұны екі дүниенің бақыты деп білген адам әдеп негізінде өмір сүреді. Таза мұсылман, толық адамның (ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек Абайша) негізгі шарты – Құдай тағаланың жолында жүру, разылығын табу. Абай меңзеген таза мұсылман, толық адам түсініп, ихсан ілімінен басталады. Отанға сүйіспеншілік, қызметке адалдық, ағайынмен сыйластық, жаманнан алыстап, жақсыға жақын жүру – осы ихсан ілімінен.
Діл – адамның жаратылыстағы бұзылмаған таза қалпы немесе діл – жүрекке сіңген иман. VIII ғасыр ғұламалары нәпсісіне үндеу жасағанда «Ей, діл!» деп қайырылған. Қазақ мұсылманшылықты тілмен айту жеткіліксіз, ділмен бекіту керек деген. Ақылдың бүкіл жиынтығы ділде деген. Ділі жақсылыққа бейім болса, адамның ойлау жүйесі жақсарады. Жамандыққа бейім болса, жамандыққа жол ашады.
Қазақ мұсылманшылығы әдет-ғұрып мәдениетіне еніп кеткен. Қазіргі жастар діннің сыртқы формасын қабылдайды. Сөзі іс-әрекетінен жасандылық байқалып тұрады. Ол – иманды жүрекке бекіте алмағандық.
1990-шы жылдардың басында елге әртүрлі діни ағымдар келе бастады. Ішкі жан дүниені ысырып қойып, сыртқы кейіпке көп мән бере бастадық. «Адамның түр-тұлғасы соған бейім болуы керек», – деді. Сақал мен балақ алға шықты. Ұлы ғұлама Мәулана: «Адам ерте ме, кеш пе, өз алтын қазығын табады», – деген. Жастардың беті бірте-бірте бері бұрылуда. Діл таза болмаса, дін жеміс бермейді.
«Ұлы адамдарда ұлы кемшілік болады» деген тәмсіл дұрыс айтылған. Ондай демократия кері әсерін берді, «ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығадының» кері көрініс берген еді. Иегова куәгерлері ағымындағылар бүтін қала-даланы аралап, сол ағымға жұртты ендірді де. Тіпті, шетсіз-шексіз Мойынқұмдағы екі-үш үйлі малшы ауылдағы үйлерге барып, кітаптарын таратты емес пе.
Құрмысы шешен: «Желі тұрған оңынан, жеті өзеннен өтеді. Адаспаған жолынан – жеті таудан өтеді, Арманына жетеді», – деген. Халқымыз лайым адаспай тура жолға түсіп келеді. Бек, шүкір!
Қазақ өткен ғасырда әбден азайып, теперішті көріп, ұлттың қаймақтары сыпырылып, мұқалып, жасыған тұсында осы сөз халықты тебірентті. Біз көбеюді көксеген, соны армандаған елміз. Еуропа сырттан халық қабылдап көбеюде. Төле би бабамыз: «Он үшінде отау иесі», – деген. Қалмақтармен 200 жыл соғыста ерлер көп шаһит болып, соның орнын толтыруға ұлтты үндеген. Әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылған бауырларды елге, Отанға келтіру керек. Өзге ұлт өкілдерін де қазаққа бейімдей білу керек. Жұмыстың ізгі бағытын балабақша мен мектептерге аудару ләзім.
Бір ғана Өзбекстанда алты миллион қазақ бар. Ташкенттің 2,5 млн халқының 40% қазақ. Иранда 7 миллион қазақ бар. Қытайда бөлек-бөлек үш топ бар. Біз оның бірімен ғана жұмыс істеп жүрміз. Сары өзен бойында қалың қаңлы бауырлар отыр. Тарбағатайдың ар жағында бізбен шекарада 17 миллион халық болса, соның 50% қазақ. Олар «Қазақпыз» демейді, руларын айтады. Талбесігіміз де, алтын бесігіміз болған жеріміздің қасиетін кетірмеу, жер басып жүрген біздерге сын. Алтын бесік – жер, су, ауа. Соның тазалығы мен амандығын ойлауымыз керек. Отанымыз – алтын бесігіміз, ол – Қазақстан. Табиғат- Ананың байлығын көздің қарашығындай қорғап, сақтап болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру – біздің парызымыз. Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Бұл тау қопарып, тас жаратын жаста маңдай тер төгіп, тынбай жұмыс істеп ел көсегесін көгерту керек-ақ.
Қазақ баласының санасына қарынның қамы емес, халықтың қамын ойлауды о бастан-ақ сіңіріп өсірген. Осы қасиеттердің барлығын бала санасына ертеден құя білген қазақ халқы 15-тегі ұлына ел басқартқан, шешендік сөз өнеріне қатыстырып тәлім берген. «Баланы жетіге дейін хандай көтер, 15-ке дейін құлыңша жұмса, 15-тен кейін ақыл сұра, досыңдай сырлас»- деп бүкіл тәрбиені бір-ақ ауыз сөзбен тұжырымдаған.
«Балаға бірінші берілетін тәрбие ата-анасын, туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады»,- деп жазды ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин. Биыл оның туғанына – 180 жыл. Ұлы ағартушының мерейтойын кең көлемде атап өтсе жарасады. «Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, алған үлгі, өнегесінен. Оның түзелуі, бұзылуы жас уақытта болады»,- деп жазды ұлы Мұхтар өз заманында.
Қазіргі қоғамда нағыз ер жігітке тән мінезі бар азаматтар кім? Ер жүрек, батыр тұлғалы, кесек мінезді ер азаматтар бұрынғы аға буын арасында көп болған.
Бүгінгі заман қанша жерден басқа десек те, бәрібір өздеріне тән ержүрек қасиеттерінен арылмағаны жөн. «Заман ағымына сай» деген сөздерді желеу етіп қазақтың ер жігітіне тән мінездерін жоғалтатын болса, ұлттың келешектегі сапасы қандай болмақ?! Осы орайда «ұлдарың ұлықты, қыздарың қылықты болсын» деген баталы сөздің мағынасы тереңде жатыр. Әрбір жеке тұлға сол талаптарға сай болатындай тәрбие үдесінен шығып, өз ойында адами-азаматтық құндылықтарды дамыту керек.
Мәселенің тағы бір себебі, оқушылар арасында әскери-патриоттық, спорттық тәрбиенің аз берілетіндігі. Бұрынғы аға ұрпақ қалай өмір сүрді, өздерін қалай шыңдады десек, олар мықты болуға ұмтылған.
Баланың ой-өрісі, сана-сезімі 12 жасқа дейін қалыптасады. Жан мен тәннің бірден-бір қуат алар қайнар көзі – спорт жас талғамайды. Жасқа да, кәріге де өзінің пайдасы мен қуанышын сыйлай береді. «Қимыл – өмір қоймасы» деген тәмсіл осыған орай айтылған, «жаяу жүру – ұзақ өмір сүру» деген де тауып айтылған сөз.
Болашақ қыздарымыз «Гүл өссе, жердің көркі, қыз өссе, елдің көркіндей» боп өссе деген арман-тілек бар. «Жұртқа іскер адамнан гөрі ізетті, инабатты адам ұнайды»,- дейді қазақ атамыз. Бұрынғыдағы қазақ қыздары инабатты, ізет-құрметті, қарапайым, иман жүзді болған. Олар тек өзеннен су әкелген, шәй құйған. Әйел баласының мұраты ана атану деп білген.
Бүгінгі бірсыпыра қыздарда бұрынғылар қасиетінің жұрнағы да жоқ. Дүние төңкерілді. Ұят деген ұғымның астаң-кестеңі шықты. Қыз-қырқын, келіншексымақтардың кеудесін ашып, кіндігін жарқыратып көшеге шыққаны соның дәлелі. Ауызда темекі, ол, шіркін, қазір сәнге айналды. Мұндай көргенсіздер, әбиірсіздік, ұятсыздықтан бала жастан бойды аулақ ұстауымыз керек. «Аяғын етік, анасы ернін қыспаған» тәрбие нәтижесі ғой бұл. «Біреуге тәрбие бермес бұрын, өзіңді тәрбиеле» деген ұлы ақын Пушкин. Қазақ мұндайда «Арыңды жасыңнан сақта»,- деген. Арлы-ұятты, мейір-шапағатты, инабатты боп өсіп, ата-ана, Отан, ел-жұрт сеніміне лайықты боп білім алып, тәрбиелі, көргенді боп өссе, өздеріндей ұрпақ өрбітсе деген ниет қой біздікі.
«Ұят – иманға тән,
Ұятсыз – ол да бір өлген жан».
Иман, Аллаға деген сенім керек. Дінді білмеген дымды да білмейді. Ата-баба қадірлеген ислам дінімізді қастерлеп, Құдайдан қорқып, ел-жұрттан ұялып, тәртіпті тәрбиелі боп қалыптасқанын көрсек. Тіл, дін, діл жан дүниемізді тәртіппен ұстасақ қана отбасында тәртіп болады. Отбасында тәртіп болса, мемлекетте тәртіп болады, мемлекетте тәртіп болса, әлем орнында тұрады.
Бүгінгі қыз, ертеңгі ана, тіршіліктің тірегі, адамзат сапарын жалғастырушы, қазақтың келешегі сол арқылы өседі, өнеді, көсегесі көгереді. Келін түсіруден үлкен той, қуаныш жоқ. «Келін түсірдің бе, қолыңды ыстық суға малдың ба?»- деп аналар бір-біріне сұрақ қойып, жақсы тілек білдіріп жүреді. «Ақ орамал – бақ орамал», «Келіннің сәлемі – үйдің туы» деген қағиданы берік ұстанып, үлкеннің оң назарында болып, «қосағыңмен қоса ағар», «бала-шағаңның игілігін, қызығын көр» деген бата алып, көгеріп өскенге не жетсін!
Қазақ қызын арға, ұлын нарға балап, ізеттілігін келінінен, татулығын абысынынан, айбарлылығын атасынан, мейірімділігін анадан тапқан халық. Қазақ қызын қызғыштай қорып, үкідей үлбіретіп өсіріп, «қыз 16 жасында алмадай болып піседі» осы аманатты құтты орынға қондырған.
Қазаққа ең керегі – өсім. Қазіргі дәуірдегі жастардың алға қарай талпынысы, дүниеге көзқарасы, білімге құлаш ұруы қуантады. Қазіргі қоғам талабына сай өмір сүргісі келеді. Бүгінгі жастар патриотизм ұғымын терең түсіне бермейді, отансүйгіштіктің қадіріне жете қойған жоқ. Оны тек сөз жүзінде айтады. Елдік мәселесіне келгенде әрекетсіздік танытады.
Өмірден өзін-өзі іздеп тапқан адам бақытты. Таппаса, шатаса береді. Сол себепті жастардың өз жолын тауып, туған ел, Отан алдында адал қызмет етсе игі. Балаларды тек қазақ мектебіне беріп, онда өз тарихымыз, әдебиет пен мәдениетіміз, әдеп-ғұрып, салт-санамыз зерделей оқытылса.
Арқаланып шет ел асу, мұхит асу, тіпті, сонда қалып қою – үлкен қателік һәм білместік. «Алтынды шыққан жерден қаз» қазақ жерінде іздегеніңнің бәрі бар. Туған ел – алтын бесіктен ешқашан безбе.
Сабыр Адай ақынның: «Әр қазақ – менің жалғызым» дегеніндей, «Біріңді қазақ біріңді дос, көрмесең істің бәрі бос» деп ұлы Абай айтқандай, жерге, суға ие болып, болашақ ұрпақ ата-баба жолымен бақытты ғұмыр кешсе деген ізгі ниетпен Сиыр жылына бата тілейік, ағайын!
Тегі судан жаратылған сиыр жылы келгенде – көктем ұзаққа созылып, кеш келеді. Жазы жаңбырлы, қысы суық, қарлы-боранды жыл болады. Жеміс-жидектен аз өнім алынғанымен, күзде астық мол шығады. Бұл жылы туған сәбилер өр мінезді, күшті, қайратты, жігерлі болып келеді. Сиыр жылы әр қазақ отбасы ұрпақты болсын, ырысты, ырысы жұғысты болсын! Жаңа замандағы жаңа ұлттың болмысын қалыптастыруға бәріміздің атсалысқанымыз абзал болмақ, ағайын!

Болатбек қажы Қайыпбекұлы,
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы.
Бақалы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close