Шағын бизнес кей елдерде ішкі жалпы өнімнің 50-60 процентіне дейінгі үлесін иеленетінін ескерсек, бізге де олардың тәжірибесін үйрену артық болмайтыны анық. Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» төртінші міндет ретінде «Шағын несие беруді көбейту» мәселесі көрсетілгені Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлініп отырғанын аңғартады. Жеңілдетілген несие көлемінің ұлғайтылуы өзін өзі еңбекпен қамтығандардың, кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген азаматтардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететіні анық.
Жалпы ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту мәселелері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауларынан да тыс қалған емес. Мысалы, 2020 жылы жарияланған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағдары басты жеті қағидатқа негізделуі керек екені айтылып, соның бір қағидаты ретінде жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі туралы мәселе көтерілген болатын.
Атап айтатын болсақ: «Жалпы экономикалық дамуымызда оң үрдіс бар екені сөзсіз. Алайда, бүгінгі ахуалдың әлі де күрделі екенін ашық айтуымыз керек. Сондықтан, мен «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдадым. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржының жалпы көлемі кемінде бір триллион теңге болады»,- деп атап көрсетті Президент. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауында да еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру мен орта және шағын кәсіпкерлікті дамытудың жай жапсары тағы да көрініс тауып отыр.
Ауданымызда шағын және орта кәсіпкерлік салалары қарқынды дамып келеді. Оның ішінде әсіресе нан өндірісі де аса маңызға ие. Бұрындары нан өндірушілер тек қана аудан орталығында болса, қазір орталыққа жақын бірқатар ауылдарда шағын наубайханалар іске қосылып, өнімді жұмыс жасауда.
Нан өнімдерін шығарумен тұрақты айналысып келе жатқан шағын кәсіпорындардың бірі Көкбастау ауылдық округіне қарасты Қосбөлтек ауылындағы «Айкөркем» наубайханасы. Кәсіпкерлік саласында алты жылдан бері өнімді жұмыс жасап отырған кәсіпкерлік нысанының ісі ілкімді.
«Айкөркем» жеке кәсіпкерлігінің иесі Күнсұлу Қамбарова 2015 жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы үш миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, бұл қаражатқа Шымкент қаласынан нан пісіруге арналған пеш және қамыр араластырғыш, тағы басқа қосымша жабдықтар сатып алғанын айтады. Қазір мұнда күніне 500-600 данаға дейін нан өнімдері шығарылуда.
-Өзім ауылдағы «Орталық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде автогаражда бірнеше жыл диспетчер болып жұмыс істеген болатынмын. Содан 2008 жылдары аталған серіктестік таратылған соң жұмыссыз қалдым. Алғашында мал шаруашылығына біржолата бет бұрып, үйде жылқы және сиыр ұстап айналдыра бастадым. Мал баққан соң оның өнімін сатып, пайдасын көрмесең тағы болмайды. Сауын кезінде бес бие сауып, одан қымыз дайындауды үйренендім. 10 сиырдың сүтінен түрлі өнімдер шығарған кездерім де болды. Түсіне білгенге бұл табыс көзі болғанымен, соған сәйкес оның бейнеті де ауыр. Жасымыз болса алпысқа жақындады. Малдың басын азайтып, кәсіпкерлікпен айналысайын деп шешім қабылдап, 2015 жылы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығынан үш миллион теңге несие алып, үйімнің ауласынан шағын наубайхана ашып, жұмыс жасап жатқан жайымыз бар,- дейді жеке кәсіпкер Күнсұлу Мұқанқызы.
Аяғынан нық тұрған, ауданда нан өндірісі жөнінен өзіндік орны бар «Айкөркем» наубайханасында нан өнімдерінің бірнеше түрі шығарылып, күнделікті тұтынушыларға жөнелтіледі. Атап айтқанда, орта салмағы 600 грамды құрайтын бөлке наннан бастап, тандыр нанның және бөлішкенің бірнеше түрі шығарылады. Күніне орта есеппен 500 дана ыстық нан Көкбастау ауылдық округіндегі және аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы 23 дүкенге жөнелтіледі екен. Нан пісіруге қажетті ұн аудан орталығынан жеткізілсе, ашытқы және маргарин, сұйық май Тараз қаласынан әкелінеді.
Тұтынушылардың сұранысына сәйкес, бұрындары мұнда екі ауысыммен нан шығарылса, қазір жұмыс процесі бір ауысымға көшірілген. Оның себебі, қазір аудандағы нан өндірісінде бәсекелестік басым. Әр дүкеннің өз тасымалдаушылары және облыс орталығынан да нан тасымалдаушылар бар. Тағы бір себеп, нанның өткерілу бағасына да көп нәрсе байланысты. Одан бөлек, нан өндірісіне қажетті шикізаттардың тым қымбат болуы да өнім көлемін көбейтуге қолбайлау болуда.
Айталық, қазір нарықта сапалы нан пісіруге жарамды бірінші сұрыпты 50 келілік бір қап ұнның орташа бағасы қазір 9000 теңге шамасында. Сонымен қатар, жоғары сұрыпты ұнның бағасы да қазір көпшілікке қолжетімді емес. Одан бөлек, нан пісіруге қажетті жоғары сапалы маргарин майы мен сұйық майдың, тіпті, құмшекер мен тұздың бағасы да едәуір өсіп кетті. Оған күнделікті газ, электр энергиясы сияқты коммуналдық шығындарды қосыңыз. Мұның бәрі айналып келгенде, нан өндірісін ұлғайтуға кері әсерін тигізуде. Тағы бір айта кетерлігі, наубайханашыларға Үкімет тарапынан жеңілдетілген ұн мүлде берілмейді. Бұл айтылған проблемаларды қазіргі таңда әрбір нан өндірушінің бас ауруы деуге болады.
Нан өндірісі төңірегінде мұндай проблемаларды қосбөлтектік жеке кәсіпкер Күнсұлу апай да басынан өткізіп жатқанын жеткізді. Әлбетте, тәуекелсіз бизнестің алға басуы мүмкін емес. Тәуекелге бел буған кәсіпкер ғана табыс пен нәтижеге қол жеткізеді. Бұл да нарықтың заңы.
«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, нан өндірісінде өзіндік орны бар «Айкөркем» наубайханасында бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның төртеуі нан пісіретін қыз-келіншектер болса, біреуі нан тасымалымен айналысатын жұмысшы. Жеке кәсіпкер наубайхана жұмысшыларына қажетті жағдайларды жасап отыр. Еңбекақылары уақтылы төленіп, қосымша көмек ретінде сыйақы да қарастырылған. Наубайханада күніне төрт қап ұннан нан дайындалып, дүкендерге 90 теңгеден өткерілуде.
-Өздеріңіз жақсы білесіздер, ұнның бағасы күннен күнге қымбаттауда. Күнделікті өндірісте Шығыс Қазақстан облысынан жеткізілген бірінші және жоғары сұрыпты ұндар пайдаланылады. Өз облысымыздан шығарылған ұндар көбінесе нан пісіруге жарай бермейді. Басқа да қажетті шикізаттардың бағасы екі-үш есеге өсіп кетті. Мысалы, жоғары сұрыпты бір қорап маргарин 6000 теңге тұратын болса, қазір оның бағасы 10 мың теңгеге жетті. Үкімет осындай олқылықтардың бәрін ескерсе дейміз. Кеңестік кезеңде наубайханаларға мемлекет тарапынан үлкен көмектер жасалатын. Қазір мұндай жеңілдіктердің бірі де жоқ. Ең болмаса жеңілдетілген төмен бағамен ұн берілсе деген тілегіміз бар. Бұл жалғыз менің пікірім емес. Нан өндірушілердің барлығына тән проблема бұл. Шикізат қолжетімді болса, нанның бағасы да қарапайым тұрғындарға қолжетімді бола түсер еді,- дейді жеке кәсіпкер.