El іshі

Табиғатты қорғау – мемлекеттік маңызы зор іс

Бүгінгі таңда адамзатты ерекше алаңдатып отырған зор проблеманың бірі – қоршаған ортаның, табиғаттың жай-күйі. Табиғат – тіршілік атаулының алтын ұясы, аялы бесігі. Адам – табиғаттың бір бөлшегі, Жер-Ананың перзенті. Табиғатты, Жер-Ананы сүйе білу, оны қорғау, аялау, табиғи байлықтарды үнемді пайдалану – әр адамның азаматтық борышы, міндеті.

Осы ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының «Экология және биологиялық әркелкілікті қорғау» атты жетінші кезеңінде «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды» Табиғат-Ананың байлығын қорғау мақсатында, қоршаған ортада экологиялық тазалық орнату мақсатында бірнеше тапсырмалар берілген болатын.
Экологиялық және биологиялық әркелкілікті сақтауда табиғаты көркем Жуалы ауданында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, аудандағы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің табиғатты қорғау жөніндегі атқарып жатқан жұмыстары жетерлік. Ең бастысы, мекеме табиғатты қорғау мемлекеттік іс екенін назарға алуда.
2002 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің қаулысының негізінде құрылған аталған мекемені 2003 жылдан бері жуалылық азамат Әлижан Мұртазаев басқарып келеді. Орманды күзету, қорғау, молықтыру және орман пайдалану мәселелерімен орман шаруашылығы қызметкерлерінен тұратын мемлекеттік орман күзеті айналысады. -«Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-на қарасты жалпы аумақ 103 861 гектарды құрайды.
Мекемеде бүгінгі таңда 72 қызметкер жұмыс атқарады. Оның ішінде орман шаруашылығы дипломы барлары тоғыз, оқып жатқандары төртеу.
Жуалы орман мекемесінің мемлекеттік орман қоры жерінің 30232 гектарын таулы аймақтар, яғни Алатау, Бөкейтау, Боралдай, Құлантау, Сүңгі аймақтары жатады. Сонымен қатар, республикалық дәрежедегі ерекше қорғалатын «Берікқара шатқалы» мемлекеттік табиғи қаумалы да аталған мекемеге қарасты. Ал, Мойымқұм өңіріндегі Қоянды, Аққойлы айналымы 73 629 гектар жерді алып жатыр.
Мекеме екі орманшылыққа бөлінеді. Қоянды орманшылығы екі айналымнан және Жуалы орманшылығы 13 айналымнан тұрады.
Жуалы ормандарды және жануаралар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің орман бөлімшелері 15 (он бес) орманшы-қорықшылар айналымына бөлінген.
Мекемеде екі ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Берікққара және Жуалы-Қарашат ерекше қорғалатын табиғи аумақтар болып есептеледі. Республикалық дәрежедегі ерекше қорғалатын «Берікқара шатқалы» мемлекеттік табиғи қаумалы (кешені) – жалпы ауданы 17500 га, Жуалы-Қарашат ЕҚТА – 148300 га. Бұл жерлерде «Қызыл кітапқа» енген ерекше құнды Берікқара терегінен бөлек, басқа ерекше да ағаш-бұта және шөптес өсімдіктердің 50 аса түрін, жануарлардан арқар, үнді жайрасын кездестіруге болады.
Мекеменің орман қоры жерлерімен шекаралас орналасқан елді мекендерде және жеке шаруа қожалықтарында өрт қауіпсіздігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілген және нұсқамалар таратылған. Яғни, әркім қоршаған ортаға, Табиғат-Анаға жанашырлық танытып, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауы керек. Біздің табиғи ресурстарымыз баға жетпес байлығымыз, мол мұрамыз. Сондықтан мекеме қызметкерлері көпшілік үнемі тығыз байланыс орнатып, жүйлеі жұмыстар жасауда.
2021 жылы 600 км өртке қарсы ескі жолақтар күтіп бапталған.
Мекеменің барлық айналымдарындағы орманшы-қорықшылар мекеме директорының бұйрығымен бекітілген.
Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінде жеті орманшы-қорықшылар үйімен, екі орманшы –қорықшы үйі адам тұруға қайта жабдықталып жасалынып, контейнер қаматамасыз етілген. Қалған орманшы-қорықшылар келісімшарт бойынша айналымдардың жанында орналасқан жеке үйлерде тұрып жатыр. Орманшы үйлерінің барлығына өрт қалқандары берілген. Мекеменің орманшы үйлерінде жеті күн сәулесі батареялары орнатылған. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық. Орманшы үйлерінің айналасы таза, күтіп ұсталуда. Мекеменің барлық орманшы-қорықшылары және қызметкерлерінің арнайы киімдері бар. Орманшы –қорықшылар айналым паспорттары және қызметтік куәліктері берілген.
Мекеменің орман күзеті қызметкерлеріне бес «Байкал» пистолеті бекітіліп берілген және қарулар арнайы ережеге сәйкес сейфтерде сақталуда. Орманшы қорықшыларға төрт мініс аты бекітілген. Мұнда өрт қауіпсіздігі кезеңінде төрт бекет жұмыс істейді.
Мекеменің орманшы-қорықшылары мен қызметкерлері тексеру барысында 37 азаматқа әкімшілік құқықбұзушылық хаттама толтырған.
Мұнда төрт трактор, 11 автокөлік бар. Мемлекеттік мекеменің автокөліктері, тракторлары мемлекеттік орман қоры жерлерін қорғау күзетуге және өрт қауіпсіздігі кезеңіне табиғи және орман өртерін өшіруге, мекеменің орман қоры жерлерінде орманды молайту өсіру және қалпына келтіру жұмыстарына пайдалануда.
-Мекеменің орман қоры жерінің 2021 жылы 42 гектар жеріне 75,6 мың дана сексеуіл көшеттері отырғызылды. Үстіміздегі жылы жоспар бойынша белгіленген 2,0 гектар жерге көктемде қарағаш ұрығы себілді. РММ «Қазақ мемлекеттік республикалық орман тұқым мекемесіне» сараптамасына жіберіліп, МЕСТ 13857-95 техникалық талаптармен 3-ші сыныпты сапалы тұқым деп танылды. 2020 жылы күз айында осы мекемеге сексеуіл тұқымы сараптамаға жіберіліп, МЕСТ-13855-87 техникалық талаптармен 1 –ші сыныптық талаптарға сай сапалы тұқым деп танылып, күз айында 2020 жылы жоспар бойынша белгіленген 2,5 гектар жерге 433 келі сексеуіл тұқымы себілді. Алдағы қараша айында 5 га жерге 850 кг сексеуіл тұқымы себіледі. 2022 жылы 500 га жерге сексеуіл көшетін отырғызу жоспарлануда. Қазіргі таңда жер дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
2021 жылы наурыз айында тұқымбақтан Ақыртөбе орман шаруашылығы мекемесіне 130 000 дана, Луговой орман шаруашылығы мекемесіне 52,7 мың дана қарағаш көшеті қайтарымсыз берілді.
Сондай-ақ, біздің мемлекеттік мекемеде жыл сайын кәсіби мерекемізге орай қызметкерлер арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Орманшылар төрт спорт түрінде бақ сынайды. Яғни доп теуіп, гір көтеріп, арқан тартысып, қол күрестіреді. Шара соңында жеңімпаздарға арнайы грамоталар мен сыйлықтар беріледі. Бұл жарыс мекеме қызметкерлерін саламатты өмір салтын ұстануға шақырады. Табиғатты қорғаумен қатар, спортты қатар алу жүруді насихаттайды. Бұл үрдіс әрі жылы өз жалғасын табады, – дейді мекеме басшысы Әлижан Батырханұлы.
Орман қоры жерінің жалпы көлемі 103 905 гектар, оның ішінде 50 506 гектары орманмен көмкерілген алқап.
Мекеменің орман қоры солтүстіктен оңтүстікке қарай 100 шақырым, шығыстан батысқа қарай 80 шақырымды алып жатыр. Оның басым бөлігі жазық дала болса, 29 проценті таулы өңірлерде орналасқан. Жуалы орманшылығы Түркістан облысындағы «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығымен шектеседі. Аудан аумағындағы Берікқара шатқалы мен Көксай аумағы жер жағдайы бойынша туристік кластерді дамытуға лайық орындар болып саналады. Мекемеге қарасты аумақта Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген және сирек кездесетін өсімдік түрлерінен жіңішке Штубендорфия, Регель алмұрты, Тянь-Шань жоңышқасы, Бесмүйіз скперотиория, таусағыз, көктікен, Корольков бәйшешегі, сондай-ақ, Грейг, Кауфман қызғалдақтары өседі. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ санатына енгізілген Берікқара мемлекеттік қаумалында сирек кездесетін әрі жойылып бара жатқан Берікқара терегі, сондай-ақ, ақ тұт, Грейг, Кауфман қызғалдағының сирек кездесетін түрлері ұшырасады.
Жануарлар дүниесіне келер болсақ, Алатау арқары, тауешкі, елік, жабайы шошқа, аю, қасқыр, түлкі, жайран, қоян, түлкі, мәлін, дуадақ, бүркіт, қаршыға, бозторғай, басқа да аң-құстардың алуан түрлері мекендейді. Берікқара шатқалында Қаратау арқары кездеседі. Орманшы-қорықшылар Қаратау арқарларын жоспарлы түрде санақтан өткізіп және олар мекендейтін өңірлерге тұзжалаққа тұз салып отырады.
2020 жылы Жамбыл облысы әкімінің арнайы қаулысымен облыстың Жуалы, Талас және Жамбыл аудандарының территорясында «Жуалы-Қарашат» жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалы құрылған болатын. Оның жалпы көлемі 148 300 гектарды алып жатыр. Онда да жануарлар мен өсімдіктер дүниесі өте бай. Атап айтқанда, онда Қаратау арқары, тау сусары, бүркіт, Үнді жайрасы, безгелдек, қарабауыр және ақбауыр бұлдырық, ұбақ, дуадақ, Сібір елігі, борсық, т.б. аң-құстар бар. Осыншама табиғат байлығын қорғауға, көздің қарашығындай сақтауға Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі ұжым болып барлық күш-жігерін біріктіріп, жұмыс жасауда.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close