El іshі

Тазалық жұмысынан қанағат табады

Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны, қарапайым еңбек адамы Қалбике Төребаеваны қолындағы құрал-сайманымен ауылдағы орталық алаңның маңынан жиі көруге болады. Оның қоғамдық жұмысшы ретінде ауыл көшелері мен гүлзарларды санитариялық тазарту жұмыстарымен шұғылданып келе жатқанына ширек ғасырдай уақыт өтті.

Жұмысшының міндетіне қысы-жазы ауылдағы өзіне бекітіп берілген көшелердің бойындағы тазалықты сақтау, орталық алаң мен оған жапсарлас Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналған монументтің маңайындағы жапырақтар мен қоқыстарды сыпыру, жинау, көктем-күз мезгілдерінде гүлзарлар мен саябақтарды күтіп-баптау, жаңадан отырғызылған гүлдер мен тал-дарақтарды суғару, қыста көшелерді қардан тазарту, арық-атыздарды тазалау және т.б. жатады.
Қалбике 1970 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданының Тасбөгет кентінде дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін туған ауылында қалып, бірер жыл шаруашылықта жұмыс істеді. 1988 жылы тұрмыс құрғаннан кейін көп ұзамай, отбасымен ақылдаса келе, Жуалы ауданының Самсоновка (Күреңбел) ауылына қоныс аударды.
Еңбекқор келіншек жұмыс талғамай, бірден ауылдағы Чапаев атындағы кеңшарға сауыншы болып орналасты. Тумысынан мінезі ақ жарқын Қалбикені көпұлтты еңбек ұжымы жатсынбай қабылдады. Елгезектігі мен еңбексүйгіштігінің арқасында мұнда да адамдармен жылдам тіл табысып, сіңісіп кетті.
– Ол кезде бүгінгідей сауын аппараты жоқ. Сауыншылар бригадасы таң алакеуімнен келіп, сиырды қолмен сауатынбыз. Әр сауыншыға 4-5 бастан сиыр бекітіп берілген. Мен қарамағымдағы әр бас сауын сиырдан 10-15 литрден сүт саудым. Күндік еңбек нормамды асыра орындап, өндіріс озаты атандым. Жыл аралап шаруашылық тарапынан мақтау қағаздары мен ақшалай сыйлықтарды алып жүрдім. Сол кезде бірге жұмыс істеген Света, Жанар есімді әріптестерім әлі есімде. Мұнда табаны күректей бес жылдай еңбек еттім, – дейді Қалбике.
Тәуелсіздік алғаннан кейін кеңшардың шаруасы шатқаяқтай бастады. 1995 жылы бұлар отбасымен аудан орталығына көшіп келеді. 1997 жылдан бастап ауыл әкімі аппаратына қоғамдық жұмысшы болып орналасады. Содан бері әріптесі Кенжекүл Шерековамен (суретте оң жақта) бірге қысы-жазы бір тынбай, ауыл көшелері мен гүлзарларының тазалығын қамтамасыз етіп келеді.
Қалбике құдай қосқан жары Толыбай екеуі үйелмелі-сүйелмелі екі ұлын өсіріп, жеткізді. Бүгінде үш немересі бар. Ұлдары Қуаныш пен Жамбыл әртүрлі салада жұмыс істейді.
– Мен өзімнің жұмысымды қадір тұтамын, одан тапқан азды-көпті жалақыма қанағат етемін. Сондықтан да, бейнетім ауыр, қол жұмысын істеп жүрмін деп ешқашан арланған емеспін. Қанша қиындық көрсем де, ешкімнің алдына барып, алақан жайып көргем жоқ. Өмір бойы тырбаңдап, адал еңбегіммен жетіліп келемін. Бойымда қажыр-қуатым барда, тұрмыстың тауқыметіне бой алдырмаймын. Жұмысым өзіме ұнайды, қанағат табамын, – дейді Қалбике.
Бауыржан Момышұлы ауылы әкімінің орынбасары Мақсұт Орымбаев жұмысшының ұзақ жылдан бері Батыр атын иеленген ауылдың көркі мен тазалығына қосқан еңбегінің зор екенін, өз ортасында бір кісідей сыйы мен абыройы барын, сонымен бірге тапсырған іске мұқият, жауапты қарайтынын айтады.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close