El іshі

Бас есепші Бибігүл

Қарап отырсаңыз, өмірде сан түрлі мамандық иелері бар. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, жылдар жылжып, заман алға қарай аршындап қадам басқан сайын кейбір мамандықтар жойылып, оның орнына заман талабына сай жаңа мамандықтар пайда болуда. Адам баласының бар өмірі, күнделікті тұрмыс тіршілігі есептеулерден тұратыны белгілі. Сондықтан ел дамуына үлес қосып отырған мекемелер мен ұйымдарда есепші (бухгалтер) мамандары жұмыс істейді. Кейбір мамандар бір-бірінің қызмет-міндеттерін өзара ауысып, істей беруі мүмкін. Алайда, есепшінің жұмысын кез келген маман алып кете алмайды. Себебі, мекеменің есеп-қисабы, оның даму жоспарларын тек қана есепшілер ғана дөп басып анықтап, алға қаржылық жоспар мен болжам жасай алады. Сондықтан, қай кезде болсын, біздің қоғамда есепші, үнемдеуші мамандарына сұраныс қашанда жоғары.

Біз осы ретте ауданда мәдениет саласында, оның ішінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүесінің жұмысын алға бастыруға, мекеме қызметкерлеріне лайықты жағдай жасауға сүбелі үлес қосып жүрген бас есепші Бибігүл Әлімбекованың еңбегін көрсетуді жөн санадық.
Бибігүл Оршыбекқызы 1965 жылы Түктібай ауылында көпбалалы, шаруа отбасында туған. Ата-анасы «Бурненский» совхозында жұмыс істеген. Ауыл мектебін бітірген бойжеткеннің арманы болашақ медицина қызметкері болу еді. Мектепте оқып жүргенде ол осылай армандайтын. Мектеп бітірген соң Оршыбектің немере ағасы, ауылдың беделді азаматы, еңбек ардагері болған Еламан Әуелбеков (Түктібай ауылының орталық көшесі Е.Әуелбековтың атымен аталады) Бибігүлге есепші мамандығын таңдауға кеңес береді. Жамбыл медициналық училищесіне құжат тапсырғалы барған бойжеткеннің ойы сол арада күрт өзгеріп, Жамбыл есеп-санақ техникумына құжат тапсырып, емтиханнан да сүрінбей өтіп, оқуға түсіп кетеді. Бұл 1980-ші жыл болатын. Осында үш жылдай оқып, диплом алған жас маман 1983 жылы Жамбыл технологиялық жеңіл-тамақ өнеркәсіп институтына түсіп, оны да жақсы үлгеріммен бітіреді.
-Ауылда шаруа отбасында өстім. Отбасымызда есеп-қисап, бухгалтерия саласында жұмыс істеген ешкім болған жоқ. Мектепте сабақты орта үлгеріммен оқыдым. Негізі, қыз бала болған соң медицина қызметкері немесе мұғалім болуды армандайтының анық. Мен де құрбыларым сияқты жастайымнан медицина қызметкері болсам деп армандадым. Алайда өмірдің ағысы мені есепшілікке алып келді. Оған ешуақытта өкінген емеспін,- дейді бас есепші Бибігүл апай.
Аудан тұрғындарына белгілі, кеңестік кезең тұсында ауданда жемісті жұмыс жасап, ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан мекемелердің, өндіріс ошақтарының қатарында Шыңғазы Үлеков атындағы жүн өңдеу фабрикасы да болды. Кезінде қаншама адамды жұмыспен қамтып, жүн өңдеу және тоқыма саласын дамытуға күш салған өндіріс ошағы туралы көп айтуға болады.
Біздің кейіпкеріміз Бибігүл Әлімбекованың да алғашқы еңбек жолы осында басталды. Ол білікті маман, өндірістің шебер ұйымдастырушысы Шыңғазы Үлеков басқарған жүн өңдеу фабрикасында есеп жүргізуші (учетчица) болып 1988 жылдан 2000-шы жылға дейін жұмыс істеді. Осында өндіріс орнының басшысы Ш.Үлеков пен бас есепші болып жұмыс істеген Затыбек Қорғанбаевтың тәлімін алып, бұл кісілерден есеп-қисаптың қыр-сырын үйрене отырып біршама тәжірибе алды. Бүгінде аудандық кітапханада бас есепші болып 20 жылдан бері табан аудармастан жұмыс істеп келе жатқан Бибігүл Оршыбекқызының айтуынша, саланың қыр-сырын үйрену, жаңа ортаға сіңісіп кету алғашында оңай түспегенге ұқсайды. Өзіне сеніп тапсырылған қайбір іске болсын, өте тиянақты, жауапты қарайтын әрі оны сапалы орындауға дағдыланған жас маман есепшілікті де тез меңгеріп алды. Жас маман ретінде қалыптасып, қанатының қатаюына үлес қосқан ұстаздарының еңбегін әлі де айтып отырады.
Жүн өңдеу фабрикасында әбден тәжірибе жинақтап, маман ретінде қалыптасқан есепші Бибігүл Әлімбекова 2000-шы жылы Жуалы аудандық мәдениет басқармасына қарасты (қазіргі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ол жылдары солай аталған) аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне бас есепші болып ауысады. Міне, 20 жылдан бері аталған мекемеде жемісті жұмыс жасап келеді.
-Бұл мекемеде алғашында аудандық мәдениет басқармасының бастығы қызметін атқарған азамат Ришад Қуанышевпен тіл табысып жұмыс жасадым. Ал орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры, бүгінде зейнеткер, білікті басшы Бақыткүл Қанаевамен қызметтес болғанымды мақтан тұтамын. Аты аталған екі басшы да менің бұл мекемеде жұмыс жасауыма жағдай жасап, адамгершілік тұрғысынан үнемі қолдау көрсетіп отырды. Тіл табысып әрі тірліктің көзін тауып жұмыс істегеніміздің нәтижесінде 2000-шы жылдардың басындағы қиындықтан да жол тауып шыға білдік.
Алғашқыда қиын болғаны рас. Қаржының тапшылығы сезілді. Кейбір кітапханалар жабылудың аз-ақ алдында тұрды. Алайда кітапхана ісіне шын берілген басшы Бақыткүл Сыдықбекқызының жанкештілігімен кітапхана ісі біртіндеп ілгерілей берді. Жыл өткен сайын кітапханашылардың да жағдайы жақсара бастады. Ал соңғы екі-үш жылдың бедерінде ауылдық кітапханаларда цифрландырылған ақпараттық орталықтар жабдықталып, тұрғындарға қызмет көрсету үстінде. Міне, осы және басқа да жұмыстар кітапхана ісінің заман ағысымен бірге дамып келе жатқанын көрсетсе керек,- дейді бас есепші Бибігүл Оршыбекқызы.
Сала жұмысын дамытуда есепшілердің біліктілігін арттыру семинарлары маңызға ие екені белгілі. Осы ретте есепшіліктің қыр-сырын жақсы білетін бас есепші Б.Әлімбекова да әр үш жыл сайын біліктілігін арттыру курстарынан өтіп тұрады. Сертификаттары да жетерлік. Одан бөлек, үлгілі әрі жемісті қызметі үшін алған марапаттары да жетерлік. Оған аудан әкімінің Алғысхаттары мен Құрмет грамоталары дәлел. Саладағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі ескеріліп, 2019 жылы Жамбыл облыстық қаржы басқармасының Құрмет грамотасына ие болды.
Бас есепші Бибігүл Әлімбекова 1990 жылы Нышанбай Торғауытов есімді азаматпен шаңырақ көтеріп, бүгінде екі ұл, екі қыз тәрбиелеген аудандағы үлгілі, еңбекқор отбасылардың қатарында. Сонымен бірге, екі немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close