Basty betEl іshі

«Баркуаб» қалашығына үш жылда 3000-дай турист келген

Сәрсенбі күні Жамбыл облысы әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов және облыстық, аудандық газеттің тілшілері «Бурнооктябрск-1» шартты атауымен танымал Баркуаб қалашығы, тарихи археологиялық ескерткішіне келді. Оларды аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Фариза Оразымбетова келушілерге жол көрсетіп жүрді. Айта кету керек, аталған көне қала жұрты ауданға қарасты Көкбастау ауылдық округінің Теріс ауылы маңында жергілікті жұртшылық «Жылқышытөбе» атап кеткен төбеде орналасқан. Бұл көне қала жұртының қазылып жатқанына биыл төртінші жыл. Оған бюджеттен қажетті қаражат та бөлінген.

Қалашықты тамашалауға келген басқарма басшысына осында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан архелологиялық «АРК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ескендірбек Төрбеков қалашықтың археологиялық қазба жұмыстарының барысы туралы айтып берді. Оның айтуынша, қазба жұмыстары кезінде астыңғы қабатынан 12 метрлік құдық табылған. Бірнеше бидай сақтайтын қамбаның орындары анықталған. Сонымен қатар зерттеуші көне дәуірлерге байланысты көптеген құнды мәліметтерімен бөлісті.
-Жуалы өңірі өз кезегінде Қазақстандағы қасиетті жерлердің бірі саналатыны белгілі. Қасиетті Әулиеата, Жамбыл өңірінің батысында орын тепкен, жан-жағын алып таулар қоршаған осынау өлкенің топырағында өткен ғасырларда болған көптеген тарихи оқиғалар, тылсым сырлар жасырынып жатқаны анық. Ұлы Жібек жолының бойында орын тепкен бұл өңірде шамамен 1897 жылы әйгілі тарихшы-ғалым Василий Бартольд болған деген дерек бар. Ғалым бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысынан Верныйға дейінгі аралықтағы Жібек жолының бойында орналасқан ескі қалалар мен бекіністерді аралап зерттей жүріп, жолай Жуалыдағы Жылқышытөбеде орналасқан көне қаланың да басында болған. Одан кейін де, нақтырақ айтқанда, 1940 және 1970 жылдары ескі қалашықтың жұртында археолог-тарихшы В.Пацевич, сонымен қатар, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бірқатар археолог-тарихшылары келген екен.
Біз «Бурнооктябрск-1» шартты атауымен танымал көне қалашықты төрт жылдан бері зерттеумен айналысып, осында қазба жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Негізінен көне қаланың қабырғалары бүтін сақталған. Мұндай көне заманғы қала жұрты Жамбыл облысында алғаш рет қазылып отыр. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан бұл жұмыстарға аудан қазынасынан қаражат бөлінген.
Бұл қаланы тарихшы-археологтар біздің дәуірімізге дейінгі І және біздің дәуіріміздің ІІ ғасырларында өмір сүрген Қаңлы мемлекетінің қалаларының қатарына жатқызып отыр. Өйткені, дәл осылай қала тұрғызу, үй салу салты қаңлыларға ғана тән. Ал Қаңлы мемлекетімен қатар өмір сүрген Үйсін мемлекетінің қала салу тәсілі басқа.
Біз көне қала жұртын аршып жатып тастан жасалған балта, дән үккіштер, тағы басқа тұрмыстық бұйымдар тауып, бұл жәдігерлерді аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізудеміз. Одан бөлек, қазба барысында адамның бас сүйегі табылды. Оны Жапония мемлекетінің ғалымдары арнайы зерттеуге жіберген болатынбыз. Бұл қалашықты мекен еткен адамдар негізінен дәнді дақылдар егіп, егін шаруашылығымен, сондай-ақ осындай қалашықтар салумен айналысқан деп байлам жасауға болады.
Сонымен қатар қазба жұмыстары кезінде үлкен, мұқабасы қалың, араб тілінде жазылған кітап табылды,- дейді Ескендірбек Санжарұлы. Сонымен қатар, ол өз сөзінде бұл тарихи орынға үш жылда 3000-дай турист келгенін тілге тиек етті. Одан бөлек, Баркуаб қалашығын қазу жұмыстарына тағы да қаржы бөлінсе деген тілегін жеткізді.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close