Basty bet
Аудан әкімі ұйым өкілдерімен кездесті
Кеше аудан әкімі Нарбай Ергебеков ауданымыздағы үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесіп, ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады. Кездесуге аудандағы үкіметтік емес ұйымдарының төрағаларымен бірге этномәдени орталықтардың жетекшілері қатысты.
Ауданымызда жалпы 28 үкіметтік емес ұйым тіркелсе, соның 21-і белсенді қызмет етеді. Олардың бағыты сан түрлі болғанымен, мақсаты бір. Яғни, ел мүддесіне қызмет ету.
Шара барысында «Жуалы әйелдері» қоғамдық бірлестігінің басшысы Күлбақыт Тұрымханқызы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемін ұлғайту, «Мехрибан» қоғамдық ұйымының төрайымы Эсмира Гашангқызы медициналық кеңестер мен қызметтерге әлеуметтік тапсырыс енгізу, «Тұлға психологиялық кеңес беру орталығы» қоғамдық қорының практик психологтарын тарта отырып арнайы орталық құру туралы ұсыныстары айтылды.
Елімізде пандемия өршіген тұста қол ұшын беріп, азаматтық танытқан «Гамбург» ЖШС-ның басшысы Егор Егорович, «Шешен» этномәдени орталығының төрағасы Лечи Геланиевич те өз ойларын ортаға салды.
Шара соңында ҚР Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына байланысты біршама азаматтар марапатталды.Олардың арасында аурухананың «қызыл аймағында» жұмыс атқарушы дәрігерлер, волонтерлар, демеушілер де бар.
Аудан әкімі аурухананың «қызыл аймағында» жұмыс атқарған дәрігерлер мен еріктілер, демеушілерді құттықтап, қиын сәтте көмектескендері үшін өз алғысын айтты.
Үміт Мадиярбек,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы