Basty bet

Қазақ тілі – менің ұлттық мәртебем!

Жалпы жер жүзінде 6000-нан астам тіл болса, оның ішінде қолданыстағы мемлекеттік статусы бар тілдер және жойылу алдында тұрған сонымен қатар, атауларын тек тарихтың көне ақпараттарынан көз шалып қалатын, бүгінде жер бетінде жоқ тілдер де бар. «Мемлекеттік тіл» мәртебесіне ие болғанымен, статусына сәйкес құрметке ие бола алмай келе жатқан тілдер де бар. Тіл тағдыры ел тағдырымен біртұтас болғандықтан, тілдің мәңгі жасауы халықтың ұлттық құндылықтарын жоғарғы дәрежеде дәріптеуімен сипатталады.
Қасиетті тіліміздің жоспарлы саяси даму, халқымыздың тілдік құқығын қорғау бастамасы, көркем әдебиет пен іс қағаз тілін қалыптастыру жұмыстары Алаш ардақтылары, ұлт көсемдері болған Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов сынды зиялыларымыздың ерен еңбегінен бастау алған. Замана қысымына орай ұлт болашағы бұлыңғыр тартқан шақта ұлттық тіліміздің тағдырын шешуде зиялыларымыз ұсынған жол айрықша болды. Сол себептен, тіліміздің бүгіні мен болшағын бағамдау үшін осы жолды сабақ ала жалғастыруымыз қажет. Тіл мәселесіне байланысты зиялыларымызды ұлықтауға себеп қандай?
Ұлттық тілді құрметтеу әрбір қазақ орындауға тиісті маңызды міндет. Ал Қазақстан азаматтары құрметтеуге тиіс ұлттық тіл – қазақ тілі. Қазақ тілін меңгеретіндердің саны пәлендей деп құратын диаграммадағы сандар адамды тастағанымен, көз көріп, құлақ еститін қоғам сипаты мүлде бөлек. Сиқырлы цифрлардың жылтырауы шын болса, біздің елде мемлекеттік тілге байланысты ешқандай мәселе жоқ деп аяқты аспанға көтеріп жата берсек те болатындай. Дегенмен, шынайы өмір келбеті бұған жол бермейді. Қоғаммен біте қайнасып өмір сүретін кез келген толыққанды адам қазақ тілінің жоғары сұраныста еместігіне көп қарсылық білдіріп жатпайды. Тек тіл саласында қызмет ететін адамдар легі ғана мемлекеттік тіл мәртебесінің жоғарылауын айтып мақтануда. Сол мақтаныш тек қағаз бен сиқырлы цифралар түрінде қалып қоймаса болғаны. Бұл мәселе ұлт құндылығына тікелей байланысты. Ал ұлттық тілдің құндылығын жоғалту ел келешегі үшін үлкен кесел.
Кесел демекші, елімізде ұлттық тілдің мәселесі сан жылдар бойы кезек күттірмейтін, кеселі көп мәселе болып келеді. Кезек күттірмейтіндейтін себебіміз,бүгінде, қазақ тілінің хал-ахуалы бірқалыпты жағдайда емес. Мемлекеттік статусы болғанымен көп жағдайда қолданылу аясының тарылып бара жатқаны да байқалады. Қоғамда «ана тілім – қазақ тілі» деп айта алғанымен, ана тілінде сөйлеуге шорқақ немесе тіпті, ол тілде сөйлеуді білмейтін қазақ азаматтары да бар. Тіпті, қарапайым халықты қойып, аты дардай депутаттарымыздың қазақ тілінде жасаған мәлімдемелерін естігенде, жағамызды ұстаймыз. Бірақ ана тілімізге шорқақ жандарды қазақша сөйлеуге міндеттейтін заңның да барын ескергеніміз абзал. Бірқатар алпауыт компаниялар мен мекемелерге жұмысқа алу кезінде алдымен орыс және ағылшын тілдерін білуі талап етіледі. Мемлекеттік қызмет аясында да қойылатын басты талап осылар.
Тілді құрметтейтін ел ретінде алдымен қазақ тілін біліп, орыс және ағылшын тілдерін белгілі бір мақсаттар үшін меңгеруіміз керек. Еліміздің бәсекеге қабілеттілігі үшін Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаев «Үш тұғырлы тіл» саясатын енгізді. Ондағы мақсат елімізге ағылшын, орыс тілдерін үйретіп, қазақ тілін «тереңге көму» емес. Дана халқымыздың: «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген нақылы қазақ тілінің маңызын нақтылай түсті. Орыс тілінің басымдығын сөз етсек болғаны, «қаншама жыл орыс құрсауында болдық деген» деген сылтаулар айтылады. Ол дәуір өтті, бүгінде егемен елміз, тілді үйренем деушілерге мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіледі. Көп жағдайда, қазақ тілі дәрежесінің төмендігін оның үйретілу сапасынан емес, сұраныстың аздығынан, тиісті дәрежеде қажеттіліктің болмауынан іздеген дұрыс. Қазақ тілін білуге қойылатын талап жайы тіпті, әділетсіз деп айтуға болатындай.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Ендігі кезекте мемлекет тұрғындарын қазақ тілінде сөйлетуді мәжбүрлі жүзеге асыру қажет деген пікірлер де айтылып жатыр. Дегенмен бұл тезистің күмән-күдігі басым. Өйткені өз кәсібін дөңгелетіп отырған қандай да бір диаспоралар үшін, қазақ тілін меңгеру қаншалықты тиімді деген сұрақ туындайды. Себебі олар үшін елімізде орыс тілінде өмір сүру қиын емес те, керісінше қазақтарға өз елінде орысша өмір сүру қиындық туғызады. Бұл этносаралық наразылықтар да тудырып жатады.
Бірақ бүгінде, қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мемлекеттік тілдің ахуалын көтеру бағытында бірыңғай шаралар жасауда. Басқарма мемлекеттік мекемелердегі тіл нормаларыны сақталуына мониторинг жүргізді. Елдегі біршама көше атауларын қазақша ретке келтіру жұмыстарын жасады. Қазақ тілінде сапалы контентті дамытуда. Осы орайда, әдеттегіше үкіметті кінәләу үрдісіміз жүрмей тұр. Көп жағдайда орыс тіліне жақындығымызды өткен ғасырлардағы қазақ халқының Ресей державасына бодандығымен түсіндіріп жатады. Ол да ақылға қонымды. Себеп тек, бүгінде еліміздің дербестігін еске ала отырып мәселені қайта қарасақ мемлекет бар жағдайын жасаған қазақ тілінде таза сөйлеуге кейбір адамдарда өзіндік құлық жоқ. Қазақша кібіртіктей сөйлеген жандарды көрсек «шала қаза қой» деп жүре береміз. Сонда шалалықтың түбі не болмақ!? Өз тілінде еркін сөйлей білмейтін адамның қазақша ойлап, қазақша өмір сүре алуы екіталай. Сондықтан ана тіліне шорқақ қарау бүкіл болмысына немқұрайды қарау болып табылады.
Қорытындылай келсем, қазақ тілінің бүгінгі ахуалы күрделі мәселе. Қазақ тілі қолданыста деген сөз тек қағаз жүзінде орындалуға апара жатқандай. Мемлекет тарапынан жасалған қолдауларды дұрыс пайдаланып, тіл мәртебесін көтеру еліміздің кез келген азаматының азаматтық борышы.

Айгүл ТӨРЕБАЕВА,
облыстық «Тілдерді
оқыту орталығының»
Жуалы аудандық бөлімшесінің
меңгерушісі

Таңдаулы материалдар

Close