Basty bet

Құрметті Жамбыл облысының тұрғындары!

Дүние жүзі бойынша дендеген дерт әлем елдерін әбігерге салды. Бүгінгі күнге 100 мыңнан астам адамның өмірін жалмаған жұқпаның таралуы күн санап көбейіп келеді. Ал, елімізде етек жайған коронавирус індетінің алдын алу, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету үшін Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Birgemiz» республикалық қоғамдық қоры құрылғанынан хабардарсыздар!
Ол қорға еліміздегі ақшалы кәсіпкерлер, ауқатты азаматтар, ірі компаниялар, ізгі жандар қаржылай қолдау қарастырып жатыр. «Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы республика бойынша облыс орталықтары мен тұрғын саны көп жалпы 23 қаланың 150 мыңнан астам тұрғынына 50 мың теңгеден беріледі.
МЫНА МӘЛІМЕТТІ ҰМЫТПАҢЫЗ:
Тек 23 қала. Оны «Nur Otan» партиясы және жергілікті билік (әкімдіктер) үйлестіреді. 23 қаланың қатарына Жамбыл облысынан тек Тараз қаласы ғана енген. Басқа аудан, шағын қалалар аталған тізімге мүлде кірмейді.
ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ:
Қордан жәрдемқаржы алушылар жеті санатқа жіктеп бөлінген. Олар төмендегідей:
– аз қамтылған көпбалалы отбасылар;
– I топтағы мүгедектер;
– мүгедек бала күтімімен отырған адамдар;
– ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер;
– жетім балалар және 1 асыраушысынан айырылған жетім балалар;
– ҰОС мүгедектері және оларға теңестірілгендер;
– тыл еңбеккерлері.
Санаттарды сараптап, тізімін талдаған – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
НАЗАРДА ҰСТАҢЫЗ:
Тараз қаласы әкімдігі «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің» базасы бойынша жоғарыдағы санатқа жататын 7 473 тұрғынның тізімі партияға берілді. Ал, қор қаржысын алуға ниетті Тараз қаласы бойынша түрлі топтағы 27 333 мың адам бар. Яғни, мұқтаж саналатын арнайы санаттағы адамдар. Олардың ішінде тек 7 473-і ғана іріктелген. Сонда 27 мыңнан асатын адамның тек 27,3 пайызына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мәліметтер базасын жинақтаушы – жергілікті қала билігі! Ал, құрылған Қор қаржысын партия банктер арқылы аударады.
ЕГЕР СІЗ ТІЗІМДЕ ЖОҚ БОЛСАҢЫЗ:
Онда сізден де тұрмысы тым төмен тұрғынның БАРЫН БІЛІҢІЗ!
Сізге қарағанда бір отбасында көпбалалы әрі мүмкіндігі шектеулі перзент тәрбиелеп отырған отбасы бар екенін БІЛІҢІЗ.
Сізге қарағанда ішер ас, киер киімге мұқтаж оның үстіне ет жақын ешкімі жоқ елдегі басқа азаматтың барын БІЛІҢІЗ!
Егер Сіз, «Қор қаржысынан қалыс қалдым!» десеңіз, демек, сізден де мұқтаж басқа бір отбасыға көмек барды деген сөз.
Егер Сіз көмекқаржы алмаған болсаңыз, онда сіз жататын санаттағы, бірақ сізге қарағанда (сізбен салыстырмалы түрде сараптаудан өткен) өзге зәру отбасына ақша аударылды деген сөз.
2020 жылдың 2 сәуірі күні республикалық «Bizbirgemiz» Қорынан «BIRGEMIZ – JAMBYL OBLYSY» Қорының есеп шотына 373,6 млн. теңге қаражат түсті. ЕНДІ ЕСЕПТЕҢІЗ: Тараздан таңдалған 7473 адамға 50 мың теңгеден аударылғанда Қорға түскен қаржы көлемі шыға ма? Көбейту амалы арқылы көрсеңіз көзіңіз жеткен болар ?
Бұл – бизнес өкілдері, жомарт жандар, ел жанашырларымен жинақталған демеушілік көмек. Қазына қаржысына, яки, республикалық бюджетке қандайда бір қатысы жоқ. Сондықтан демеушілердің дем беруімен республиканы, облыс немесе тұтас Тараз қаласының тұрғындарын тізімге енгізу, қаржымен қамту мүмкін емес. Қаржы көлемі шектеулі. Әр бір тиыны тиісінше аударылды.
ТАҒЫ ҚАЙТАЛАП ӨТСЕМ:
Бұл қаржы мемлекеттің ақшасы емес. Бюджеттен бөлінбеген. Алақаны ашық азаматтардың ақшасы.
Бұл қаржы жалпы халыққа арналмаған. (42500-бен және шатастырмаңыз!)
Жиналған қаржыны жіліктеп жеткізу үшін – арнаулы топ іріктелді. Сондықтан, түрлі топтар тұтастай кіргізілмеді.
Бұл – бір реттік атаулы көмек. Ай сайын шотыңызға қайтадан қаржы түспейді.
Қордың әрбір аударылған ақшасы мен жиналған қаржысы бойынша есеп беріліп жатыр. Табанымыздан тік тұрғызған төтенше жағдайға, қарбаласқа қарамай, қысқа ғана уақытта: облыс, қала әкімдіктерінің әлеуметтік салаға жауапты өкілдері, «Nur Otan» партиясының ұжымы, «Birgemiz-Jambyl oblysy» қоры мен банк өкілдері бірнеше күн бойы демалыссыз жұмыс істеп, қаржының тұрғындарға жетуіне барын салды. Банк карточкалары мүлде жоқтарына ол да әзірленіп, кейбір тұрғындардың есепшоттары бұғаттан босатылды. Ақпарат жинақталды. Жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Өйткені, ақша алатындар тізімінде бар бірақ, алу жолын реттемеген тұрғындар да жоқ емес. «BIRGEMIZ – JAMBYL OBLYSY» Қоры Тараз қаласының арнайы санаттағы тұрғындарына тиісті көмектің дер кезінде көрсетілуіне күш салып отыр.
Р.S: Қазір дерттің дендеген шағы. Індет жұқтырушы адам саны артып келеді. Карантин жарияланды. Беймезгіл жүріске тыйым салынды. Қашықтықтан жұмыс, оқу жүйесі жүруде. Мемлекеттік мекемелер алдында топтасып жүріп індеттің таралуына жол бермейік! Сондықтан сіз өз мәселеңізбен (сұрақтармен) партия филиалына қайрылмай-ақ, 8-775-876-28-10, 8-705-911-40-00 Whatsapp, 8(72635)-2-11-85, 8 (7262)-45-17-21 нөмірлері арқылы байланыса аласыз.
Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің телефоны- 8(7262) 54-47-04. Еліміз аман болсын!

Данияр Әлімқұл,
«Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының
баспасөз хатшысы

Таңдаулы материалдар

Close