Basty bet
«Мен үшін халық мүддесіне қызмет етуден артық бақыт жоқ»
Облыстық мәслихат депутаты, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақовтың сайлаушылармен кездесуінде айтқан ойдың түйіні осындай болды
Жамбыл облыстық мәслихатына ауданымыздың №16 «Жуалы» сайлау округінен сайланған депутат, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов осы аптада ауданның бірнеше ауылдық округтерінде болып, сайлаушылармен кездесу өткізді. Айта кету керек, Бағлан Жиенәліұлы 2010-2012 жылдары Жуалы ауданының әкімі қызметін атқарғаннан кейін облыстық мәслихаттың 2012, 2016 жылдардағы соңғы екі шақырылымының депутаты болып сайланып, облыстық өкілді органның басшысы ретінде өңірдің дамуына септігін тигізіп келеді.
Екі күнге жоспарланған кестеге сай халық қалаулысының бірінші күнгі кездесуі Ақсай ауылдық округінен басталды. Округ әкімі аппаратының кеңсесінде өткен басқосуға аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, жергілікті қоғамдастық мүшелері, учаскелік полиция инспекторы, ардагерлер мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысты.
– Құрметті сайлаушылар, ауыл тұрғындары, мен сіздердің ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдап, ой бөліскелі кездесуге арнайы келіп отырмын. Өткен 2019 жыл еліміз үшін де, өңіріміз үшін де айтулы жаңалықтарға толы тарихи жыл болды. Елді 30 жыл үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатып, орнына жаңа Президент сайланды. Облыстың 80 жылдығын қалың көпшілікпен бірге атап өттік. Жалпы, елдің, өңіріміздің өткен жылғы даму көрсеткіштері жаман емес. Жамбыл облысына Асқар Мырзахметов басшы болып келгелі өңірде қадау-қадау істер тындырылды, одан күнделікті бәріміз хабардармыз. Әсіресе, облыс орталығы – 2000 жылдан астам тарихы бар Тараз қаласы адам танымастай өзгерді. Шығыс ою-өрнектері мен бояулары қалың қала Самарқан дейтін болсақ, біздің қаламыз осы ретте кіші Самарқанға айналды. Тектұрмас бабаның басы көркейтіліп, алып ескерткіш тұрғызылды, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени, «Шахристан» кешендері, кіші Арбат жаяу жүргіншілер жолы салынып, саябақтардың сәні кірді. Бұл алып нысандардың құрылысына республикалық бюджеттен бір тиын да жаратылған жоқ. Облыстың ішкі резервтері есебінен жүргізілді. Тектұрмас әулие кесенесі мен Көне Тараз кешені арасында аспалы жол желісі салынады деп жоспарланып отыр. Одан бөлек, биылғы жылы Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандарға арналған ескерткіштің артынан 50 га жер бөлініп, онда «Хан сарайы» демалыс аймағын салу ойластырылуда.
Өңірдің мәдени-тарихи салада қол жеткен табыстарын осылай тізбелеген Бағлан Жиенәліұлы әрі қарай экономика саласындағы жағдайға ойысты. «Осыдан 10 жылдай бұрын облыстың бюджеті 27 млрд. теңгені құраса, биылғы жылы 305 млрд. теңгеден асып отыр. Облыс дотациялы өңірлер қатарына жатады, өзіміздің салықтан және басқа көздерден алатын табысымыз 30 млрд. теңге болса, қалған шығыстар республикалық бюджеттің субвенциясы есебінен жабылады. Шағын және орта бизнестің үлес салмағы 24 пайызға жетіп жығылып отыр. Құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, ішкі-сыртқы сауда, инвестиция, тауар айналымы салалары жедел қарқынмен дамып келеді. Соның арқасында облыс республиканың басқа өңірлерінің арасында 3-4 орынға нық табан тіреді. Өткен жылы облыста 40 медициналық объект салынып, іске қосылды. Бүгінде барлық елді мекендер денсаулық сақтау нысандарымен қамтылып отыр.
Республикалық, облыстық және жергілікті мәндегі автожолдардың 70-80 пайызы сапалы жағдайда. Елді мекендерге газ және сапалы ауыз жеткізуге көп көңіл бөлінуде. Облыста ауызсумен және газбен қамтылу көрсеткіші тиісінше 43 және 56 пайызды құрайды. 2027 жылға қарай бұл істі толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа ел қазынасынан қосымша 37 млрд. теңге бағыттау көзделуде. Осы және басқа да ауыз толтырып айтар табыстарымыз сіз бен біздің, ағайынның ынтымағы мен береке-бірлігінің және көпшіліктің тізе біріктіре еткен еселі еңбегіміздің нәтижесі» деді ол.
Бағлан Жиенәліұлы Жуалы ауданының жағдайына да тоқтала кетті.
– Өңірде күннен электр қуатын өндіретін екі бірдей станция жұмыс істеп тұрса, Көксай өзені аңғарынан салынған ГЭС пайдалануға беруге дайын, «Қаралма» шатқалында 3 500 туриске арналған тау-шаңғы базасы бой көтеруде, Құдай қаласа, бұл нысандар осы жылдың аяғына дейін пайдалануға берілмек. Жолдар жөнделіп, ауылдарға газ және ауыз су құбыры тартылуда. Алдағы кезеңде ауданның барлық елді мекендерін ауызсумен және газбен қамту міндеті тұр. Биылша жеті-сегіз ауылға таза ауыз су құбыры тартылады, таулы өңірдегі ауылдарға газ тарту одан әрі жалғасады. Енді Билікөл аймағындағы 4 елді мекенді газдандыру қалып отыр. Сол өңірден өтіп жатқан газ магистралінің бойынан АГРС құрылысын жүргізуге ЖҚС әзірленген, тиісті қаражат бөлінсе, жұмыстар басталуы тиіс. Ауданнан сыртқа мал етін, өсімдік майын экспорттау көлемі артып келеді. Бұл қуанарлық жағдай.
Халық қалаулысы әлеуметтік блокқа, яғни халықтың тұрмыс жағдайына арнайы екпін бере сөйледі. АӘК тағайындаудың жаңа тәртібін сөз еткенде оның түпкі мақсаты халықты масылдыққа емес, еңбекке ынталандыруды көздеп отырғанын баса көрсетті. Халықтың тұрмыстық табысын арттыру мақсатында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 7,2 млрд. теңге бөлініп, пилоттық өңір болып таңдалған әр ауданның бір ауылдық округінде жұмыстар басталғанын тілге тиек етті. «Елдің тұрмысын түзеуді, әл-ауқатын арттыруды көздейтін мұндай ортақ іске тайлы-таяғымыз қалмай, жұмыла кірісуіміз қажет» деп сөзін қорытындылаған Бағлан Жиенәліұлы әрі қарай жиналғандардың ой-пікірі мен ұсыныстарына ден қойды.
Диқан ауылының тұрғыны Құлжанбай Әсілбеков ауылға жаңа мектеп салу мәселесі 2016 жылдан бері көтеріліп келе жатқанын, алайда бір шешім болмай тұрғанын, сондай-ақ тұрғындарды ауызсу мәселесі қинап отырғанын жеткізді. Толымбек Айдарбеков егіс алқаптарының тозғанын айта келе, «шаруаларға тыңайтқыш сатып алуға жеңілдіктер қарастырылса, ауданда ардагерлердің бас қосатын, демалатын орны салынса» деген ұсыныс-тілегін бағыттай келе, жол жөндеудің сапасына ренішін білдірді. Ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев облыстың 80 жылдығы қарсаңында аса қысқа мерзімде талай игілікті шаруаның басы қайтарылғанын ризашылықпен атап көрсете келе, басшылардың жұмысты қалай ұйымдастыруды Асқар Исабекұлынан үйрену керектігін баса айтты. Сөз реті келгенде ол халық қалаулысының назарына ауданда ат спорты мектебін ашу мәселесіне қозғау салуды ұсынды.
Облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақовтың қарасаздық сайлаушылармен кездесуі Қарасаз ауылындағы А.Пушкин атындағы орта мектептің мәжіліс залында өтті. Жиынды аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков ашып, сөзді Бағлан Жиенәліұлына берді.
Бағлан Қарашолақов өткен жылы елімізде, өңірімізде қол жеткен табыстарды саралап, бірқатар салаларда жылдың жақсы көрсеткішпен аяқталғанын, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру үшін бұл жұмыстарды одан әрі жалғастыру керектігін тілге тиек ете келе, мұның барлығы халықтың береке-бірлігі, ынтымағы мен еселі еңбегінің арқасында ғана мүмкін болатынын еске салды.
Ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов өңірде атқарушы билік тарапынан жасалған істерге ризашылығын білдіре келіп, өткен жылы ауылға ауыз су құбырын жүргізу барысында кеткен бірқатар кемшіліктерді көрсетті. «Мердігер компания көшелерге ауыз су құбырын тартқан кезде қазған орлардың орнын тегістемей, топырақты үйілген қалпында тастап кетті. Бұлай қалса, көктемде жаңбыр басталғанда көшелер балшыққа толып, адам аяғын алып жүре алмастай халге жетеміз» деп ашына айтты ол.
Жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Ермахан Қойлыбаев ауылды суландырып жатқан «Береке» су тоғанын жөндеуге әзірленген ЖСҚ «ҚазСуШар» мекемесіне өткізілгенін айтып, мәселені әрі қарай жылжытуға ықпал етуін өтінді. Бағлан Жиенәліұлы бұл сауалға жауап ретінде облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен тоғандар мен арық-атыздарды аршу мақсатында механикаландырылған топтардың құрылғанын еске сала келе, өткен жылы Мойынқұм ауданында 90 шақырымға жуық арна жолдары тазартылғанын атап көрсетті.
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов түс ауа Жетітөбе және Күреңбел ауылдық округтеріндегі сайлаушылармен кездесіп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ қойды. Халық қалаулысы мұнда да әңгіме арқауын өткен жылғы қол жеткізген ортақ табысымыздан бастап, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыру ауанында өрбітті. Жиналғандар назарын зейнетақының, әлеуметтік сала мен мәдениет қызметкерлерінің, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақыларының артуына аударды. Денсаулық сақтау саласына енгізілген МӘМС жүйесі туралы түсініктеме бере кетті.
Жетітөбе ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев өткен жылғы игіліктер қатарында округ орталығы Кәріқорған ауылында көптен жөндеу көрмеген орталық көшенің жолы жөнделгенін, ауылда медициналық пункттің ашылғанын тілге тиек ете отырып, көпшілікті ендігі бір алаңдатып отырған мәселе – Тасбастау ауылындағы бұрынғы шаруашылық кеңсесінде екі бірдей мекеменің – дәрігерлік амбулатория мен бастауыш мектептің сығылысып отырғанын жеткізді тұрғындар.
Бастауыш мектеп меңгерушісінің айтуынша, мұнда қазір 56 бала оқиды. Ғимараттың екінші қабаты сабақ өткізуге тарлық етуде, спорт зал қарастырылмаған. Қоңыртөбе ауылынан келген тұрғындар орталық көшеде шам орнатылмағанын, кешке сабақтан қайтқан оқушылардың үйге қолшаммен түртнектеп келетінін айтып, шағымданды. Сондай-ақ мектептің тарлық етіп жатқанын, қосымша 5-6 бөлме мен спортзал соғылады деген биліктің уәдесі сиырқұйымшақтанып созылып кеткенін айтты. «Кәріқорған ауылындағы осыдан бірнеше жыл бұрын сатып алынған бұрынғы әмбебап дүкен кәдеге аспай бос тұр. Неге, осы ғимараттың бір бұрышынан спорт зал, тағы бір бұрышынан мәдениет үйін ашпасқа» деген тілектерін жеткізді.
Жалпы таулы өңірдегі ауылдарда байланыс желісінің сапасы нашар. Тұрғындар тиісті мекемеге қаншама рет хат жазғанымен, одан нәтиже болмай отыр. Екі ауылдық округтің тұрғындары Бағлан Жиенәліұлын осы мәселеге де араласып, шешілуіне оң ықпал етуін сұранды. Күреңбел ауылдық округі Қаратас ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алтынбек Қуанышев өңірде халық игілігі үшін атқарылған жұмыстарға, атап айтқанда Қаратас ауылында медпункт ашылып, көшелердің жарықтандырылғанына ризашылығын білдіре отырып, ендігі кезекте ауылдарды сапалы ауызсумен қамту керектігіне назар аударды.
Күреңбел ауылында 1965 жылы пайдалануға берілген ауызсу құбыры жүйесінің тозығы жеткен, құбырлары шіріп, кейбір суағарлардан су ақпайды. Тұрғындар көшенің басынан аяғына дейін есек арбамен, ат арбамен, шелектеп су тасып жүр.
Бағлан Қарашолақовтың сайлаушылармен кездесуінің екінші күні Ақтөбе ауылдық округінің Бәйтерек және Билікөл ауылдық округінің Қарабастау ауылдарында жалғасын тапты. Аталған округтерде де депутат халықтың игілігі үшін жасалып жатқан игі істерді кеңінен баяндап, жарқын келешек үшін осы бағыттан жаңылмай, бірігіп, бірлесе жұмыс істеуге үндеді.
Ақтөбе ауылдық округі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша облыста белгіленген 11 пилоттық өңірдің бірі. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, әл-ауқатын көтеру және жергілікті жерде тұрақтандыру мақсатын көздейтін бағдарламаның іске асырылуына облыстың барлық деңгейдегі атқарушы мемлекеттік органдары, қала берді ауыл жұртының өзі жауапты болып отыр.
Облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов алдымен ауылдық округ әкімінің аппаратындағы «Сервистік әкімдік» жұмысымен, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының іске асырылу барысымен танысты. Округ әкімі аппаратынан бір бас маман аталған бағдарламаны іске асыруға жауапты болып бекітілген, бағдарламаға қатысушылардың құжаттарын қабылдау бөлмесі жұмыс істейді.
Округ әкімі аппаратының мәжіліс залында Бағлан Жиенәліұлы жергілікті атқарушы органдар басшыларымен және бағдарламаға қатысушылармен алқалы жиын өткізді. Басқосуда ол халықтың тұрмыстық табысын арттыруда салмағы басым, бәсі жоғары осы бағдарламаны іске асыруда кездесетін кедергілерді жергілікті атқарушы орган өкілдері мен тұрғындардың өз аузынан естіп, туындаған проблемаларды тездетіп шешу жолдарын бірлесіп, ойластыруды ұсынып, ашық әңгімеге шақырды. Ауылдық округ әкімі Арабхан Заппаров бағдарламаның іске асырылу барысы туралы ақпарат берді. Ауылдық округтегі 494 ауланың 200-і бағдарламаға қатысуға өтінім берсе, оның 11-і белгілі себептермен қатысудан бас тартқан, 58-інің есепшотына ақша қаражаттары аударылып, 41-і қаражатты қолына алса, бүгінгі таңда нақты 17 тұрғын мал сатып алған. Ауылдық округтен құрылған «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы кооперативіне 38 ШҚ мүшелікке өткен.
Бағлан Жиенәліұлы осы ретте тұрғындардың алған қаражатты басқа мақсатқа емес, қатаң өз мақсатына сай жарату қажеттігін, малды ұйымдасқан түрде алдын ала ойластырып, сатып алуды еске салды. «Ақша қолға тиген соң, тұрғындар мал базарға жүгіреді, ал бұл кезде мал сатушы шалқасынан түсіп, бағаны аспандатып жіберуі мүмкін» деп ескертті Бағлан Жиенәліұлы. Ол тұрғындар арасында «берілетін несиеден салық ұсталады екен» деген желдей ескен қауесетті де жоққа шығарды. «ҚР заңнамасы бойынша берілген несиеден салық ұсталмайды, ол төлем көзінен, яғни мал сатушыдан ұсталады» деп түсініктеме бере кетті.
Ауылдық округ әкімінің ақпаратын толықтырған аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев бағдарлама қолға алынғалы ауданда іс жүзінде шағын экономикалық революция жүріп жатқанын көрсетіп, бағдарлама операторының кепілзатты бастапқыда келіскеннен анағұрлым төмен бағалап отырғанын, есепшотына қаражат аударылған тұрғындар мал сатып алуға шарт жасап, оны ХҚКО-на тіркеуге асықпай отырғанын айтып өтті. Әбдікерім Құлтайұлы бағдарламаның аудан үшін экономиикалық тиімділігін тайға таңба басқандай айтып берді. «Қазір ауданда 10464 аулаға шаққанда мал басы орта есеппен сиыр 4,5 бастан, қой 18, ал жылқы 2 бастан келеді. Ал бағдарлама іске асқанда сиыр 6 бастан, қой 21 бастан, ал жылқы 3 бастан айналатын болады» деді ол.
«Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Зайырбек Сұлтанмұратов бағдарламаның 4 «АШӨК техникалық жарақтандыру» бағыты бойынша 92 млн. теңгеге 18 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен тіркемелері алынып, таяу арада жеткізілетінін айтты.
Бағлан Жиенәліұлы жиын соңында басқосуда айтылған барлық сын-ескертпелерді облыс басшысына тез арада жеткізіп, оны тиімді шешу жолдарын іздеуге ықпал ететініне сендірді.
Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Билікөл ауылдық округінің тұрғындары жергілікті атқарушы және өкілді биліктің алдына көптен бері қойып келе хатқан тұрмыстық проблеманың бірі елдімекендерге газ құбырын тарту. Ауылдық округ орталығы – Қарабастау ауылының іргесінен магистралдық газ құбырының өтіп жатқанын ескерсек, көгілдір отынға жақын арада қол жеткізу әр билікөлдіктің сәулелі арманына айналған. «Облыстың 80 жылдығына 80 объект» ұранымен ауыл мектебіне жапсарлас соғылған спортзал мен қазандықтың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Ауылдық округ әкімі аппаратының кеңсесінде сайлаушылармен болған кездесуде облыстық мәслихат депутаты, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов өткен жылы ел дамуында болған игі жаңалықтарды айта келе, ауыл тұрғындарына көзайым хабар жеткізді. Билікөл аймағындағы 4 елді мекенге арналған бөлек автоматты газ ретттеу станциясына ЖСҚ сараптамадан өткізіліп, құрылысы биылдың өзінде басталады. Бұған ел Үкіметінің уәдесі де бар. Жиналғандарды бұл жаңалықты асқан қуанышпен қабылдады.
Жиында сайлаушылар ауыл тұрмысына қатысты басқа да мәселелерді көтерді. Барлық ауылдық округтерде тұрғындар көтерген мәселелерді байыппен тыңдаған облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов жиынға қатысып отырған ауылдық округ әкімдеріне өзінің шамасы жететін жұмыстар – көшелерді, мекемелердің айналасын жарықтандыру және тағы да басқа ұсақ мәселелерді көпшіліктің талқысына салмай, ауыл әкімінің бюджетіндегі қаражат есебінен шешуді ұсынды.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ