Basty bet
Медициналық көмек қолжетімді болып қала береді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев теледидар арқылы Қазақстан халқына мәлімдемесінде төтенше жағдайға байланысты қоғамда туындаған бірқатар өзекті проблемалардың жедел шешімін ұсынды. Ағымдағы жылдың басында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың бар екендігі, олардың медициналық көмек алу құқығы ескеріліп, осы санаттағылардың жүйеге толыққанды қатысып, төлем енгізуіне үш ай мерзімге мұрсат берілген болатын. Жергілікті атқарушы органдарға мүдделі мекемелермен бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу жүктелді.
Осы кезең ішінде ауданда құрылған штаб мүшелері сақтандырылмаған азаматтарды жүйеге қатыстыру бағытында мақсатты жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесінде олардың саны айтарлықтай азайды. Алайда, әлемде коронавирустық инфекцияның өршуіне байланысты елімізде төтенше жағдай енгізілуі денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына да ауыртпалығын тигізді.
Міне, осындай қиын-қыстау кезеңде Президенттің пәрменімен МӘМС жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу құқығы 1 сәуірден тағы үш айға, яғни 1 шілдеге дейін ұзартылды. Осыған байланысты медициналық көмек бұл азаматтарға бұрынғыдай қолжетімді болып қала береді.
Батихан АЛПЫСБАЙ,
аудандық орталық аурухананың бас дәрігері