Basty bet

Ел тәуелсіздігі баянды болсын!

1991 жылғы 16 желтоқсан – қазақ тарихындағы мәңгі есте қалатын айтулы күн. Көп ұлтты Кеңес Одағының бір одақтас республикасы болып келген Қазақ Елі өз тәуелсіздігін 15 республиканың ең соңы боп жариялады. Бұл күн қазақ тарихына алтын әріптермен жазылды.
Тәуелсіздігін жариялаған сәттен 0,30 сағат уақыт өткенде әлемде бірінші болып Түрік елі танып, қуанышымызға отрақ болғаны тарихи оқиға еді. Көк бөріден жаралған түрік 48 ел, ұлыс боп, бүгінгі таңға 200 миллионның үстінде халқы бар, әлемнің небір от ауызды, орақ тісті мемлекеттері елеп, ескеретін елге айналып отырғаны қуантады.
Ұлты неміс, орыс түріктанушысы, этнограф В.В.Радлов «түрік сөзі – батыр, батыр ер, қаһарлы» деген мағына береді» деп нақты анықтама берген. Түріктер туына бөрі басын салғаны «бөрідей батыл» дегені. Көптік жалғауда «түрік» түркі болып айтылады. Енді 50 жылда түрік халқының тарих сахнасына шыққанына 1 500 жыл толады.
«Сол көп түріктің ішінде қазақ халқы кім дегенде?», «философ, Бекзат халық!» деу ләзім» депті Шерхан Мұртаза.
XVI-XVII ғасырда шығыстан қалмақтың жойқын шабуылына тап болып, бірде жеңіп, бірде жеңіліп, 1723-1727 жылдары қазақтың «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» алапат қырғынға ұшырап, босуға мәжбүр болғаны, солтүстіктен қара шекпенділердің езгісі мен отарлауына душар боп, 260 жылдан соң ғана, 70 жыл кеңестік отарлаудың жаңа үлгісінің құрбаны болып келгеніміз тарихтан мәлім. Үнді тәуелсіздігінің көсемі Махатма Ганди «Отар елдің тарихын отаршылдар жазып бередінің» кері келіп, қазақ тарихын отаршылдар өз ыңғай, орайына бейімдеп жазды. Төл тарихымыздың өз тұғырына қонғанына бек қуаныштымыз.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген бабалар тәмсілінде. Алла жазса, биыл 29 жылдығын тойласақ, келесі жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын өскелең ұрпақ зор өрлеу үстінде қарсы алуға жазсын! «Тәуелсіздік» сөзі мен тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев – егіз ұғым!»
«Туған жердей, жер болмас, туған елдей ел болмас» 13 мың шақырымнан асатын бес мемлекетпен шекарамызды шегендеп алдық. Бұл дегеніңіз баға жетпес ерлік. – Солженыцин мен М.Горбачев «Қазақстанның солтүстігі Ресейге тиесілі» деп сандалды. Нұрсұлтан Назарбаев шекараны халықаралық құжаттармен бекітіп, болашақ ұрпақ алдында зор еңбек сіңірді.
Батыс-шығыс елдер тәжірибесін жинақтап, «Қазақстан жолы» мемлекет дамуының дербес жол-жобасын жасап, сол жол бізді өркениет биігіне бастап келеді.
«Ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады» деп қытай нақылында айтылғандай, 1997 жылы «Қазақстан-2030» бағдарламасы жүйеленді. Әлем экономикасы мен геосаясаттан туған проблемалар талданып, «Қазақстан-2050» стратегиясы жасалды. Бұл стратегия елімізді әлемдегі 30 дамыған ел қатарына қосады.
Тәуелсіз ел рәміздері – Елтаңба, Ту, салтанатты ән – Гимн өмірге келді. 1995 жылы мемлекетіміздің Конституциясы қабылданып, биыл оның 25 жылдығын атап өттік. Заң шығарушы, атқарушы, билік пен тәуелсіз сот Президенттік биліктің іргесін бекітті.
Қос палаталы кәсіби Парламент түзілді. Бұл мемлекетіміздің тұрақтылығы мен орнықтылығының куәсі болып, бізді сынаған Орталық Азия мемлекеттері біздің үлгі етуге көшті.
Ел айбыны һәм қорғаны ұлттық әскеріміз құрылды. Ұлы мемлекеттермен теңеспесе де, өз қатарының алды болғанының өзі неге тұрады?!
Қазақ даласын ажал, тажал оқпанына айналдырып, қазаққа зор зардап шектірген әлі де соның зардабы жойыла қоймаған Семей ядролық сынақ алаңын 1991 жылы 30 тамызда Елбасы жапты. «Әлем ХХІ ғасырда» манифесі арқылы ядролық қарусыздану қозғалысының ұйытқысы болған Қазақ елі.
Тәуелсіздіктің елең-алаңында біздің ұлттық валютамыз жоқ-тын. 1993 жылы Лондон шаһарында даярланған ұлттық ерекшелікке сай теңгенің өмірге келуі қалың қазақ жұртының рухын көтерген еді.
1997 жылы Астанамыз өз тарихында 10-шы рет Сарыарқа төріне қоныс аударды. «Сарыарқадай жер болмас, Ағыбайдай ер болмас» деген ғой. Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен шаһар Нұр-Сұлтан деген атауға ие болды. Америкалық әріптес мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедке: «Сіздер Елорда атын тағы өзгертіпсіздер, бұл жеке басқа табыну емес пе?» деген сауал тастаған болатын. Сонда Мұхтар: «Ел астанасын мемлекет құрушы әкесінің атымен атауды біз сіздерден үйрендік» деп жауаптаған.
«Қазақстан-2050» стратегиясында көрсетілген «Үдемелі индустриялық бағдарлама» жасалып, жаңа зауыт, өндірістік кәсіпорындар ашылып, жапон, корей автомобильдері, АҚШ локомотиві шығарылып, бәсекеге қабілетті өнім өмірге келе бастады.
Ауыл шаруашылығы ойдағыдай өрісті даму жолына түсті. Үстіміздегі жылы Қазақстан 166 млн тонна алтын дән жинады. Әлемде сыртқа астық шығарудан 6 орынды иеленген. 132 ұлт пен ұлыс көк ту астына тоғысып, мемлекеттік институт – Ассамблея құрылды.
Астанамыз Нұр-Сұлтан шаһары төрінде бес рет әлемдік дәстүрлі дін көшбасшыларының үлкен басқосулары өтіп, көпке үлгі бола алған біздің ел.
Қазақтың бай мәдени мұрасы жүйеге түсіріліп, «Мәдени мұра» бағдарламасы жасалды. Астанамызда Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Орталық концерт залы, «Астана опера», «Астана балет», Ұлттық кітапхана, Ұлттық мұрағат, Ұлттық музей жән т.б. мәдени нысандар салынып, ұлт мақтанышына айналып үлгерді.
Тәуелсіздік жылдарында 2000-нан астам басылым дүниеге келіп, ақпарат кеңістігі қалыптасты, 100-дей арна жұмыс істейді.
Тәуелсіз жылдары қазақ тілін қолдану аясы кеңейді. Орта білім алу жүйесінің 70%-ы мемлекеттік тілде оқытыла бастады. 2025 жылы латын әліпбиіне көшу межеленді. Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық басып» таяу жылдарда тіл саясаты күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» үнқағазы сарапшысымен сұхбаты, қоғам қайраткері, академик Мырзатай Жолдасбеков пен жазушы Болат Бодаубаевтың «Egemen Qazaqstan» басылымындағы, оның алдындағы Смағұл Елубаевтың (жазушы) тіл туралы толғанысты ойлары құптарлық. «Алла жазса, тіл өзінің биік тұғырына қонатын күн алыс емес» деп білсек етті.
Қарабура әулие айтқандай, «Парсының тілі – бал, өзбектің тілі – жібек, арабтың тілі – тіл, қазақтың тілі – гүл». Гүл тіліміз дархан халқымен Мәңгілік елмен бірге жасай беретін болады.
Тәуелсіздік жылдары 1000 жаңа мектеп салынды. Әлем университеттерімен терезесі тең «Назарбаев университеті» ашылды. 20 «Назарбаев зияткерлік мектебі» сапқа тұрды.
«Денсаулық – зор байлық», «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы негізінде аурухана, емханалар салынды. «Республикалық диагностикалық орталық», «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы», «Республикалық жедел медициналық көмек көрсету ғылыми орталығы», «Балаларды оңалту орталығы», «Республикалық нейрохирургия орталығы», «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» құрылып, жұмыс істеуде. Қазіргі нәубет тәжтажалға қарсы күрес күн тәртібіндегі ең жауапты сәт боп тұр.
«Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары» кеңесі құрылды. Алғаш Ресей мен Орталық Азия бас қосып, қазір Қытай мен Үндістан бастаған 26 ел мүше.
«Шанхай ынтымақтастығы» ұйымы құрылды. 56 мемлекет өкілі бас қосатын жиынға АҚШ пен Канаданы да ЕҚЫҰ-ның төріне шыққан сәтте, Қазақ жерінде бас қосты.
Дүние жүзінің 56 елінің басын қосатын Ислам конференциясы ұйымына Нұрсұлтан Назарбаевтың төраға болуы ел абыройын әлемге паш еткені қуантпай ма?!
2017 жылы Астана төрінде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өтуі дүние жүзінің ғылым мен техника, өнеркәсіп жаңалықтары насихатталып, көрме ұйымдастырылды. Болашақ энергиясы – жел, су, күн көзін тиімді, ұтымды пайдалану бізде алда қарқын алатын болады.
Тәуелсіз жылдары 1 миллион қазақ туған топырағына оралды. Осы үрдіс жалғасын тауып, қазіргі Қазақстандағы 13 миллион қазақ санындай қазақ дүние жүзінде тарыдай боп шашылып жүр. Алда қандастар елге оралып, Тәуелсіздігіміздің көк туының астында «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асырсақ етті.
4 миллион қазағы бар Оңтүстіктің намысы – Түркістан облысы құрылды. Түркістанның рухы керек қазаққа саясаттағы сабақтастық пен тұңғыш Елбасы Н.Ә.Назарбаев «тақта аман отырғаныңа қуанба, аман кеткеніңе қуан» деген тәмсілге сай, ірі саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевқа билікті ұсынғаны құба-құп болды.
Нұрсұлтан өзінің ел басқаруының 28 жылында осындай ұлы белестерді туған халқымен бірге жүзеге асырды. Бұл – ерен ерлік үлгісі. 2017 жылғы сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», 2018 жылғы қарашада «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын туған халқына жолдады. Осы күрделі де құнды хатты жүзеге асыру әр қазақтың борышы.
Жаңа ғасырдың бас кезінде Ресейдің Кемеров губерниясының губернаторы болған қазақ Аман Төлеев: «Нұрсұлтан өте көреген, әріден ойлайтын саясаткер. Әрі Шығыс даналығы мен Батыс еуропалық прагматизмді сәтті үйлестіре білетін мемлекет қайраткері. Ол – жігерлі әрі айбарлы адам. Бірақ сонымен қоса, оңай араласып кететін қарапайым адам».
«Мен Назарбаев-саясаткердің көрегендігін ұнатамын. Ол шебер шахматшы секілді, бәрін алдын ала есептеп, нағыз дұрыс жүрістерді таңдай алады. Бұған айқын мысал ретінде оның Астананы көшіру жөніндегі шешімін айтса, жеткілікті. Біз оны болашақты бағдарлай білетін, перспективаны қатесіз бағалайтын, алғаш 100 жылдықта ел дамуының басты бағытын дәл аңғаратын лидердің ойлы қадамы деп білеміз».
«Сіздің Президентіңіз жаңа дәуір басшысының бар қасиетін бойына сіңірген кемел ойдың иесі ретінде, сөз жоқ, әлемдік деңгейдегі аса беделді саясаткер. Тұңғыш Президенттің құқықтық саясатының кеңістігін қалыптастыруға Салық Зиманов, Қаратай Тұрысов, Өмірбек Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев, Әнуар Әлімжанов, Сауық Тәкежанов, Сұлтан Сартаев, Шерхан Мұртаза, Мұрат Әуезов, Нұрлан Оразалин сияқты ұлтжанды, ұлт мәдениетіне шын жанашыр ғалымдар, жазушылар топтасты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Біз халқымыздың Тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық тілегіне қол жеткізген ұрпақпыз. Келер жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл мерейлі дата – Егемен еліміз үшін аса маңызды меже. Бұл – жаңа тарихи кезеңнің басы.
Бізге мемлекеттің болашағы үшін зор жауапкершілік жүктеліп отыр.
Бірлігіміз бен ынтымағымыз мығым болса, барлық қиындықтарды жеңіп, мақсатымызға жетеміз.
Бұл біздің қолымыздан келеді. Мен бұған кәміл сенемін. Еліміз әрқашан аман болсын!» делінген.
Еліміздің, туған Қазақстанымыздың 29-шы жыл тойлап жатқан Тәуелсіздігі, еркіндігі баянды болып, халқымыздың бірлігі, татулығы, бауырмалдығы арта түссін!

Найманкүл БОЛАТБЕКҚЫЗЫ,
Айсұлу МОЛДАҚҰЛОВА,
Бақалы ауылының тұрғындары

Таңдаулы материалдар

Close