El іshіQoǵam

Дүрбелең қайдан шықты?

Аптаның екінші күні аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жуалы-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасында еңбек дауы орын алып, жұмыскерлер бірнеше сағатқа жұмыс орындарын тастап, ереуілге шықты.

Дүрбелеңге кәсіпорында соңғы кезде штат санының тым көбейіп, басшының орынбасары лауазымының шектен тыс артуы, оған сала жұмысынан мүлдем хабары жоқ адамдардың тағайындалуы түрткі болған.
Еңбек ұжымы өкілдерінің айтуынша, штат саны мен орынбасарлар санын ұлғайту өндірісте түрлі еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмыскерлер жалақысының қысқаруына әкеп соқтырған. Оның үстіне басшы демалысқа шыққанда орнында қалған біліксіз орынбасар өндірістегі жұмысшылардың онсыз да жұқарған жүйкесіне тиіп, жүйесіз бұйрықтар шығарып, ретсіз, орынсыз нәрселерді талап еткен.
Жұмыскерлер жұмыс берушіге қажетсіз штаттар мен басыартық орынбасарларды қысқартуды, еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны өсіру және күнделікті жұмыс барысында өздеріне негізсіз талаптар қоймауын ескертті.
Сағат түскі 13.00 шамасында мекеме ауласында топтанып тұрған ереуілшілерге аудан басшылары келіп, талап-тілектерін тыңдады. Біршама уақытқа созылған келіссөз нәтижесінде жұмысшылардың талаптары ескерілетін болып, олар жұмыс орындарына тарқады.
Қазіргідей қиын жағдайда мұндай даулар еңбек қатынастары реттелмеген, жұмыскерлер құқықтары тапталатын кез келген мекемеде тұтанып, өршіп кету қаупі бар. Осыны ескерсек, қай салада болсын, еңбек ұжымындағы тәртіп пен ынтымақты сақтауға, жұмыс процесінің қалыпты, ырғақты жүруіне бірінші кезекте басшы мүдделі болуы тиіс. Сондықтан ол қарамағындағы жұмыскерлермен санасып, әрбір іс-әрекетін заң аясында істегені абзал.
Дегенмен де бұл жағдай басқа мекемелерге сабақ болса, қанекей?!

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close