El іshі
«Мүмкіндігі шектеулі жандарға пайдамды тигізсем деймін»
Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандарының мәліметінше, жұмыспен қамту және мүгедектер мен ардагерлер ісі жөніндегі секторы сегіз стандарт бойынша мемлекеттік қызметтер атқарады. Жалпы аудан бойынша әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің мәліметіне сәйкес, I топ мүгедектері – 120 адам, II топ – 592, III топ – 631, 16 жасқа дейінгі мүгедектер – 330 адам. Барлығы 1673 адамды құрайды.
Мүгедектер мен қарттарға көрсетіліп отырған 9 мемлекеттік қызметтер бойынша атқарылған қызметтерге нақты тоқталсақ, бірінші кезекте «Мүгедектерге протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін оларға құжаттарды рәсімдеу» мемлекеттік қызметі негізінде ауданда протездік-ортопедиялық көмекке мұқтаж 147 адамнан өтініштер қабылданып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар өз ЭЦҚ-мен әлеуметтік порталға кіріп тапсырыс беруде. Одан бөлек, «Мүгедектерге сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету үшін оларға құжаттарды рәсімдеу» мемлекеттік қызметі бойынша, сурдо құралдарға мұқтаж 13 мүгедектердің өтініштері қабылданып, 11 азамат қамтамасыз етіліп, қалған 2 мүмкіндігі шектеулі азаматтар өз ЭЦҚ-мен әлеуметтік порталға кіріп тапсырыс беруде және Тифлотехникалық құрал алатын 9 өтініштің барлығы қанағаттандырылған.
«Мүгедектерге санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету үшін оларға құжаттарды рәсімдеу» мемлекеттік қызметі бойынша 193 мүгедектен өтініш қабылданып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар өз ЭЦҚ-мен әлеуметтік порталға кіріп тапсырыс беруде. Бүгінгі таңда 140 азамат шипажайға барып ем алуда. Қалған азаматтар уақытын таңдап тапсырыс беруде.
Мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және олардың белсенділіктерін арттыру мақсатында «Шапағат» корпоративтік қоры арқылы Жуалы ауданында 106 мүгедекке инватакси қызметі жұмыс атқаруда. Осы қызметтің сапасы мен желісін кеңейту аясында атқарылған жұмыстың нәтижесінде бүгінгі күнге ауданда мүгедектерді 2 инватакси қызметімен қамтамасыз етуде.
Біз бүгін үшінші топ мүгедегі, төрт жасынан бері церебральды сал ауруына шалдыққан Рахымжан Тасхожаевпен әңгімелескен едік.
Рахымжан Тасқожаев 1990 жылы Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. Анасы Ақмарал Сатаева еден жуушы болып жұмыс істейді. Әкесі Замир Тасхожаев 2002 жылы дүние салған.
Рахымжан Тасхожаев аудандағы №1 мектеп-гимназияда 9 сыныпты бітіріп, одан әрі Тараз қаласындағы Тараз политехникалық колледжінде экономист-есепші мамандығына оқуға түседі. Оқуды аяқтаған соң, Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің есеп және аудит мамандығының сырттай бөліміне оқуға түседі. Оқ жүріп Б.Момышұлы ауылдық әкімдігінде қаржы агентінің көмекшісі, аудандық «Қазпочта» мекемесінде от жағушы, орталық базардағы «Қаракөз» дүкенінің сақтандыру агентінде де жұмыс жасаған. Сонымен қатар, Б.Момышұлы әкімдігінде қоғамдық жұмысшы және аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінде штаттан тыс инспектор болған.
2019 жылдан қазіргі уақытқа дейін аудандық білім бөлімінің жобалау және жоспарлау секторында экономист болып еңбек етуде.
Церебральды сал ауруына шалдыққан Рахымжан тағдырына кінә артпай, тек алға жүргенді, қоғаммен етене байланыс орнатқанды жақсы көреді.
– Ақын Мағжан Жұмабаевтың:
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!
Көздерiнде от ойнар,
Сөздерiнде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемiн!» өлеңі маған ерекше қанат бітіріп, өмірге деген құлшынысымды арттыра түсті. Осы өлеңді оқи отырып, жастық жалыныма жігер бітіп, ерекше бір сезімге, күйге бөленемін.
Мен ешқашанда сал ауруына шалдықтым, деп тағдырыма налыған емеспін. Қайта жұмыстан бос уақытымды достарыммен бірге көңілді өткізгенді, қоғаммен байланыста өмір сүргенді және анаммен сырласқанды жақсы көремін. Алға қойған арман-мақсатым көп. Алдағы уақытта мүгедектерге, жетім-жесірлер мен тұрмысы төмен отбасыларға көмектесетін орталық ашсам деп армандаймын. Сондай-ақ, балаларым деп, біз үшін еңбек етіп, оқытқан анамды ұятқа қалдырмайтындай өмір сүрсем, – деген Рахымжан Замирұлы, мемлекет тарапынан жылына бір рет 14 күн шипажайда емделетінін және тегін дәрілер алып тұратынын да жеткізді. Сонымен қатар ай сайын мүгедектік жәрдемақысын алып тұрады.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»