El іshі

Жастарға үміт сыйлаған бағдарлама

«Серпін-2050» − кең ауқымды әлеуметтік жоба. Оның жүзеге аса бастағанына биыл жетінші жыл. Осы аз ғана уақыт ішінде көптеген жастар өте маңызды саналатын әлеуметтік бастаманың игілігін көрді.

Халықтың жоба туралы ой-пікірі де жақсы. Алғашында сенімсіздікпен әрі күдікпен қарағандар аз болған жоқ. Оның үстіне «Тұрмыс-тіршілікке қолайлы, ата-анасы мен туған-туыс, жора-жолдастарының жанындағы жылы-жұмсақ орынды тастап, оңтүстіктің жастары қысы қытымыр солтүстік өңірлерге оқу-білім іздеп бара қо юы екіталай» деп болжам жасағандардың да болғаны рас. Бірақ осындай күдік-күмәндардың барлығы уақыт өте келе сейілді.

Қазіргі таңда жұрт «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы туралы жан-жақты хабардар. Осы бағдарлама арқылы балаларының білім алып, жұмысқа орналасуын қалайтын ата-аналар да көп және бұл бағдарламаға қызығушылық танытатын жастардың да қатары көбейіп келеді.

Иә, сондай білімге құштар, ізденімпаз жастардың бірі – Назерке Құрақбай да «Серпін – 2050» бағдарламасының шарапатын көрген.

Назерке Құрақбай 1996 жылы Күреңбел ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Сәулембек Көмекбаев – жеке кәсіпкер болса, анасы Махаббат Мәлібекқызы үй шаруасымен айналысады.

Назерке Құрақбай осы ауылдағы №10 Күреңбел орта мектебін оқып бітірген. Оқуды аяқтаған ол белгілі себептермен Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыса алмай қалады. Кейіннен кешенді тестілеуден өтіп, «Серпін» бағдарламасымен Петропавл қаласындағы Манаш Қозыбаев атындағы университетке ақпараттық жүйелер мамандығына грантқа оқуға түседі. Мұнда оқу оқи жүріп 16 500 теңге стипендияны ай сайын алып отырады. Оның айтуынша, туған жерден, ата-анадан жырақ жерде жүріп оқу көп нәрсенің қадіріне жетуге үйретеді.

-Кешенді тестілеуден аз балл жинадым. Содан не керек аудандық «Халықты жұмыспен қамту» орталығында бас маман болып жұмыс істейтін Наурыз Тілесбаев «Серпін» деп аталатын мемлекеттік бағдарлама бар екенін және аз балмен грантқа оқуға түсуге болатынын айтты. Тез арада керекті құжаттарымды жинап, Павлодар, Петропавл қалаларындағы жоғарғы оқу орындарына  онлайн өтініш жібердім. Бір аптадан соң, қай қалаға және қай оқу орнына түскенім туралы хабарлама келді. Қатты қуандым. Бірақ, алғашында ата-анам қарсылық білдірді. Ал әжем Үрзия Көмекбаева «Елдер Мәскеуге де барып оқып жатыр ғой. Қайта ел көреді, жер көреді» деп ата-анамды райынан қайтарды. Осылайша орыс ұлты көп шоғырланған Петропавл қаласынан бір-ақ шықтым. Орысшаға тіліміз үйренбеген біз орыс тілінде сөйлеп үйрендік. Бірақ, еш өкінбеймін. Оқуым көзді ашып-жұмғанша тез аяқталып, туған жеріме қайта оралдым. Айта кетерлік жайт, «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы көптеген жастарға үміт сыйлаған, өте қажетті бағдарлама, – дейді Назерке Сәулембекқызы.

Оқуды аяқтаған Назерке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жұмысқа орналасады. Қазіргі таңда аталған кәсіпкерлер палатасында мониторинг менеджері болып жұмыс істейді. Назерке жұмыс істей жүріп Қайрат ауылының азаматы Бекнұр Заманбек есімді жігітпен танысады. Осылайша ол 2019 жылы Айдаралиевтер әулетіне келін болып түседі. Жолдасы Бекнұр жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Бүгінде екеуінің Бейбарыс есімді ұлы бар.

Назеркенің сөзінше, өмірде еңбекқор әрі адал еңбек ететін әжесі, анасы, әкесі және ағасы Наурыз Тілесбаевты үлгі тұтады. Әрдайым ақылдарын айтып, жол көрсетіп отыратын да осылар. Әсіресе, әжесі Назеркені жастайынан еңбекке баулып, өжет болуды, ешкімнің ақысын жемей, тура жолда жүруді үйреткен.

-Қыз баласы ар-намысты бәрінен де биік ұстауы қажет. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, Қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деп бекер айтылмаса керек. Ғұмырлы сөз, әрі ғұмыр бойы есте сақталуы тиіс сөз. Халқымыз ерте кезден адамгершілікті, ар-ұятты, инабаттылықты жоғары бағалай білген. Өткеннің еншісіндегі жақсы дүниені келешектің кемесіне салып, ұлттың ұлылығын танытатын игіліктің барлығы да ұмыт қалмауы үшін қыздың тәрбиесіне мән беру керектігін түсінеміз. Үрзия әжем қыз тәрбиесіне аса қатты мән береді. Сондықтан да, менің бойыма бар жақсылығын сіңіре білді деп ойлаймын, – дейді Назерке.

Ата-ананың атына кір келтірмей өмір сүруді басты мақсаты санайтын Назерке жұмыстан қолы қалт еткенде діни кітаптар оқығанды, шет тілін меңгергенді ұнатады.

Ендеше жұмысына  жауаптылық танытып, отбасында үлгілі келін, ардақты жар, аяулы ана болып отырған Назерке Сәулембекқызына өмір жолында тек сәттілік серік болсын деген тілек білдіреміз!

 

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close