El іshі

Менің сүйікті мамандығым

және инновациялық әдіс-тәсілдерім

«Білім – бақыттың жібермейтін қазығы,
білімсіз бақ әлдекімнің азығы…»
М. Әуезов

«Өміріңді жақсартудың тек екі тәсілі бар. Бірінші тәсіл – өзінен өзі ешқандай да керемет болмайды деп өмір сүру. Екінші тәсіл – бар әлем тек таңғажайыптан тұрады деп өмір сүру»,- деп физик, данышпан, әлем таныған ғұлама ғалым Альберт Эйнштейн айтқандай, адамзат тарихында жақсы өмір сүру – әрбір пенденің арманы мен жоспарланған мақсатының жүйелігіне байланысты деп тұжырымдауға болады. Осынау өмір теңізінің толқынындағы асау кемемнің ескегін есу үшін маған астарлы ой, жүйелі сана мен пайымды парасат қажет еді. Атақты ағылшын жазушысы Редьярд Киплинг: «Менің ең сенімді алты қызметкерім бар. Олардың алдында міндетім зор. Олардың аттары: Кім? Неге? Қашан? Не? Қайда? және Қалай?” деген нақыл сөзін өз ұстанымыма алдым.
«Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» – деп ұлы дана Абай атамыз айтқандай, әрбір жеке тұлға тұнып тұрған жауабы табылмас жұмбақ. Жұмбағы мен қыр-сыры мол жеке тұлғаның бірі өзімнің қабілетім мен талабымның құпия сырын ашып, жүрегімнің қалауы – шәкірт тәрбиелеуші және білім беруші «Ұстаз» мамандығына таңдауым түсті. «Мамандық – бұл әрбір адамның сүйіп, әрі қуана жасайтын ісі, оның ертеңгі болашағы. ХХІ ғасыр – психология ғасыры»- деп, А.Эйнштейн бекер айтпаған-ау.
«Күшіне сенген адам ғана мақсатына жете алады»,- деп Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың ұлық сөзін дәлел ретінде алуға болады. Өз қабілетімнің айқындығынан алға қойған мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Жаратқанның жебеуімен «Қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәні мұғалімі» мамандығын иелініп, қазіргі таңда шәкірттерге саналы тәрбие, сапалы білім, саналы сауаттылық нәрін сеуіп жүргеніме 21 жылдың жүзі болды. Тарихы тереңге тартқан жыр алыбы, суырыпсалма ақын, қазақ халқының ұлы перзенті Жамбыл атамыздың атындағы облысқа қарасты Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы, қазақтың көрнекті жазушысы, өр тұлғалы Бауыржан Момышұлы, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза, өлеңі найза, жыры оттай жанған, аз ғана ғұмыр кешсе де халқы әркез аңсап, сағынатын ақын Бауыржан Үсеновтің туып-өскен қасиетті Қошқарата ауылындағы ұлы ақын Абай атындағы орта мектепте ұстаздық етіп келемін. Мен сияқты қарапайым мұғалімге «Ұстазынан шәкірті озыпты» деген Абай атамның нақыл сөзі қаншалықты құнды екенін айтып жеткізу қиынның қиыны. Әрине, шәкірттерім қазіргі таңда озық тәжірбиелі мамандық иелері. Бұл мен үшін айға қолым жеткенмен тепе-тең құбылыс.
Жүсіпбек Аймауытовтың «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ оның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе»,- демекші, өзің сүйіп таңдаған мамандықтың қызығына бату мен қиындығына төзу заңдылық. Ұстаз болу арқылы мен әрбір шәкіртімді жүрегіммен сүйе білдім. Білікті маман болудың өз сандығымның бір сиқырын ашсам, алдыңда отырған шәкіртіңіз сізді ұнатсын, сізді қалау арқылы пәніңізді сүйе алады деп, өз тәжірибемнен анық айта аламын.
Шәкірт тәрбиелеуде, оқу сауаттылығын дамытуда күш салу міндетті де маңызды әрекет. Осы бағытта түрлі инновациялық әдістерді меңгеруді жөн санап, деңгейлеп оқыту саласы бойынша бірінші (ілгері) деңгейлі мұғалім біліктілігін меңгеріп, 7 модуль бойынша оқушыларға білімді жаңаша үлгіде жеткізудемін. Осындай жаңашылдықтың арқасында оқушыларым биік белестерді бағындырып келеді.
Осынау қасиетті қара шаңырақ Абай мектебіндегі әріптестерімнің ұсынымы бойынша «Тәжірибедегі рефлексия» курсы бойынша өз біліктілігімді арттырып, «Мектеп тренері» атанып, өз Отаным – алтын ұя мектеп майданында жоғарғы білім жетілдіру саласы қолдауымен курс ұйымдастырып, жас мамандар мен өзім деңгейлес әріптестерімді жаңашыл әдіс-тәсілдер тарапынан оқытып, сертификат ұсындым. Өзгені оқыту арқылы өз біліміңнің шыңдалатынын осы кезеңдерде ұғындым, санама сіңірдім, өз тәжірибеме алдым.
«Тиімді әдіс-тәсілдер – сапалы сабақ кепілі» дегендей, оқу бағдарламасын орындау үшін мақсатың айқын, нақты, қолжетімді болса білім алушыға еркін білім алуына мүмкіндік берері анық. Мұғалімнің шығармашылық шыңының белсенділігі ең алдымен өзінің мақсатты жоспарланған сабағынан, іс-әрекеттерінен көрініс табады. Әрине, әрбір ұстазға бірінші – ұстаным, екінші – шешім, үшінші – әрекет керек. Осы қағидатты ұстану барысында оқушыларды өз пәніме сүйсіндіріп келемін. Белсенді бағалау арқылы оқушыларды мадақтау барысында өз пәнімнің қыр-сырын аша түстім. Дарынды оқушыларым жетістікке жетіп, өз білімділігін дәлелдегенде өзіме беймәлім болған «Өзің еккен жемістің тәтті шырынына қанып, рахаттану» атты әлемді ашқандаймын.
Заман талабына сай бүгінгі оқушы – өзі жүйелі ойлана алатын, талабы таудай, әрбір астарлы ойында дәлелі бар сыни ойлауды меңгере білген талапты оң тұрғыдан қоя алатын белсенді тұлға. Зау тұлға ретінде ойын шешімді жеткізе алатын ізденуші, ойлаушы, өз ойын дәлелдеуші болса, ал мұғалім оқушыға белсенді әрекеттерді сіңіруші бағыттаушы, ұйымдастырушы деп ұғынамын.
«Әрбір істің қайыры бар» демекші, шәкірт және ата-ана алдындағы өзіме қойылған міндеттер мен жауапкершілікті аянбай атқару – менің ұстаздық міндетім деп білемін.

Ақмарал Сейдалиева,
№9 Абай атындағы орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілдері пәнінің мұғалімі.
Қошқарата ауылы

Таңдаулы материалдар

Close