El іshі

Қазақ еліне алғыс айтамыз!

этномәдени орталықтардың фестивалі ұйымшылдықпен өтті

«Тату елге тоқшылық пен тыныштық нәсіп» деген сөзді дана бабаларымыз замананың тамырын қалай дәл басып айтып кеткеніне таңданбасқа амалың жоқ. Тыныштық пен татулық қай заманда да, қай қоғамда да қауым боп біріккен халықтарға ауадай қажет дүние. Татулық та дәл сондай. Татулық пен өзара түсіністік салтанат құрмаған елден берекелі тірлікті іздеудің қажеті жоқ. ХХІ ғасырда әлем елдеріне тыныштықтың ауадай қажет болып отырғанын күнделікті естіп-біліп жатырмыз. Сүттей ұйып отырған кейбір елдердің бір-ақ сәтте дүрбелеңге, ойран-топалаңға айналып, жергілікті халықтардың басқа елдерге босып жатқанын қандай жағдаймен байланыстыруға болады? Әлбетте, ол ең біріншіден ел ішінде тыныштықтың жоқтығынан. Мұндай жағдайдың біздің берекелі елімізден аулақ болуын тілеп, тыныштық пен татулықтың мықтап орнығуына ең алдымен өзіміз атсалысуымыз қажет. Сонда ғана ел ішіндегі татулық пен тыныштықтың салмағы мен бағасы арта түспек.

Қош, сонымен қазақтың қасиетті жерінде өткен ғасырлардан бері сан ұлттардың өкілдерін тағдыр өзі табыстырды. Тарлан тарих тамырластырды. Өткен ғасырдың басынан отызыншы, қырқыншы жылдары Қазақстан жеріне бірталай ұлттардың өкілдері күштеп қоныс аударылды. Сонда ашаршылықтан, қуғын-сүргіннен, одан кейінгі Ұлы Отан соғысынан әбден қалжыраған қазақ халқының бауырлас халықтардың өкілдерін құшақ жайып қарсы алғаны, үйіне паналатып, барымен бөліскендігі өз алдына бір өнегелі тарих. «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» деген. Содан да болар, қасиетті жерімізді өздерінің ортақ Отаны санайтын ұлт пен ұлыстардың қазақ халқына айтар алғыстары шексіз.
1 наурыз – Алғыс айту күнін мерекелеуге арналған аудандағы іс-шаралар легі этнос өкілдерінің фестивалінен бастау алды. «Алғыс айтамыз – Қазақ еліне!» деп ат қойылып, айдар тағылған аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі фестивальдің өтуіне аудандық «Жастар ресурстық орталығы» ұйытқы болды. Оған этнос өкілдері, этномәдени орталықтардың белсенді мүшелері шақырылды.
Халықтар достығын насихаттауға арналған фестивальді аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков ашты.
-Құрметті этномәдени орталық жетекшілері және қонақтар!
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтардағы №173 Жарлығына сәйкес, 1 наурызда елімізде Алғыс айту күні атап өтіледі. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында жыл сайын 1 наурызды барлық этностардың бір-біріне және оларға мейірбандық танытып, өз туғанындай қабылдаған қазақ халқына Алғыс айту күні ретінде атап өтуді ұсынған болатын.
Биылғы жылы Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойы қатар келіп отыр. Қазақстанда Алғыс айту күні – татулық пен келісім саясатының символы. Алғыс айту күнін мерекелеудің барлық алгоритмі басты мақсаттың іске асырылуына – Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігін нығайтуға, қоғамдық келісім, қайырымдылық, әлеуметтік ынтымақтастық пен өзара қолдау көрсету дәстүрлерін дамытуға ықпал етуі тиіс.
Алғыс айту күні мен Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шаралардың мазмұнының ара-жігі ажыратылуы тиіс.
Алғыс айту күні – айшықты мереке. Бұл күн барша қазақстандықтардың бір-біріне және қазақтарға алғысы мен құрметінің, татулығы мен достығының жарқын мерекесі. Бұл – Елбасының салиқалы саясатының нәтижесі, қазақстандық патриотизм мен мәдени әралуандықтың салтанат құрған күні.
Өз кезегінде, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні – өткеннің қайғылы кезеңдері туралы естеліктер, тарихи шындық пен әділдікті қалпына келтіру, өскелең ұрпақты осындай қайғылы оқиғаларды қайталаудан сақтандыру.
Биылғы жылы Алғыс айту күні бесінші рет атап өтіледі. Сондықтан, мерекенің негізгі тұжырымдамалық ережелерін нақты бекітуді, атап айтқанда, қазақстандық баға жетпес құндылықтар – Тәуелсіздікті, елдің бірлігі мен келісімін нығайту, өскелең ұрпаққа татулық дәстүрлерін аманаттауды жалғастыру қажет.
Осы орайда, баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Ауданымызға сіңіріп жатқан еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын,- деді Марат Аманғалиұлы.
Сонымен бірге, фестивальдің ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы Жамбыл облыстық хатшылығына қарасты аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Аманжол Дүрәліұлы Елбасының көрегендігі мен салиқалы саясатының нәтижесінде елімізде ұлтар достығы сақталып отырғанын тілге тиек етіп, қасиетті қазақ жерін мекендеген халықтардың шын ықыласпен қарым-қатынас орнатуына ешқандай кедергі жоқ екендігін баса айтты. Ал «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени орталығының төрайымы, аудандық мәслихаттың депутаты Эсмира Мамедова, одан бөлек, славян, шешен, неміс ұлттық орталықтарының жетекшілері сөйлеп, олар өздері басқарып отырған орталықтардың атынан қазақ халқына алғыс білдіріп, кең-байтақ жері бар, кеңпейіл қазақ халқымен татулықта өмір сүріп жатқандарын мақтанышпен жеткізді.
Фестиваль әрі қарай этномәдени орталықтардың концертіне ұласты. Онда №1, №Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияларының, сонымен бірге, №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқушыларынан құралған топтар қазақ, славян, шешен, өзбек, әзірбайжан, неміс халықтарының ұлттық әндері мен билерін нақышына келтіре орындады.
Шара соңында фестивальға белсене қатысқан этномәдени орталықтардың мүшелеріне аудандық «Жастар ресурстық орталығының» атынан Алғысхаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Таңдаулы материалдар

Close