Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау – мемлекет баса көңіл аударатын өте маңызды мәселе. Біздің міндетіміз – мүгедектігі бар адамдарға қолайлы орта құру екені баршамызға белгілі. Осы ретте, ауданымыздағы қамкөңіл жандарға уақтылы көңіл бөлініп, мемлекет тарапынан қызметтер көрсетілуде. Ауданымызда алты айдың мәліметінше, 1701 мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. Оның ішінде 120 бірінші топтағы, 592 екінші топтағы, 651 үшінші топтағы жан және 16 жасқа дейінгі 325 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы ағымдағы жылдың 23 шілдесіне дейін жеке оңалту бағдарламасы бар мүмкіндігі шектеулі 802 азаматқа сегіз мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Аталған қызметтер бойынша азаматтардың өтініштері қабылданып, мемлекет тарапынан тиісті қызметтер көрсетілуде. Оларға қажетті құралдары, міндетті жеке гигиеналық құралдары жеткізілуде. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет бойынша 68 мүгедектігі бар балаға 1648,8 мың теңге көлемде көмек тағайындалып, төленген. І топтағы 98 мүгедек өтініштері бойынша «Жуалы демеу» корпоративтік қоры мамандарының қызметтерін алуда.
Осы уақытқа дейін 107 азамат еліміздің өңірлеріндегі түрлі шипажайға барып, ем қабылдап келген. Алты азамат облыстық бейімдеу орталығына жыл сайынғы емін қабылдау үшін жіберілген. 89 жалғызбасты қарттарға 14 әлеуметтік қызметкер және 34 мүгедек балаларға сегіз әлеуметтік қызметкер арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Бұдан бөлек, 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық аурумен ауыратын, тірек-қимыл аппараты бұзылған 25 мүмкіндігі шектеулі балаларға оңалту орталығы ұйымдастырылып, мамандар арнаулы қызметтерін ұсынуда.
Мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және олардың белсенділіктерін арттыру мақсатында «Шапағат» корпоративтік қоры арқылы аудандағы 110 мүмкіндігі шектеулі жанға екі инватакси автокөлігі арқылы қызмет көрсетілуде. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «Шапағат» корпоративтік қоры арқылы такси қызметі ұсынылғанына биыл төртінші жыл болыпты. Соның арқасында қамкөңілдер межелі жерге тегін қатынап жүр.
«Шапағат» корпоративтік қорының басшысы Ботагөз Жұматайқызының айтуынша, мұнда 68 процент мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыс істейді. Қор облыста мүгедектер ұйымының қолдауымен ашылған. «Инватакси» қызметі алғаш рет 2010 жылы Тараз қаласында ашылып, алты көлікпен 300 адамға қызмет көрсеткен. Кейіннен Талас, Сарысу, Жуалы аудандарынан да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету үшін «Инватакси» орталығы ашылады. Біздің аудандағы «Шапағат» корпоративтік қорының штатында бес адам жұмыс істейді.
«Инватакси» қызметіне аудандық бюджеттен биыл 11млн 100 мың теңге қаражат бөлінген. Қаражат автокөлік шығындарына, жанар-жағармайға жұмсалып, қордағы жұмысшыларға жалақы ретінде төленуде.
2017 жылы осы саланың ардагері, диспетчер Әсия Оңалбекова ауданымызға алғашқы көлік келгенде бізбен хабарласып, ол туралы газет бетіне мақала жарияланып, көпшілікке әлеуметтік қызметті таныстырған болатынбыз.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың қала ішінде жүріп-тұруына ыңғайлы көлік — «Инватакси» халық игілігіне жарап тұр. «Инватакси» қызметінің жұмыс уақыты дүйсенбіден бастап жұма күні аралығында таңғы сағат 09.00-ден бастап кешкі сағат 18.00-ге дейін. Түскі үзіліс 13.00-ден 14.00-ге дейін. Қазіргі таңда мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы пандусы бар және жалдамалы бір көлік қызмет көрсетеді.
Бұл қызметтің мақсаты – үйінде жүріп-тұруы қиын мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік орындарға тегін жеткізу. Өткен жылы бұл қызметті ауданның 106 азаматы қолданған. Ал, жыл басынан бүгінгі күнге дейін 35 адамға, оның ішінде 26 балаға қызмет көрсетілген.
Диспетчердің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі адамдар арнайы телефонға хабарласып, өздерінің аты-жөнін айтып, қайда баратындарын баяндайды. Жүргізушілер мекенжайға барып, оларды қажетті орындарына жеткізіп салады екен.
-Мейірімді қажет ететін, жаны нәзік адамдармен бірге ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Енді міне, тіршілігім өтініштер қабылдап, мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттілігін өтеу үшін қызмет етудеміз, – деп бастады әңгімесін Әсия Сембекқызы. – «Инватакси» қызметін қолдану үшін арнайы құжаттар қабылданады. Яғни, бізге мүгедектігі туралы анықтама, жеке куәлік көшірмесі, аудандық орталық ауруханадан №27/у формасындағы анықтама және балаларға туу туралы куәлігі мен ата-анасының жеке куәлігінің көшірмесін өткізіледі.
Ұялы телефонға түскен қоңырау қабылданып, тіркеледі. Қызметті алу үшін бір күн бұрын ескертіп, жазылып қою керек. Өйткені, жүргізушілер кейде тек аудан ішінде ғана емес алыс елді мекендерге шығып кетеді.
Қазіргі таңда «Инватакси» қызметін Б.Момышұлы, Көлбастау ауылдарының тұрғындары көп қолданады. Нұрлыкенттен бес бала, Ақбастау, Қарасаз, Т.Дүйсебайұлы, Шыңбұлақ, Тасбастау, Қарабастау ауылдарынан бір-бір баланы сұраныс түскен жағына қарай алып барады.
Аудандағы оңалту орталығына балаларды таңертең әкеліп, кешке үйіне жеткіземіз. Ешкімнің өтініші, сұранысы орындаусыз қалмайды. Барлығына үлгеріп, уақтылы жеткізуге тырысамыз. Жүргізушілерге де алдын ала ескертіліп, баратын бағыттары айтылады.
Біз медицина қызметкерлерімен тікелей жұмыс жасаймыз. Әр ауылда мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасайтын әлеуметтік медбикелер қарастырылған.
Аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен айына 1000 литр жанар-жағармай беріледі. Жүргізушілерге 80 мың теңге көлемінде жалақы төленсе, диспетчерге 60 мың теңге төленеді.
Такси қызметіне тек балалар ғана емес, ересектер де жүгінеді. Түрлі ауруларға ұшырағандар кездеседі. Қызмет алатын балалардың көбісі сал ауруына шалдыққан. Көз жанарынан айырылғандар да, арбаға танылғандар да бар. Олар ешқашан қоғамнан тыс қалмауы керек. Барлығына бірдей қызмет көрсетілуі тиіс. Олардың жандары өте нәзік. Үйде мүмкіндігі шектеулі адамды, баланы бағу оңай жұмыс емес. Сондықтан біз оларға барынша түсіністікпен қарауға тырысамыз, – дейді диспетчер, әрі әлеуметтік саланың ардагері Ә.Оңалбекова.