Qoǵam

Жеңімпаздарды жетелеген жаттықтырушы

Қай сала болсын өзіне тән қиындығы мен жауапкершілігі болады. Өмірде тал бойында төзім мен еңбекқорлық ұялаған жандар ғана жеңіске, абыройға жете алады.
Жоғары санатты жаттықтырушы, талай чемпиондарды тәрбиелеп жүрген Нұралы Бүйенбаевты да сондай жандардың қатарына жатқызуға болады.

Нұралы Жолдасбекұлы жастарды спортқа баулып қана қоймай, жігерлендіріп, рухани күш-жігер беріп, отансүйгіштікке, намысшылдыққа, сергектікке тәрбиелеп жүрген ұстаз.
Нұралы Бүйенбаев 1964 жылы Қызыларық ауылында өмірге келген. Түктібай ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепті тамамдап, қазіргі Жамбыл жоғары политехникалық колледжінде автоматика факультетінде оқиды. Колледжді бітіріп, еңбек жолын Жамбыл суперфосфат зауытында өз мамандығы бойынша маман болып еңбек жолын бастайды. Зауыттағы төрт жылдық еңбек жолында жай маманнан шебер қызметіне дейін көтеріледі.
Кейін бұл жұмыстан шығып, туған ауылына келіп, яғни, 1992 жылы спорт мектебіне жаттықтырушы болып орналасады.
1989-1994 жылдары Тараздағы педагогикалық институтта оқып, диплом алады.
1994 жылы аудандағы, жалпы еліміздегі барлық спорт мектептері жабылады. Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарындағы қиындықтар туралы Нұралы Жолдасбекұлы былай әңгімеледі:
-Мектеп бітірген соң педагогикалық институтқа оқуға түскім келді. Құжаттарымды тапсырдым. Алайда түсе алмадым. Алла қалап, кейін бәрібір пединститутқа оқуға түсіп, сырттай оқып бітірдім.
Жаттықтырушы болып Шақпақата ауылындағы спорт мектебіне тіркеліп, алайда өз ауылымда жұмыс істедім.
Еліміз тәуелсіздігін алып, барлық істі жаңадан бастап, тәй-тәй басқан жылдары барлық салада қиындықтар болды. Қиындықтар спорт саласын да айналып өтпеді. Спорт мектептері жабылып, бәріміз жұмыссыз қалдық. Бірақ, елдің болашағының жарқын болатынына, еліміздің жағдайының түзелетініне сендік. Айлық жалақы алмасам да 10 жыл ауыл жастарына тегін қызмет еттім. Ондағы мақсатым ауыл жастарының уақытын тиімді өткізуіне өз үлесімді қосу болатын.
Спорт зал жоқ. Жаттығуды табылған жерде жасадық.
Алғаш ауылдық клубта жаттығып жүрдік. Кейін оны бір азамат сатып алды да бұзамын, шығыңдар деді бізге. Мен: “Бұзбаңдар, ауыл жастарына керек. Елдің жағдайы осылай қалмайды ғой” деп шырылдадым. Бірақ, ол кісі клубты бұзып, жарамды құрылыс материалдарын алды.
Содан біраз уақыт ауыл кітапханасында жаттығып жүрдік.
Ауылда ескі есік-терезесі жоқ, қоқыс орнына айналған дүкен бар еді. Егесінен сол дүкенді сұрап алып, есік-терезесін салып, ішін тазалап, біраз уақыт сол дүкенде жаттықтық.
Бір күні ауылдың азаматы (Аты-жөні есімде жоқ, Қызылордадан көшіп келген жан еді) Астанаға көшетін болып, үйімді қарап отыршы деген ұсыныс жасады. Мен ол кісіге бірден: “Үйіңізді берсеңіз, мен кейбір қабырғаларын алып, кеңейтіп, әктеп, сырлап, тазалап, спорт зал жасаймын” дедім. Ол кісі келісті. Бізден бір тиын алған жоқ. Алты-жеті жыл сол үйде жаттықтық.
2004 жылы спорт мектептерінің жабылған есіктері қайта ашылып, жәймен жұмыс орындары ашылды. Жағдайымыз жақсара бастады. Осы жылы мен қайта жұмысқа тұрдым. Үмітім ақталып, қатты қуандым,- дейді жаттықтырушы.
2011 жылы Нұралы Жолдасбекұлы шәкірті Айсәуле Тайыр Анталияда өткен әлем чемпионатында қола жүлдегері және Көкшетауда өткен Қазақстан чемпионатында Динара Зиядхан мен Ақерке Дүйсенәлі сынды шәкірттері чемпион атанғандары үшін және тағы да басқа шәкірттерінің жеңісі үшін жоғары дәрежелі жаттықтырушы атағы берілген.
Дидарбек Рәтбек сынды шәкірті Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектепті үздік бітіріп, бүгінде Ақтөбеде әскери Академияда ұшқыш мамандығы бойынша оқуда.
Сондай-ақ, Балнұр, Сезім, Рамазан сынды жеңімпаз шәкірттері бар. Соңғы үздік шәкірттері – Ескендір Тұрғын мен Бексұлтан Боранбек.
Өткен жылы қараша айында Шу қаласында өткен Қазақстан чемпионатында Ескендір 50 келі салмақта, Боранбек 42 келі салмақта күміс жүлдегер атанды. Ал, үстіміздегі жылы 1-6 ақпан аралығында Ақтөбеде өткен 16 облыс спортшылары арасындағы Қазақстан чемпионатында Боранбек Бексұлтан ІІ орынды иеленіп, Азия чемпионатына жолдама алды. Қазіргі таңда жас спортшы жарысқа дайындық үстінде.
-Мықты спортшы болу – көп жастың арманы. Бірақ, көбі жарты жолдан тастап кетеді.
Спортқа шын құмар баланың ынтасы ерекше болады. Оның ептілігі, жылдамдығы, мінезі, еңбекқорлығы бірден байқалады. Табиғатына қарай кейбір бала уақыт өте келе ашылады.
“Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды” деп жерлесіміз Баукең айтқандай, спортта адамға темірдей тәртіп керек. Өмірде спортты таңдадың ба, өзіңді қадірлей, тәрбиелей білуің керек. Әрі қай жағынан болсын сақадай сай болуың тиіс. Физикалық жағынан ғана емес, рухани жағынан да мықты дайындық қажет. Жарыста жеңу мен жеңіліс қатар жүреді. Жеңімпаз болғанда да, жеңілгенде де өзіңді-өзің ұстай білу адамның рухани өресіне байланысты. Жеңіске ұқыптылық пен тиянақтылықтың, еңбекқорлықтың арқасында ғана жетесің. Егер жеткен жетістігіңе, рухани әлемің сай болмаса, абыройың аяқасты болуы бір-ақ сәтте.
Ауылымыздың әкімі Марат Қасымбеков спортқа қатты мән береді. Ауылға әкім болып келе салысымен бізге келіп, “қандай көмек керек?” деп сұрады. Спорт залымыздың алдына заман талабына сай кіші футбол алаңын салып берді.
Ауылымызға жаңа мектеп салынғалы біз ескі мектеп ғимаратында жаттығудамыз. Биыл спорт залымызды күрделі жөндеуден өткізіп, заман талабына сай жасандырып беру жоспарланып отыр. Жалпы қазір спортқа жақсы көңіл бөлініп, бар жағдайды жасауда. Біздің Үкіметке алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Ата-аналар тарапынан да қолдау жақсы.
Спортта қасиетті Жуалы жерінен ауданымыздың ғана емес, еліміздің даңқын шығарып жүрген мықты спортшылар көптеп шығуда. Ол әрине, туған жеріміздің табиғатынан болса керек. Ауылдың жастары атқа мініп, көкпар тартады. Атқа міну жігіттің денесінің мығым болуына көп әсер етеді. Аттың энергиясы бөлінеді. Мінезді, мықты жігіттер осындай таулы аймақтардан көп шығады.
Ауылдағы ағайын көбінесе табиғи таза, сапалы, құнарлы тағамдар тұтынады. Халқымыздың ұлттық тағамдарының да адам денсаулығына пайдасы өте зор. Біз жарысқа барғанда мемлекетіміздің ішінде болсын, шет мемлекетке шыққанда болсын міндетті түрде жылқының еті мен қазысын алып шығамыз. Кейде күнде, кейде аптасына екі рет пісіріп, сорпасына бір кесек ет пен қазы салып спортшыларға береміз. Спортшылар ертесіне көздері оттай жанып, рингке ширап шығады. Біздің жарыста топ жаруымызға ұлттық тағамдарымыздың да үлесі зор.
Сондықтан жарысқа барғанда керемет спорт сарайдан барған қаланың жастары емес, қарапайым ауылдан барған қарапайым жастар чемпион атанып қайтады.
Ауданымызға спортты жан-тәнімен сүйетін азамат, мықты жаттықтырушы Мұхтар Бердімбетов аудандық бокс мектебінің директоры болып келгелі де спортшыларға қолдау жақсарып келеді,- дейді Нұралы Бүйенбаев.
Нұралы Жолдасбекұлы отбасында өмірлік серігі Гүлдария Имбергенова екеуі төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Жұбайы Гүлдария – жеке кәсіпкер. Үш қызы тұрмыста. Кенже қыздары ауылда мектепте 9 сыныпта оқиды. Ал, ұлдары Дінмұхамед Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Отбасында ұлы Дінмұхамед те спортқа жақын.
Міне, ауыл дегенде, ауыл жастары дегенде жүрегінде жақсылықтар бола берсе екен деген тілегі бар және бойындағы бар қасиетін, қажыр-қайратын аянбай жұмсаумен келе жатқан қарапайым ғана жаттықтырушы Нұралы Дүйсенбекұлының игі істері бүгінгі жастарымызға жарқын үлгі.

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close