Qoǵam

Жан дүниесі мығым ұрпақ жат ағымдардың арбауына түспейді

Өзбекстанда уахабшылар қалайша тойтарыс алды?

ХХІ ғасырдағы әлемнің, оның ішінде мұсылман елдерінің жаңаруға, ғылым мен технологияларға ілесуі заман талабы болып табылады. Назар аударарлығы, діни дәстүрлерін қатаң ұстанған Сауд Арабиясы, Иран сынды елдердің өзі бүгінде ғаламдық жаңғыру үдерісіне қарқынды ену үстінде. Соның бір көрінісі, бұл елдердің жастары бетті бүркемелеу, ұзын сақал қою секілді ескіліктің белгілерінен алшақтауда.
Әлбетте, мұнысы діни ұстанымынан қол үзуді білдірмейді, қайта оны уақыт талабына сай жаңғырту мен икемдеуге келіп саяды. Айналып келгенде дін ескілікті дәріптеу ғана емес, қайта алдыңғы буындардың рухани ғибратын заман талабына сай қорытып, кәдеге жарата білуді алға тартады. Керек десеңіз, осындай бірегей қабілетіне бола дін ғасырлар бойындағы өміршеңдігін сақтап, өрісін кеңейтумен келеді. Демек, өркениеттің бірізді дамуын тоқыратуға әуес, бүгін мен ертеңді өткенге ғана бағынышты етпек күштер кәдімгі өмір пәлсапасына қарсы шығып отырғаны айтпаса да түсінікті.
Діннің жасампаз әлеуетінен гөрі оның атын жамылған қауіпті идеологияның етек жаюы, әлбетте, жекелеген мемлекеттің әлсіздігін білдіреді. Әсіресе, аталған жағдай материалдық құндылықтарды алдыңғы орынға шығарып, руханиятқа немқұрайдылық танытқан елдерге тән. Және керісінше, жауапкершілігін жіті ұғынған қоғам дер кезінде әрекеттеніп, зор пәленің алдын алады.
Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы Аbai.kz сайтында осы айтылғандарға дәлел ретінде бүгінгі Өзбекстандағы ахуалды мысалға келтіреді. Ауғанстан мен Тәжікстандағы соғыстың жақындығына, іштегі алуан түрлі діншіл радикалдардың сесіне қарамастан неліктен көршімізде уахабшы атаулылар тойтарыс алды? «Себеп оларды қатқыл түрде басып-жаншуда ғана жатқан жоқ. Мәселе діннің құдіретін дұрыс бағалаған өзбек билігі 1990-жылдардың өзінен-ақ дәстүрлі бағыттағы имам-молдаларына барынша қолдау көрсетіп, жеткілікті түрде еркіндік бере алғанында. Жастарының діни тағылымын шетте емес, өз елінде алуын кешенді түрде қамтамасыз еткенінде. Осының негізінде ондағы дін өкілдері елдің сана-сезімі үшін күресте бүгінгі заман тілімен айтқанда бәсекелестікке қабілетті бола алды. Сонымен қатар ел ағалары ұлттық болмысты жаңғырту, қоғамды өзбектендіру тұрғысынан жалаң ұрандарға салынбай жүйелі шаруаларды тындыра алды. Яғни, сенім мен наным сияқты сезімтал салада тек тыйым салумен шектелмей, балама идеология арқылы қатерлі дерттің жолын кесті» деп есептейді саясаттанушы.
Ендеше кеш те болса, осындай игі тәжірибені Қазақстанда да қолға алғанымыз жөн. Сайып келгенде, Абайды, Шәкәрімді, Мағжанды, Мәшһүр Жүсіпті оқып-білген, қазақ тілі мен мәдениетінен сусындаған, ішкі жан-бітімі мығым боп өскен ұрпақ ешқашан келімсек ағымдардың арбауына түспейді.
Тиісінше кері ағымдардың бой көтеруіне белгілі дәрежеде тәуелсіздік алған жылдары қазақ тілін тежеп, ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына мейлінше қарсыласып, елге жөн сілтей алатын зиялыларды қыспаққа алып келген ресми орталар кінәлі.
ХХІ ғасырда аңқау елге арамза молда болғандығы, рухани тұрғыдан халықтың қорғансыз қалғандығы осының кесірі болар.
Мәселенің келесі тұсы қоғамдағы әділдік пен теңдік секілді құндылықтардың құлдырауымен тікелей байланысты. Әдетте экстремизмге бірінші кезекте буыны қатпаған, ақыл-есі толыспаған жастармен қатар күнделікті өмірде әділдік таппай ашынған, әлеуметтік жағдайының ауыртпалығын көтере алмай күйзелген жандар бейім тұрады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жекелеген елдерде экстремистік қозғалыстардың таралуына анағұрлым икем жерлер ол негізінен алғанда, әлеуметтік-экономикалық ахуалы мүшкіл аудандар мен елді мекендер, мәдениет пен білім ошақтарына кемтар моноқалалар, түрмелер, т.б. Демек, мәселені түбегейлі шешу үшін азаматтардың өмірлік қажеттіліктерін өтеу, жұмыспен, тұрғын үймен, әлеуметтік баспалдақтармен қамту, әркімнің заң алдындағы теңдігін баянды ету, азаматтық құқықтар мен бостандықтарды шектемеу, имандылыққа бет бұру сияқты шаралар қажет.
Саясаттанушының пайымынша, аталған мақсатқа жету бір-екі жылдың ісі емес, әсіресе онысы жылдар, тіпті онжылдықтар бойында ескерілмей келгенін назарға алсақ. Десе де ұзақ мерзімде өркендеуді қамтамасыз ету үшін басқа жол жоқ.

Таңдаулы материалдар

Close