Qoǵam
Қазақтың тойынан тағылым алып жүрміз бе?
«Қазақтың тойы бітпесін, ақ тілек, бата жатталған» демекші, қазақ халқы үшін, әрбір саналы азамат үшін бата-тілектің маңызы аса зор екендігі айқын. Иә, расымен де қазағымның төрінде дүбірлеген ұлан-асыр той болып жатса нұр үстіне нұр. Ал, осы күні тойларда қос қолын жайып жіберіп, жастарға ақ батасын арнайтын қариялардан гөрі, ішімдікке құмар, «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын» алпыстан асса да бірде-бір дұға-тілек білмейтін қарияларды өкінішке орай көріп жүрміз. Осындайда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың:
«Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса бүлк етiп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар», – деп толғаған өлең шумақтары еріксіз ойға оралады. Қоғамда аузы дуалы, орақ тілді, жас буынға аталық өсиетін айтар ақсақалдарың азайып бара жатқандығы жанды ауыртып, көңілді құлазытады. Хош, сонымен қариялар ғана емес, әжелер де «әже» деген атқа лайықты емес секілді кейінгі кезде. Осы ретте даңқты қолбасшы, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен шежіресінің терең білгірі Бауыржан Момышұлының: «Менің үш қорқынышым бар. Біріншісі – бесік жырын айта алмайтын келіндердің көбеюінен, екіншісі – немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбеюінен, үшіншіден – салт-дәстүрін сыйламайтын ұрпақтың көбеюінен қорқамын» деп толғанған сөздері күн өткен сайын ақиқатқа айналып келе жатқандай. Сондай-ақ, батыр Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» атты кітабын оқи отырып, бұрынғылар дәстүрді қалай құрметтегенін көресің. Жалпы бұл кітапта тағылымды дүниелер мол.
Әженің тәрбиесін, өнегелі істерін көріп өскеннен бе, қазір мен көшеден ақ жаулығын ораған, ұзын етек киген, бес уақыт намазын қаза қылмайтын, «тек, олай жасауға болмайды, ұят болады» деп жаман әдет-қылықтардан немерелерін тыйып отыратын әже іздеймін. Өкінішке орай, қазіргі таңда ондай әжелердің қатары сиреген. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Арамызда басынан ақ жаулығын тастамайтын, жыр алыбы Жамбылдың «Сөзімнің басы бісміллә, бісмілләсіз іс қылма» деген ұстанымын жанына серік еткен көнекөз қарияларымыз да баршылық. Айта кетерлігі, қит етсе «беттен алып, төске шабатын», өзім білемдікке салынып, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйламайтын жастар да көбейген. Соның барлығы үлкен кісінің тәлім-тәрбиесін көріп, ұлттық тәрбие бастауынан сусындап өспегеннен деп ойлаймын.
Жуырда ғана екі жастың үйлену тойының куәсі болдым. Той тойлай отырып, ой ойлауға да болады екен. Тойдың «екі тізгін, бір шылбырын» қолға алған асаба жігіт тілек айтатындарды әр ән мен биден соң, ұжымды, туыстарды, нағашыларды жеке-жеке ортаға шақырды. Тілектерін айтып жатқан әрбір қонақтың сөзіне құлақ асып жатқан адам жоқ. Елді аузына қаратып, сөз төркінін жете түсініп тілек пен батасын арнап жатқан адамды да байқай қоймадым. Осындайда сөз қадірінің қашып бара жатқанын көресің. Оны былай қойғанда бата беріп тұрған ақсақалды қария, сөзінің соңында «сол үшін алып қойыңдар» деп қойып қалмасы бар ма?! Қандай өкінішті…
Сонымен тойдың ортасы да болды. Жұрттың бастапқы келген кезімен салыстыруға келмес, қонақтардың арасында «ащы судың» буына елтігендер өздерінің не істеп, не қойып жүргендерін білмейді-ау шамасы.
Осы орайда «Айта берсең сын да көп, сыншы да көп» демекші, той тақырыптарына қатысты толассыз сұрақтарға жауап іздеп көрдік. Кейінгі кезде «қазақтың тойы ысырапшылдыққа алып келеді, құр шашылу» деп айтатындарды жиі естіп жүрміз. Тіпті, БАҚ өкілдері де жарыса айтып, жазып та жүр. Дегенмен, осы бір бей-берекет шашылуға кімдер тосқауыл болады екен деген де ой келеді. Мейлі, ата-ана қашанда өзінің көз қуаныштары баласы үшін немесе қызы үшін дүбірлетіп той жасағысы келеді. Бар жиған-тергенін сол тойға жұмсап, кейбір жағдайы жоқ отбасылар банктерден несие алып та қуанышын атап өтеді. Ақыр соңында қарызданып-қауғаланып, соқыр тиынсыз қалады. Шынында да бұл бізге керек пе?! Ғашықтар бір-бірін сүйіп, адал, ақ некемен бас құрап жатса, осыншама шашылудың не керегі бар?! Бұл жайында кеш болмай тұрып, арты өкінішпен аяқталмай тұрып, жан-жақты ойлануымыз қажет сияқты.
Әлбетте, той – халықтың қазынасы. Қоғамда сүйіншілеп, құтты болсын айтар қуаныштардың көп болғанын халқымыз да теріс көрмейді. «Заманына қарай – адамы» демекші, қазіргі таңда мыңжылдықтардан бері желісі үзілмей келе жатқан құдалық қатынастардың да құны төмендеп барады. Қыз ұзатқан ата-ана алдымен күйеубаланың туыстарын бірінші күтетін үрдіс пайда болды. Бұл – біздің халқымыздың ата дәстүріне жат нәрсе емес пе? Құдды бір қыздарынан құтыла алмай отырғандай. Сондай-ақ той үстінде беташар салтын өткізіп, келіннің бетін ашып өз туған жұртына да көрсетеді. Бұл да ұлттық салт-дәстүріміздің құнын түсіріп жіберді.
Ұлттық салт-дәстүріміздің құндылықтарын жоғалтып алмай тұрғанда, жете ойланып әрекет қылғанымыз жөн болар деген де ой келеді. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, зиянына қарай емес, бекерге аста-төк қылып дүбірлетіп той жасағанша, жастардың болашағы үшін пайдалы іске қаражат төгіп, халыққа қызмет еткеніміз жөн. Негізгі ой мүлде той жасамаңыздар деген пікір емес. Той да керек, бірақ ысырапшылдық пен қарызға батып қалуға жол бермеуіміз аса маңызды… Сіз қалай ойлайсыз, ағайын!
Мақпал СҮЙІНБАЙ,
«Жаңа өмір»