Qoǵam

Картоп ауруларының алдын алу қажет

Картоп – халықтың тұтынатын негізгі азық өнім, ауданымызда егілетін басым дақылдардың бірі. Картоп аурулармен көп залалданатын дақылдардың қатарына жатады. Жылсайынғы көрсеткіштер бойынша көптеген ауру қоздырғыштарының әсерінен өнім жоғалтуы 10-20% пайызды құрап келеді. Картоп аурулары өнімнің түсімін, түйнектердің тауарлық құндылығын төмендетеді, яғни дәмдік сапасы нашарлайды, нашар сақталады. Бұл факторлар көбіне өсімдіктің вегетациялық кезеңдегі өсімдік биологиясына байланысты болады. Яғни осы кезеңде дақылдың ауруларға шалдықпауына ықпал жасау маңызды.
Фитофтороз ауруымен залалданған картоп түйнегі басқа аурулардың жаппай таралуына жақсы жол ашады. Ол тұқымдық материалды еккеннен кейін бактериалды және құрғақ фузариоздық шірік, қара мойнақ, антракноз, ризоктониоз, альтернариоз және т.б. аурулардың жаппай таралуына әсерін тигізеді. Осы аталған картоп ауруларына көп көңіл бөліп, оларға қарсы жүргізілетін іс-шараларды жүргізу қажет.
Әсіресе, профилактикалық іс-шараларды жүргізу маңызды, ол аурулар инфекциясын басу үшін бағытталған. Әдістеме бойынша фитофторозбен залалданған тұқымдық материалды көктемде картопты отырғызу алдында іріктеу жұмыстарын жүргізу қажет.
Картоп дақылында кездесетін әртүрлі ауруларды болдырмау үшін картопты егер алдында, оның түйнегін мына препараттардың бірімен дәрілеу қажет: (1 тонна тұқымға 10-15 литр су) ТМТД 80% с.ұ. 2,1-2,5 кг/тн (фитофтороз, тазқотырдың түрлері, сулы шірік), Фенорам 70% с.ұ. 2,0 кг/тн (ризоктониоз), Максим 025 с.к. 0,3-0,7 л/тн (фитофтороз, ризоктониоз, альтернариоз, қара мойнақ, фомоз, тазқотырдың түрлері), Дитан М-45 с.ұ. 2,0-2,5 кг/тн (ризоктониоз), Фундазол 50% с.ұ. 0,5-1,0 кг/тн (ризоктониоз, фомоз).
Фитофтороз ауруының зияндылық әсерін төмендету мақсатында барлық агротехниканы сақтап, картоп сабағының биіктігі 15-20 см жеткен уақытта профилактикалық өңдеу жұмысын жүргізу керек. Төмендегі фунгицидтердің бірімен өңдеу жүргізу ұсынылады: Браво 500 к.с. (2,2-3 л/га), Ридомил с.ұ. (2,5 кг/га), Ридомил-голд МЦ 68 с.ұ. (2,5 кг/га), Акробат МЦ 69% с.ұ. (2,0 кг/га). 1-ші өңдеуді картоптың алғашқы өсу кезеңінде, 2-ші өңдеуді картоптың даму кезеңінің ортасында, 3-ші өңдеу қажет болған жағдайда жүргізу қажет. Қайтара өңдеу жұмыстарының аралығы 10-14 күн. Улы заттармен жұмыс істеген кезде сақтық ережесінің талаптарын орындаған абзал.

Ақбөпе Көбеева,
ҚР АШМ АӨК МИК «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Жуалы аудандық филиалының фитопатолог маманы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close