Qoǵam

Еленбей кеткен ер Қасым

(Ұлы Отан соғысында ел қорғау жолында басын бәйгеге тіккен гвардия лейтенанты Қасым Ералыұлының рухына арнаймын)

Құрметті оқырман! «Ұлы Жеңіске-75 жыл» айдарымен «Еленбей кеткен ер» тақырыбымен газетіміздің 2019 жылғы 03 наурыздағы №17 санында жарық көрген Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза болған жерлесіміз, гвардия лейтенанты Қасым Ералиев туралы мақалада Қасым Ералыұлы 1945 жылы туған деп қате жазылған. Бұл сөйлемді 1915 жыл деп түзетіп оқуларыңызды сұранамыз.
Редакциядан.

Қасым атамның беріп кеткен кеңесі болар, Полина апам шешесін алып Жуалы жеріне енесі Орынкүл әжем мен қайнысы, менің әкем Әбдәлінің қолына келді. Кешікпей 1942-ші жылдың қыркүйек айының он бесінші жұлдызында оның ұлы Володя да, (Орынкүл әжемнің қойған аты Әбдірәсіл еді) дүниеге келді. Қасым атам үшінші алған ауыр жарақатынан 1943-ші жылдың қараша айының жиырма тоғызыншы жұлдызында госпитальда дүние салғанда гвардия аға лейтенанты шенінде жүзінің күреңкейлігі болмаса, әке қалпынан шыққандай сәби Володяның (Әбдірәсілдің) талпынып қалған кезі еді. Тұлпардан қалған тұяқ алыста қалған әке көңіліне соңғы медеу, отбасына жұбаныш болып өсіп келе жатты…
Әмеңгерлік деген сөздің астары өзге халық түгілі өз ұлтың үшін де сүйкімді естіле бермейді. Желауыз аталас ағайындар ма, әлде қазақы мінезге төселген ауылдастары ма бұл сөздің «қаупі» Полина апама да төніп қалуы ықтимал екенін ескерткен болса керек, «ерден кетсең де, елден кетпе» дейтін аталы сөзге өресі жетпеген ол үйірден бөлініп, іргесін аулақ салуға бел байлады. Ералиевтердің отбасына бәрінен де ауыр соққаны жалғыз немерені алыстатып әкеткені болды.
Уақыт өтіп жатты. Бір атаның екі ошағы арасындағы үзіліп бара жатқан желіні қайта жалғауға жан-тәнімен қолға алған, «Ел жатса да, Елекең жатпаған»,- дейтін азаматтың бірі менің туған ағам Байғали Әбдәліұлы болатын. Сол үзілген желі ақырында 1985-ші жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай мамыр айының тоғызыншы жұлдызында қайта жалғанды. Полина Романовнаның кейінгі қосылған жолдасы Литтау Владимир Иванович те ол кісіден көрген екі ұл, бір қызы да шағын ауылға айналып келе жатқан Ералиевтер әулетіне ниеттес жақын адамдардай іш тартып тұрады. Немерелі болған Владимир Қасымұлының үрім-бұтағы сол үлкен шаңырақтың еркелігі жарасқан төл перзенті Ералы атаның әулеті санайды өздерін. Осының бәрі оған қоса бауырмашыл менің елгезектігім мен кішіпейілділігім, ибалылығым, ерінен ерте қалса да отбасының шырайына шаң жұқтырғысы келмейтін, үлкен шаңырақтың басиесі болған Шырынхан анамыздың арқасы. «Келін ененің топырағынан» дегендей, Көлтөған ауылындағы Орынкүл әжемнің көзін көрген кісілер марқұм Зүбайра, Нұрзада, Күлсара және тағы да басқа апалар: -Нұрғалидың үйіндегі Әлия келін айнымай Орынкүл апама тартқан,- деп отырушы еді жарықтықтар.
Біздің әулет Ұлы Жеңістің 50 жылдық мерекесін атаның қара шаңырағы тұрған, Қасым атамның кіндік қаны тамған Көлтоған ауылында бірге тойлады. Олардың бел ортасында Қасекеңнің ұлы Владимир, немерелері Наташа, кіші Володя, Игорь, шөберелері Карина, Элоналар ата, әке әруағын мақтанышпен еске түсірді.
…Егер кешегі оқ нөсері мен от дауылынан гүл-өмір ерте үзілмесе бір елдің мақтанышы болғандай азамат, Қасым атамызды мен Бауыржан атамның тағдырымен салыстырып айтып отырмын, жүз бес жасқа келеді екен. Болашағынан үлкен үміт күттіргендей жанның мүшел жасы Ұлы Жеңістің 75 жылдық салтанатымен тұспа-тұс келуі де ел басқарып отырған азаматтарға ой салғандай еді. Өйткені, соғыстың алғашқы жылдарында Бауыржан, Қасым сынды азаматтардың әскери шеніндегі қазақ жігіттерінің бірен-саран болғаны анық. Баукеңнің үлкен әскери қолбасшы дәрежесіне жетіп, абырой-атаққа ие болып, еліне аман оралуы пешенесіне біткен бағы, тағдыры тартқан сыйы деп қарасақ, Қасым атамның майдан жолын аға ізімен бастап қыршын жасында мерт болуы соры емес, ол-дағы тағдырдың жазуы шығар. Сонысына қарамастан қысқа ғұмырында елін қорғайтын қаншама жас жауынгерлерді тәрбиелеп үлгерді. Олай болса, елі үшін жанын қиып, заманының, әскери қызметтің зиялы азаматтары қатарына ерте қосылған Қасым Ералиевтың есімі де атаусыз қалмауы керек. Атаусыз қалған да жоқ. Бүгінде Қасым атамыздың қіндік қаны тамған Көлтоған ауылында бұрынғы Кеңес өкіметінен қалған Мельничная көшесі Қасым Ералиев көшесі деп аталады. Кеңес Одағы кезінде біздің колхоз «Путь к коммунизму» аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың біріне жататын. Сол колхоздан қалған жұрнақ «Қасым» шаруа қожалығы деп аталады. Ол шаруа қожалықты Ресейдегі Кострома зооветеринарлық институтын бітірген білікті маман, зооинженер Талғат Қыдыралиев бауырымыз басқарады. Бұл ұжымды Қасым аталарының әруағы қолдап, жебеп-желеп жүрсін деймін. Қасым аталарың тек қана Сиқым руының Жидебай тайпасының атасы емес бүкіл Алаштың, қазақ елінің бұрынғы Кеңес Одағының мақтанышы. Ұрпақ парызы дегеніміз осы да.
Бұл дүниеде адам тағдырынан ауыр не бар екен?! Қасым атамның өмір жолы туралы естігенде осы бір ойлар еріксіз еске түсе береді… Халқымыздың «Орнында бар оңалар» дегенді текке айтпағанына тағы да көз жеткізе түсесің. Он тоғызыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдардың соңына таман дүниеге келген, бұл фәнидің қызығы мен қуанышынан гөрі азабы мен ауыртпалығын, қайғы мен мұңды Орынкүл әжем көп көрген. Ана дүниеге аттанар алдында немерелері мен ерінен жастай қалған келіні, менің анам Шырынханды шақырып алып, аз-маз бақұлдасты.
– Мен бұл дүниеде аз жасадым демеймін. Бірақ өмірден үлкен құсалықпен, арманмен өтіп барамын. Өмірге он бір перзент келтіріп едім, солардың алдында кетуім керек еді. Олай болмады. Ақтық өтінішім, қарағым Қасымнан қалған тұяқ – Әбдірәсіл саяқ болып кетпесе, ұлымның аты өшпесе екен,- деді егіліп.
Бұл кезде әжем жанына жақын тартатын, келешегінен көп үміт күтіп жүрген немересі небәрі он төрт жаста-ақ едім. Қағылез баланың жүрек түкпірінен мына бір әже аманаты берік орын алды. Ол уақыт келе мен үшін үлкен арманға айналды.
Заманға, уақытқа мойынұсынбаған кім бар екен бұл дүниеде? Ералы атам мен Орынкүл әжемнің он бір баласының тоғызы сонау отызыншы жылдардың бас кезіндегі бүкіл ұлтқа зобалаң әкелген ашаршылықта қайтыс болды. Ауыр қаза ата-ананы қатты тұралатып кеткен болатын. Әйтсе де, олар алғыр да албырт болып өсіп келе жатқан ұлдары Қасым мен Әбдәлінің тірі қалғанына шүкіршілік етіп жүретін. Қасым ата соғыс басталған кезде Армия қатарындағы әскери борышын өтеп келген запастағы офицер еді. Бітімі мен тұлғасы бөлек, ауылдың атағын алысқа шығаратын, жанып тұрған жігіт Ұлы Отан соғысының алғашқы қүндерінен майданға шақырылып, алғашқы кезде Пермь облысындағы Соликамск қаласындағы сержанттар даярлайтын училищеде дәріс берді. Бұл кезде офицер шеніне көтерілген бүтіндей оқу орнында сабақ беретін білікті де білімді азаматтар қазақ жігіттері арасында санаулы-ақ болатын.
Осында Ленинградтан эвакуацияланып көшіп келген орыс қызы Полинамен көңіл жарастырды. Екеуі үйленгеннен кейін төрт айдан соң Қасым Ералиев майданға, алғы шепке аттанды. Әскери даярлықтан өтіп, әбден шыңдалған ержүрек жігіт, гвардия аға лейтенанты танкіге қарсы оқ ататын мотоатқыштар ротасының командирі болып ұрысқа кірісті. Бұл бір мың тоғыз жүз қырық екінші жылдың сәуір айы еді. Мотоатқыштар ротасында болу деген – сәт сайын ажал аузында тұру деген сөз. Ал, оның командирі болу қиынның қиыны екені сөзсіз. Қасым атам жұбайы Полинаны анасымен бірге өзінің туған ауылы Көлтоған ауылына жіберді. Сағынышты хаттар шағын ауылға сарғайтып майданның әр түкпірінен сирек болса да келіп жатты. Соңғы үшбұрышты хаты бір мың тоғыз жүз қырық үшінші жылы күзде жетті. Гвардия аға лейтенанты бұл хатында ауыр жараланып госпитальға түскенін, айықса қайтадан шабуылға шығатынын хабарлапты.
Майдангердің анасы Орынкүл мен жұбайы Полина, інісі Әбдәлі оның амандығын тілеп, ақ тілеу арманмен күн кешті. Осы кезде дүниеге Қасым атамның ұрпағы келді. Анасы Орынкүл оның атын Әбдірәсіл қойды. Түр-тұлғасы Қасым атама көбірек ұқсайтын майдангер тұяғы әулеттің қуанышы мен тірегі де күн санап өсіп келе жатты.
Кенет…кенет… Бұл үйдің шаңырағына бір-ақ күнде жай түскендей болды. Майданнан «Қасым қайтыс болды» деген жаманат хабар жетті. Жаманшылық пен өлімді көп көріп, жүрегі әбден шайлығып қалған Орынкүл әжеме бұл өте ауыр тиді. «Енді жеттім бе, шын ба, өтірік пе» деп отырғанда мына Қасымнан қалған тұяқтан да айырылып қалмақ па. Қайғының қара бұлты қанша үйіріліп қабырғаларын қайыстырып тұрса да Әбдәлі екеуіне иығымен көтерді.
Соғыс бітті. Полина ел қатарлы Сталин колхозында сауыншы болып еңбек етті. Әбдірәсіл де құлдыраңдап шауып, бал қылығымен отбасына көрген бар қиындықтарын аракідік ұмыттырып жібереді. Ағасының «көзін» әсіресе, Әбдәлі ессіз жақсы көреді. Мойнына көтеріп алып, ертелі-кеш соның қас-қабағына қарайды. Інісіне талай тақпақ та үйретті.
Арада жеті жыл да өте шықты. Ауылдағы «пыш-пыш» жата ма? Ерінің қайтыс болғанына алғашқы кезде сенбей жүргенімен, Полинаның кейін көзі жете бастады. Кейбір желауыздар «сені қайның Әбдәлі әмеңгерлікке алайын деп жүр» деп те гуілдетті. Қанша дегенмен ұлты бөлек, діні бөлек жанға осы сөздердің әсері тиді ме, Полина ұлын алып көшіп кетті. Өскен ортасын, аялаған апасы мен Әбдәлі ағасын қимай көзі жәутеңдеп, жылап бара жатқан Әбдірәсілді ұмыта алмай олар ұзақ уақыт есеңгіреп қалды. Ералы әулетінің тағы бір түтіні өшкендей болды.
Көп ұзамай Полина Владимир Литтау деген азаматқа ерге шықты. Соған қарамастан Әкеміз інісіне жиі барып тұрды. Анасы ұлының атын Владимир деп өзгертіп алыпты. Володя (Әбдірәсіл) ауылға анда-санда келіп тұрады. Келген сайын Әкем марқұм оның асты-үстіне түсіп, шамасы келгенше сыйлық әперіп жіберетін. «Әскерден келген соң сені оқытамын. Қазақ қызына үйлендіремін» деп армандайды екен. Алайда, ол арманына жете алмады. Володя әскерде жүргенде ауылда зоотехник болып істеп жүрген әкеміз өмірден озып кетті. Әкемізден жесір қалған жеті бала-шағамен анамыз Шырынхан, жас балалары Әбуғали, Байғали, Нұрғали, Орынбасарға, қыздары Толысжан, Айғаным, Бибіхандарға тұрмыс тауқыметін жеңу оңайға түскен жоқ. Тұрмыс тауқыметі жер шалғайлығы оларды алыстатып жіберген болатын. Бұл әсіресе, Орынкүл әжемізге қатты батып жүреді екен.
Әйтсе де, әже аманатын немерелері ұмытпады. Бір мың тоғыз жүз сексен бесінші жылдың мамыр айының тоғызыншы жұлдызы. Ералы әулетінің күтпеген жерден «өшкені жанып, өлгені тірілгендей» боп, бір-ақ күнде мәре-сәре болды да қалды. Байғали Жеңіс күні ауылға Владимир-Әбдірәсілді ертіп келіпті. Бұлар біраз бой жазған соң, үй-ішімен Володяны ертіп Әкемнің зиратының басына келдік. Володя бұл кезде Жамбылда тұрып, химия зауытында жұмыс істеп жүрген екен.
Зираттағы белгіні, ондағы жазуды оқыған Володя оны құшақтай алып өкіріп жылады. Ол да ет пен сүйектен жаралған пенде емес пе? Бәлкім, осы сәт оның алдына Әбдәлі ағасының өзін шексіз жақсы көретіні, ұдайы мойнына қөтеріп жүретіні, жасаған жақсылықтары есіне түскен шығар.
– Әбдәлі аға! Сен тірі болғанда мен де ауылда тұратын едім. Қазақ тілін де ұмытпас едім…

(Жалғасы бар)
Нұрғали ЕРАЛИЕВ,
Майдангердің немере інісі.
Б.Момышұлы ауылы
(суретте Қасым Ералыұлы)

Таңдаулы материалдар

Close